Рудный тау-кен технологиялық колледжінде электрослесарь және электромонтер мамандықтары бойынша топтар қалай жасақталуда?
Рудный тау-кен технологиялық колледжінде электр саласына қажетті білікті мамандарды даярлау бағытында жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізілуде. Колледжде электромонтер және электрослесарь мамандықтары бойынша білім беру соңғы үш жылда тұрақты түрде дамып, өндіріс пен білімнің өзара ықпалдастығын нақты іс жүзінде дәлелдеп отыр.
Өндірістік оқыту шебері Ерболат Уалиханның айтуынша, бұл мамандықтар колледжде үш жыл бұрын ашылған. Алғашқы жылы электрослесарь мамандығы бойынша топ құрылса, кейінгі екі жылда электромонтер мамандығы да қатар ашылған. Қазіргі таңда әр оқу жылында бір қазақ және бір орыс тобы жасақталады. Әр топта 25 студенттен білім алады. Осылайша бір қабылдауда 50-ге жуық болашақ электр маманы даярланады.
– Колледжде теориялық білім мен практикалық машық қатар беріледі. Оқу үдерісінде арнайы пән оқытушылары теориялық білім берсе, өндірістік оқыту шеберлері тәжірибелік дағдыларды қалыптастырады.
Бірінші курс студенттері негізінен колледж шеберханасында білім алады. Мұнда олар электр схемаларын құрастыруды; қауіпсіздік техникасы ережелерін; паяльникпен жұмыс істеуді; электр жабдықтарын монтаждау негіздерін меңгереді, – дейді Ерболат Ерхасынұлы.
Кабинетте 14 жұмыс орны бар, арнайы стендтер орнатылған. Студенттер сол стендтерде электр схемаларын жинап, тәжірибе жүзінде дағдыланады.
Екінші және үшінші курстарда дуалды оқыту жүйесіне басымдық беріледі. Яғни, оқу уақытының 70–80 пайызы өндірістік тәжірибеге арналады. Бірінші курста аптасына екі күн теория, екі күн практика ұйымдастырылса, екінші курста студенттер 5–6 ай өндірістік практикаға жіберіледі. Үшінші курста бұл мерзім 7–8 айға дейін ұзартылады.
Колледждің 5–6 тұрақты әлеуметтік серіктесі бар. Студенттер өндірістік тәжірибеден Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі (ССКӨБ), «Рудный Соколов Строй», «ERG Service» секілді ірі кәсіпорындарда өтеді.
Өндірісте студенттер нақты жұмыс үдерісіне араласып, бригадалар құрамында еңбек етеді. Әдетте олар 5–6 адамнан топқа бөлінеді. Практика барысында қауіпсіздік талаптары қатаң сақталады: арнайы жұмыс киімі, қолғап, бас киім және басқа да қорғаныс құралдары беріледі.
Колледжде WorldSkills стандартына сәйкес жабдықталған арнайы кабинеттер бар. Мұнда күрделі электр схемаларын жинау, заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылған. Студенттер колледжішілік, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Бірінші, екінші, үшінші орындар колледж қоржынына тұрақты түрде түсіп келеді.
2024 жылы колледжге оқуға түскен екінші курс студенті Жарасқан Ермекбаев бұл мамандықты саналы түрде таңдағанын айтады.
– Электрик мамандығының болашағы зор деп ойлаймын. Қазіргі таңда кез келген салада электр мамандары қажет. Үй жағдайында да, өндірісте де бұл – сұранысқа ие мамандық. Екі жыл ішінде теориялық біліммен қатар мол тәжірибе жинадық. Бірінші курста шеберханада схема жинап үйрендік. Екінші курста бес ай өндірісте болып, нақты жұмыс жағдайын көрдік. Колледжде білікті мамандар сабақ береді, шәкіртақы мен тегін тамақ қарастырылған, барлық жағдай жасалған, – дейді ол.
Студенттер практиканың маңыздылығын да ерекше атап өтті. Олардың айтуынша, теорияда схема қалай белгіленетінін, қалай сызылатынын үйренсе, практикада сол схемаларды өз қолымен құрастырып, нақты құралдармен жұмыс істейді. Өндірісте жұмыс барысында үлкен жауапкершілік сезіледі.
– Болашақта жоғары оқу орнына түсіп, білімімді жалғастырып, ірі кәсіпорында жұмыс істеуді жоспарлап отырмын. Бұл мамандықтың қоғам үшін маңызы зор. Жарықсыз өмір жоқ. Қазіргі техника, көлік, өндіріс – барлығы электр энергиясына тәуелді. Сондықтан электрик мамандығы әрқашан қажет болады, – дейді студенттердің бірі Байзақ Елдосов.
Колледж түлектері электрослесарь мамандығы бойынша мектептерде, зауыттарда, түрлі кәсіпорындарда жұмыс істей алады. Ал электромонтерлер қосалқы станцияларда, электр желілерінде, ірі өндірістік нысандарда қызмет атқарады.
Өндірістік оқыту шеберінің айтуынша, тәжірибеден белсенді өткен, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын студенттер жұмысқа тез қабылданады. Қазіргі таңда бұл мамандықтар еңбек нарығында сұранысқа ие және жалақы деңгейі де жоғары.
Рудный тау-кен технологиялық колледжінде электр мамандарын даярлау ісі теория мен тәжірибені тиімді үйлестіру арқылы жүзеге асырылуда. Дуалды оқыту жүйесі, заманауи материалдық база, өндірістік серіктестермен тығыз байланыс және WorldSkills стандарттарына сай дайындық – мұның барлығы студенттердің кәсіби бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді.
Бүгінде электр мамандығы – заман талабына сай, болашағы бар, қоғам үшін аса маңызды кәсіп. Колледж ұжымы осы бағытта білікті кадрлар даярлауды табысты жалғастырып келеді.
Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО