Ортақ іске кімдер үлес қосуда?

«Таза Қазақстан»: Рудныйдағы жаппай тазалық эстафетасы

Еліміз бойынша қанат қаққан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Рудный қаласында да кең құлаш жайды. Сәуірдің бірінен бастау алған жалпықалалық сенбіліктер легі әр аптаның сәрсенбісі мен бейсенбісінде тұрақты түрде өтіп тұруда.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қала көшелері мен қоғамдық орындарды қыс бойы жиналған қоқыстан арылту ісіне жергілікті билік өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер мен түрлі мекеме ұжымдары білек сыбана кірісіп кетті.

Тазалық жұмыстарының ауқымы өте үлкен. Қалалық әкімдіктің 8 сәуірдегі мәліметіне сүйенсек, абаттандыру іс-шараларына 42 ұйымнан 460 қызметкер қатысқан. У-шуға толы қызу жұмысқа 12 бірлік арнайы техника, оның ішінде 8 самосвал мен 4 жүк тиегіш жұмылдырылып, нәтижесінде ТҚҚ (тұрмыстық қатты қалдықтар) полигонына 240 тонна қоқыс шығарылған. Алдыңғы аптаның сәрсенбісінде ғана басталған алғашқы лекте мыңға жуық адам атсалысып, шамамен 300 тонна қалдық шығарылғанын ескерсек, бұл – орасан зор еңбек. Негізгі тазалау нысандары ретінде Фрунзе көшесі бойындағы жыралар мен Орталық әмбебап дүкені (ЦУМ) және №8 жаңа мектеп аралығындағы 11-шағынаудан аумағы таңдалып алынды.

Фрунзе көшесіндегі ойпатты аумақты тазалау оңай шаруа емес. Мұнда Рудный қаласы әкімдігінің Ахуалдық орталығының ұжымы басқа да ведомстволық ұйымдармен бірлесе жұмыс істеуде.

– Бүгінгі таңда осы Фрунзе көшесіндегі жыраны тазалауға барлық мемлекеттік және ведомстволық мекемелерден 50-60-қа тарта қызметкер шықты. Біздің мекеме тәулік бойы ауысыммен жұмыс істейтіндіктен, барлық қызметкерді тарта алмаймыз, сондықтан мен басшы ретінде және орынбасарым – талдаушы маман екеуміз келіп отырмыз, – дейді ахуалдық орталықтың басшысы Гүлмира Кенжетаева.

Ол осы лауазымда үш жыл қызмет етсе де, қала тазалығына үлес қосу үшін сенбілікке жыл сайын үзбей шығатынын айтты. Гүлмира Кенжетаеваның сөзінше, көктем келіп, қар ерігеннен кейін көрініс көңіл көншітпейді. Аумақта тұрмыстық қалдықтармен қоса, құрылыс қоқыстары да шашылып жатыр.

– Өткен аптада да осы аумақты тазаладық. Адамдардың жеміс-жидек қабықтарын, тіпті балалардың жөргегіне дейін сайға әкеп тастайтынына қайран қаласың. Қоқыс жәшігіне дейін жеткізу қиын ба? Әсіресе, көпір жақта қара пакеттермен үйіліп жатқан қоқыс көп, – деп қынжылысын білдірді ол.

Сенбілікке қажетті құрал-саймандарды қалалық Мәдениет және демалыс саябағының директоры Гүлнара Нүркенова арнайы ұсыныпты. Дегенмен, тер төгіп жатқан жұмысшыларға өтіп бара жатқан тұрғындар тарапынан ешқандай көмек немесе қызығушылық байқалмаған.

– Барлық тұрғындарды өз қаласына жанашыр болуға, қоқыс пакеттерін ТҚҚ тұрағына дейін жеткізуге шақырамын. Балаларды тәртіпке баулып, осы қаланы тазалап жүрген өзге адамдардың еңбегін бағалауды үйретуіміз қажет, – деп түйіндеді Кенжетаева.

ТҮКШ не дейді?

Рудный қаласы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТҮКШ) бөлімінің басшысы Юрий Итемгеновтің сөзінше, акция мамыр мейрамдарына дейін жалғасып, қаланы толықтай қалыпқа келтіру көзделген. Бастапқыда мекемелер өздеріне іргелес аумақтарды қардан кейінгі шашындыдан тазартса, енді кезек күрделі учаскелерге – сай-салалар мен жыраларға келген.

Сенбілікке Мәдениет, Тұрғын үй қатынастары, Жер қатынастары және ТҮКШ бөлімдерінің қызметкерлері түгелдей жұмылдырылған. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге де өз дүкендері мен нысандарының маңын тазалау туралы хабарламалар жіберілген.

– Әзірге ауа райы түнде минус болып тұр. Күн жылынған соң тек қоқыс жинаумен шектелмей, қасбеттерді сырлау, жаңарту жұмыстарын да қолға алуға шақырамыз, – дейді бөлім басшысы.

Юрий Владимировичтің сөзіне сенсек, халықтың экологиялық мәдениеті әлі де ақсап тұр.

– Адамдар әлі де ластауды жалғастыруда. Негізгі қоқыс – ішіп алып лақтыра салған сыра, арақ бөтелкелері мен полиэтилен пакеттері. Ағаштарға қарасаңыз, біздің қолымыз жетпейтін биіктікте ілініп тұрған пакеттерді көресіз. Тұрғындар өте марқау. ПИК (Пәтер иелері кооперативі) мен МИБ (Мүлік иелерінің бірлестігі) чаттары арқылы аулаларды, балалар алаңдарын тазалауға үндеу тастап жатырмыз. Бұл – біздің қаламыз, біз өзіміз ластаймыз, өзіміз жинамасақ, сырттан ешкім келіп тазалап бермейді. Мәдениетсіз біз алысқа бармаймыз, – деп түсіндірді ТҮКШ бөлімінің басшысы.

Қаланың екінші бір бұрышында – 11-шағынауданда да қызу жұмыс жүріп жатыр. Бұл Ленин көшесінен Студенттер даңғылына дейінгі, дәлірек айтқанда, ЦУМ мен жаңа №8 мектеп аралығындағы аумақ. Мұнда болашақта заманауи, креативті балалар ойын-сауық орталығы мен аттракциондар бағын ашу жоспарланған. Сондықтан аумақты алдын ала абаттандырып, дайындау – басты міндет.

Бұл учаскеде Рудный қаласы әкімі аппаратының, Ішкі саясат бөлімінің, Ахуалдық орталық пен Жастар ресурстық орталығының 50-ден астам қызметкері жұмыс істеуде. Қала әкімі аппаратының басшысы Жанна Джамбурчинаның айтуынша, сенбілік дәстүрлі түрде сәрсенбі және бейсенбі күндері түстен кейін сағат 14:00-ден 18:00-ге дейін өтеді. Құрал-саймандардың (тырма, сыпыртқы, қап, қолғап) барлығы мекемелердің өздерінікі.

– Жұмыс қанша қауырт болса да, барлық қызметкерлер бұл бастаманы қуана құптап, көтеріңкі көңіл күймен шықты. Себебі өз үйіңдей болған қалаңның таза тұрғаны бәрімізге жағымды. Бұл аумақ – адамдар көп жүретін транзиттік жол болғандықтан, тұрмыстық қалдықтар, бөтелкелер кездеседі. Бірақ өтіп бара жатқан тұрғындар тарапынан тек алғыс естиміз, ешқандай негатив жоқ, – дейді Жанна Ерманқызы.

Аппарат басшысы өткен жылдармен салыстырғанда оң динамика бар екенін де жасырмады:

– Осыдан 10 жыл бұрынғы уақытпен салыстырсақ, қазір қоқыс әлдеқайда аз. Бұған қоғамдық орындарда ішімдік ішуге және темекі шегуге тыйым салу туралы заңдардың енгізілуі де үлкен септігін тигізді. Әрине, бәрі адамның өзіне, отбасындағы, мектептегі тәрбиеге байланысты. Біздің қаламыз күннен-күнге тазара түсетініне сенімдімін.

«Тазалық – табалдырықтан басталады» дейді дана халқымыз. Рудныйдағы «Таза Қазақстан» акциясы тек көшедегі қоқысты жинау емес, санадағы сірескен селсоқтықты сілкіп тастауға бағытталған үлкен мектеп іспетті. Мемлекеттік қызметкерлер мен мекемелер қолдарына тырма алып, қаланың тамыршысындай тазалық сақшысына айналып жүргенде, тұрғындардың бұл іске сырттан бақылаушы болып қалуы – ойланатын дүние. Ортақ шаңырағымыздың ажары – ортақ жауапкершілігіміздің жемісі екенін ұмытпайық!

 

Жанарай НУРМАХАНБЕТОВА,

суретті түсірген Даниил САЕНКО