Дала даналығының тұяғы

Рудныйлық жұмбақшы қарияның сиқырлы дәптерінде не жасырулы?

Қазақ халқы үшін қария – тек жасы үлкен адам емес, ол – өткен мен бүгіннің алтын көпірі, салт-дәстүрдің сақтаушысы, білім мен парасаттың қайнар көзі. Рудныйда өзіндік қолтаңбасымен, ақ батасымен және ойлы жұмбақтарымен дараланып жүрген Сүндет атамен сұхбатымыз үлкен бір өмір мектебінің есігін ашқандай әсер қалдырды.

Кездесуде атамыз өзінің қолжазбаларын көрсетті. «Би-шешендер туралы жазылған «Асылдар сөзі» бұл. Ал жұмбақтарды бөлек жаздым», – дейді ол. Сүндет ағаның әрбір жазуы меруерттей тізілген, ескі мектептің ұқыптылығы сезіледі. Бұл – тек жұмбақ емес, оның оқушыларға, студенттерге және өз ұрпағына қалдырған аманат-сыйы.

ТАУЕЛІБАЙ – ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ ТУҒАН ЖЕР

Сүндет атаның әңгімесі алыста қалған балалық шақтан, Өзбекстанның Қызылқұм алқабындағы Тауелібай өлкесінен бастау алады. «Тауелібай» деген атаудың өзінде үлкен мән жатыр: Тау, Елі және Бай. Бұл – тау бөктерінде мал шаруашылығымен айналысқан, төрт түлігі сай, пейілі кең халықтың мекені.

– Балалық шағым оңай болған жоқ. Әкем ерте кетіп, шешем басқа кісіге қосылды. Үш ағайынды едік: ағам 72 жасында, қарындасым 50 жасында бақилық болды. Өмірдің ащы-тұщысын ерте таттық. Қаршыға жеңгең (атамыздың өмірлік жары) екеуміз алты бала сүйдік: үш қыз, үш ұл. Бірақ Қазақстанға келген соң екі ұлымнан айырылып қалдым. Ортаншы ұлым жүрек ауруынан, кішісі бауыр дертінен кетті… Олар 35-36 жастағы жігіттер еді. Қазір, шүкір, кемпірім екеуміз балалар мен немерелердің қызығын көріп отырмыз, – дейді қария.

Сүндет ата – білімнің қадірін білетін жан. Ол әдебиет пен қазақ тіліне деген сүйіспеншілігінің арқасында Ташкенттегі институтқа (қазіргі университет) оқуға түседі. Қазақ тілі мен әдебиеті факультетін оқып бітіріп, өмірінің 40 жылын ұстаздыққа арнады.

– Ал осы ұстаздық жолды қалай таңдадыңыз?

– Қазақ тілі мен әдебиетін жаныммен сүйдім. Өлең-жыраулардың рухымен өстім. Содан Ташкенттегі Низами атындағы мемлекеттік педагогикалық институтқа (қазіргі университет) қазақ тілі мен әдебиеті факультетін сырттай оқып бітірдім. 20 жыл оқу ісінің меңгерушісі, 20 жыл мұғалім болдым. Мектептегі әр күнім қызық еді.

Бірде екінші сынып оқушыларына әдебиеттен сабақ беріп жатқан кезімде бір қызық оқиға болды. Сыныпта 15–16 оқушы оқиды. Сол кезде мен балаларға Сәкен Сейфуллиннің «Сыр сандық» деген өлеңі бар дедім. Соның басы жұмбақталған, соны табу керек дедім. Өлеңнің жолдарын оқып беріп, «Бұл не?» деп сұрадым. Бірақ оқушылардың ешқайсысы жауап бере алмады. «Сәкен Сейфуллин сендерге нені айтып жатыр?» деп тағы да түсіндіруін сұрадым. Сонда да ешкім нақты жауап айта алмады. Содан кейін өзім түсіндіріп бердім. «Сыр сандық деп отырғаны – кітап» дедім. Өйткені кітапты ашпасаң, ол сол күйінде жабық қалады. Ішіндегі сыр да, қазына да көрінбейді. Ал адам қолына алған соң, еріксіз ашып қарайды. Сол кезде ғана сыр пернесін басқандай боласың, ішінен түрлі қызық оқиғаларды, білімді табасың. Балаларға: «Міне, ақын сендерге кітапты оқыңдар, ашыңдар, ішіндегі сырды түсініңдер деп отыр» деп түсіндіргенім әлі есімде.

«ЕЛІҢЕ ҚАЙТ, ҚАЗАҚ!»

2013 жыл Сүндет атаның отбасы үшін бетбұрыс кезең болды.

– Бізде Өзбекстанда шаруашылық құлдырай бастады, жоқ бола бастады. Шаруа бірте-бірте құри бастады. Шаруашылыққа көңіл бөлінбеді. Негізі біз мал шаруашылығымен айналысатын едік. Сол құрығаннан кейін адамдар да бірте-бірте көше бастады.

1991 жылдан бастап көшу күшейді. Сол жылы қазақстандық газетте «Еліңе қайт, қазақ» деген үлкен мақала шықты. Бір-екі бетті алып жатқан мақала еді. Көпшілік соны оқыды. Содан кейін ел ішінде қозғалыс басталды – жұрт ата жұртқа бет бұра бастады. Көш басталған соң, ауылдағы тіршілік те өзгерді. Мектептер қысқара бастады. Өйткені бала азайды. Мектепте оқушы жоқ болған соң, бұрынғыдай оқу да болмай қалды. Сөйтіп-сөйтіп, ауылдар босап, ақырында адам азайып кетті. Балаларымыз да осы жаққа көшіп кетті. Үшеуі де Қазақстанға келді. Сосын біз де олардың артынан көшіп келдік. Осы жаққа келіп, жайғастық.

Негізі біздің түп-тамырымыз да осы жақтан ғой. Баяғы аласапыран замандарда, ашаршылық кезінде, одан да бұрынғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғаларында ел үдере көшіп, бір бөлігі сыртта қалып қойған. Кейін де әр кезеңде көшкендер болды.

Ал Тәуелібай деген жердің өзі негізі Қазақстанның жері болған. 1928 жылы шекара бөлінген кезде, Өзбекстанға жақын болған соң, сол жаққа беріп жіберген. Үш аудан – Тамды, Үшқұдық және тағы бірқатар өңірлер солай кеткен, – деп түсіндірді Сүндет Ұбайұлы.

Бұл – тәуелсіз Қазақстанның аспаны астында ұрпақ жаюды көздеген ұлттық сананың жеңісі. Бүгінде қариямыз Қостанай жерінде, Қашар мен Рудный атырабында құрметті ақсақал ретінде танымал.

Сүндет атаның тағы бір қыры – оның ақындығы мен батагөйлігі, жұмбақ жасыруы. Ол Қостанайға келгеннен кейін түрлі бата жарыстарына қатысып, үнемі бірінші орындардан көрініп келеді. Оның баталары жаттанды сөздер емес, жаңа заманға лайықталған, адамның ойын қозғайтын шынайы тілектер.

2013, 2015, 2024 және 2025 жылдары өткен облыстық, қалалық жарыстарда ол 40-тан астам қатысушының ішінен суырылып шығып, бас жүлдені иеленді. Оның айтуынша, бата беру үшін де үлкен білім мен таза жүрек керек. Мешіттерде, мәдениет үйлерінде өткен бұл жарыстар Сүндет атаның беделін одан ары асқақтата түсті.

ЖҰМБАҚТАР ӘЛЕМІ

Сүндет атаның қолындағы «дәптер» – оның баға жетпес байлығы. Жұмбақтарды ол еш өз ойынан, өмірлік тәжірибесінен құрастырады. Дәптерінде 17-ге жуық ерекше жұмбақ бар. Олар тек балаларға ғана емес, үлкендерге де ой салады.

– Жұмбақтарыңыздың басты ерекшелігі неде?

– Менің жұмбақтарым – «өз өнімім». Қолдан қағаз бетіне түсіріп, көркемдеймін. Содан солай атаймын. Көбіне табиғат, ұлттық тағамдар, тұрмыс заттары туралы. Мысалы, ақша туралы жұмбағым бар. «Екіге бөлсең – қызыл, беске бөлсең – жасыл, онға бөлсең – сары» десем, көбі таппай қалады.  Ескі тағамымыз бар, оны да жұмбаққа қостым. Балаларға, жастарға ой салсын деймін.

Сүндет атаның жұмбақтары, шын мәнінде, терең мазмұнға құрылған, танымдық мәні зор дүниелер. Әсіресе, қазіргі жастар ғана емес, ересектердің өзі біле бермейтін ұғымдар мен атауларды астарлап жеткізуі – оның шығармашылығының басты ерекшелігі. Жұмбақтардың мазмұнына зер салсаңыз, қазақтың тұрмыс-тіршілігі, ұлттық тағамдары, табиғатқа деген көзқарасы, дүниетанымы айқын көрініс табады. Әрбір жұмбақ – тек бір жауапты талап ететін сұрақ емес, ол – тұтас бір мәдени код. Оны шешу арқылы оқырман қазақтың тілі мен ділін, салт-дәстүрін тануға мүмкіндік алады.

Автордың басты мақсаты – ұмыт қалып бара жатқан ұлттық құндылықтарды жаңғырту. Ол үшін ол жұмбақты құрал ретінде тиімді пайдаланып отыр. Себебі жұмбақ – ойландырады, іздендіреді, салыстыруға үйретеді. Ал мұның бәрі – білімге бастар жол. Осы тұрғыдан алғанда, кейіпкердің жұмбақтары – қарапайым сөз ойыны емес, мазмұны терең, тәрбиелік мәні зор, нағыз білімге жетелейтін дүниелер деуге толық негіз бар.

Оқырман құлағына алтын сырға: алдағы уақытта газеттің бейсенбі күнгі санында қарияның бір-бірден жұмбағы тұрақты түрде жарияланып отырады. Жұмбақтардың шешімін табу арқылы білімдеріңізді сынап қана қоймай, ұлттық дүниелермен тереңірек танысуға мүмкіндік аласыздар.

Атамыздың тек бір жұмбағын жауабымен бірге алдарыңызға ұсынамыз:

Биікті мекен еткен, орнын тауып,

Адамға төндірмеген, ешбір қауіп.

«Түзетер бағытыңды», – деген қазақ,

Аман-сау барады екен, елін тауып.

Темірқазық: Бұл жұмбақ арқылы ол адасқан жолаушыға жол көрсететін жұлдызды ғана емес, өмірлік бағыт-бағдарды да меңзейді.

Сүндет ата жұмбақтарды мектептерге барғанда оқушыларға айтады. «Мұғалімдердің өзі шеше алмай қалады», – деп жымиып қояды ол.

Кейіпкеріміздің жастарға айтар ақылы мол. Ол бүгінгінің балаларын телефонға телмірмей, кітап оқуға шақырады.

– Дәрігер болсаң да, мал дәрігері болсаң да, білімді кітаптан ізде. Табиғатты сүй, отанды сүй. Біздің шекарамыз үлкен, оны қорғау үшін білім керек, – дейді ол.

Ұлттық киім киюді, қыздардың шаш өріп, шашбау тағуын, жігіттердің ұқыпты киінуін қалайды. Ол үшін сыртқы сұлулық – ішкі мәдениеттің айнасы. Оның өмірлік үш қағидасы: Адалдық, Адамгершілік және Жақсылық жасау. Осы үшеуі болса, адам бақытты болады деп есептейді.

Сүндет атамен қоштасар сәтте ол тағы да бір батасын беріп, өзінің қолжазбаларын көрсетті. Ол компьютердің көмегінсіз, әрбір әріпті маржандай тізіп, өз қолымен жазғанды ұнатады. «Бұл – естелік, бұл – менің жүрегім», – дейді ол.

Сүндет ата – қазақтың бай тілін, тектілігін және даналығын бойына сіңірген тұлға. Оның жұмбақтары шешуін тапқан сайын, біздің де ұлттық болмысымыз түлеп, жаңғыра түсетіні анық. Осындай қазыналы қарияларымыз аман болса, еліміздің болашағы да жұмбақсыз, ашық болмақ.

Ал, құрметті оқырмандар, ендігі кезек сіздерде. Келесі жұмбақты сіздердің зерделеріңізге ұсынамыз. Шешімін таба аласыз ба?

Ойланып көр: жұмбақты шешем десең,

Болмаған адамзатқа, ешбір бөтен,

«Бұлт сияқты зат асты, заһар бар», – дейді,

Шешуін бұл жұмбақтың, тауып көрсең.

Жауап нұсқаларын мына байланыс нөмірі арқылы жолдай аласыздар: +7 747 034 3713.

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ

суретті түсірген автор