«Қазақпен бірге мұңдасып, бірге қуандым»

Қазақ жанымен тоғысқан Әзірбайжан ұлы: Махмуд Гаджиевпен ашық әңгіме

Қазақстан жүзден астам ұлт пен ұлыстың алтын бесігі. Осы бесікте тербеліп, қазақтың домбырасын жанына серік еткен, ұлты әзірбайжан болса да, болмысы қазақ болып кеткен бірегей тұлғалардың бірі – Махмуд Гаджиев.

– Қазақстанға, оның ішінде Торғай өңіріне 1969 жылы келгенбіз. Ол кезде мен небары екі жастағы бала екенмін. Әке-шешеммен бірге Кавказ жақтан, Көкшай ауданынан көшіп келдік. Содан бері осы Торғайдың топырағында өсіп-өніп, мектеп бітіріп, азамат болдық. Аллаға шүкір, қазір жасым алпысқа таяп қалды. Осы елдің нанын жеп, суын ішіп, қазақпен бірге мұңдасып, бірге қуанып келе жатқан жайым бар.

– Сіздің қазақ тілінде мүдірмей сөйлегеніңіз былай тұрсын, домбыра тартып, терме айтатыныңызды естідік. Бұл өнерге қалай келдіңіз?

– Мен қазақ балаларының ортасында өстім. Тілім де қазақша шықты. Мектепті де қазақша бітірдім. Кішкентайымнан қазақтың жыраулық өнеріне, термелеріне құлағым түрік болды. Домбыраны да сол кезден бастап қолға алдым. Қазір де жаныма қуат беретіні осы домбыра мен қазақтың өлеңі. Түрлі той-жиындарда, мүшелтойларда терме айтып, жұрттың көңілін көтеріп жүремін. Басқа аспапқа қызықпадым, тек домбыра менің жан серігім. Қазақтың «Өнер алды – қызыл тіл» деген сөзі бар ғой, сол сөздің қасиетін ұғып өстік.

– Өмір жолыңызға, еңбек өтіліңізге тоқталсақ.

– Оқу бітірген соң, 1987-1989 жылдары әскер қатарында болдым. Әскерден келген соң бірден еңбекке араластым. Торғайда мал шаруашылығында, шопан болып 15 жылға жуық жұмыс істедім. Ол кездің жұмысы оңай емес еді, бірақ адал еңбекпен бала-шағамызды асырадық. Кейіннен Қостанай жаққа көшіп келдік. Мұнда да қара жұмыстан қашқан емеспін. Дүкендерде көмекші, күзетші, құрылыс салаларында тер төктім. Қазір де дүкенде жәрдемші болып істеймін. Жалпы еңбек өтілімді есептесең, өмірімнің көп бөлігі осы қара жұмыспен өтті.

Сырласу барысында кейіпкеріміз қазір халықтың үлкен бөлігінің көкейінде жүрген ең ауыр әлеуметтік мәселеге назар аударып, арманымен бөлісті.

– Біз 2020 жылдан бері Қостанайда пәтер жалдап тұрамыз. Өзіміз 1989 жылдан бері кезекте тұрсақ та, әлі күнге дейін жеке үйіміз жоқ. Зейнетақы да көп емес. Жолдасым екеуміз де денсаулығымызға байланысты біраз қиналамыз, ем-домға да қаражат керек. Осы баспана мәселесі бойынша үкімет тарапынан бір көмек болса екен деген тілегіміз бар. 69-жылдан бері осы елге еңбек сіңіріп келе жатқан соң, бір баспана бұйырса деген арман ғой.

– Отбасыңыз нағыз берекелі шаңырақ. Жолдасыңызбен қалай таныстыңыздар? Балаларыңыз туралы айтып беріңізші.

– Біздің отау құрғанымызға биыл 35 жыл болыпты. 1991 жылы үйлендік. Жолдасым – қазақтың қызы. Екеуміз осы 35 жыл ішінде ыстық-суықты бірге көріп келеміз. Алты баламыз болды. Өкінішке қарай, бір ұлымыздан айырылып қалдық, ол 23 жасында жол апатынан бақилық болды. Бұл отбасымыз үшін үлкен қасірет. Қазір үш ұл, екі қызым бар. Олардың бәрі ер жетті, өз алдына отау құрғандары да бар. Немерелерім өсіп келеді. Қазаққа құда болып отырған жайым бар, келіндерім де қазақ. Біздің үйде ешқашан «сен басқа, мен басқа» деген әңгіме болған емес.

Шаңырақтың беріктігі мен отбасылық құндылықтардың қадірі кейде екінші планға сырғып бара жатқандай көрінеді. Осы орайда, отыз бес жыл бойы бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, «үй болудың» нағыз мектебінен өткен Махмуд ағаның өмірлік тәжірибесі мен жастарға айтар ғибраты ерекше маңызға ие.

– Менің айтарым: отбасы деген ол тек сезім емес, ол үлкен жауапкершілік. «Үйлену оңай, үй болу қиын» дейді қазақ. Екі жас неке қиярда бір-біріне «жар болуға дайынбыз» деп уәде береді. Сол уәдеге берік болу керек. Өмір болған соң таршылық та болады, қиындық та болады. Соның бәрін екі адам бір арбаның екі дөңгелегі сияқты тең ұстап, бірге көтеруі тиіс. Бір-біріңді сыйлап, сабыр сақтасаң ғана шаңырақ биік болады. Менің балаларыма берер тәрбием де осы –адал еңбек етіп, тату-тәтті өмір сүру.

Әңгіме барысында ол кісінің көкейінде жүрген, ұлт руханиятының жанашыры Мұхтар Шахановтың есімін ұлықтауға қатысты айрықша ұсынысы бізді бей-жай қалдырмады.

– Иә, бұл менің көптен бергі арманым. Мұхтар Шаханов – ұлтымыздың рухын оятқан, желтоқсан оқиғасында шындықты айтқан үлкен тұлға. Ол кісінің еңбегі ұшан-теңіз. Сондықтан осы Қостанайда немесе басқа да үлкен қалаларда бір үлкен көшенің атын Мұхтар Шаханов бабамызға берсе екен деген өтінішім бар. Бұл халықтың, соның ішінде біз сияқты қариялардың қалауы. Мұндай азаматтарды тірі кезінде құрметтеуіміз керек.

– 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Осы мереке қарсаңында елге қандай тілегіңіз бар?

– Еліміз – көпұлтты, берекелі өлке. Осы 2026 жыл да біз үшін тыныштық жылы болсын. Әлемде неше түрлі жағдайлар болып жатыр: соғыс бар, табиғи апаттар бар. Соның бәрінен Құдай сақтасын. Қазақстанымыз әрқашан аман, жұртымыз тыныш болсын. Қаншама ұлт бір шаңырақ астында бауырдай басылып отырмыз. Наурыз мерекесінде бәріміз бірге қуанамыз, 1 мамырда бірге тойлаймыз. Осы бірлік ешқашан бұзылмасын.

Мен өзім әзірбайжан болсам да, жүрегім – қазақ. Ата-анам осы елде мәңгілік дамыл тапты. Мен де осы елдің гүлденуіне титтей де болса үлесімді қоссам деймін. Еліміздің егемендігі баянды, болашағымыз жарқын болсын!

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО