Горняцкий кентінде еңбек ардагерімен кездесу өтті

«Арман» клубында Сарыбай кентінің тумасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген құрылысшысы Дүйсембай Жүсіпбекұлы Сапановтың Горняцкий кентінің тұрғындарымен және Рудный құрылыс және көлік колледжінің бірінші курс студенттерімен кездесуі өтті.

Дүйсембай Сапанов – 50 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман. Орта мектепті тәмамдаған соң ССКБК кәсіпорнында еңбек жолын бастап, политехникалық институттың кешкі факультетінде оқып, «өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс инженері» мамандығын игерген. Оның еңбек жолы электровоз машинисінің көмекшісінен бастап құрылыс тресінің басқарушысына дейінгі аралықты қамтиды. Ол Лисаков, Октябрь (қазіргі Қандыағаш), Құлсары, Қостанай және Астана қалаларында, сондай-ақ алты зауыттың құрылысында еңбек еткен.

Кездесу барысында ардагер студенттермен өз тәжірибесін бөлісіп, еңбек жолындағы қызықты сәттерді еске алды. Болашақ газэлектр дәнекерлеушілері мамандықтың маңызы, құрылыс саласының ерекшеліктері туралы мол мағлұмат алды және өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.

«Рахмет саған, туған Ел!» атты бұл кездесу жастар арасында еңбекқорлық пен кәсіпқойлық құндылықтарын насихаттау, жұмысшы кәсіптеріне қызығушылықты арттыру, сондай-ақ туған жері мен жерлестеріне деген мақтаныш сезімін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.

Іс-шара Рудный қаласы әкімдігінің «Рудный қалалық ішкі саясат бөлімі» ММ-нің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында – зейнеткер жастағы азаматтар мен ардагерлерді қаланың қоғамдық өміріне белсенді тарту, жастармен өзара байланыс орнату және ұрпақтар сабақтастығын нығайту мақсатында өтті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *