Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия жұмысы туралы
► Жасөспірім — жол айрығында тұрған жан секілді: бір қадам оны жарыққа жетелейді, ал келесі бұрыс қадам — өмірін өзгертеді. Осындай сын сәтте оларға бағыт көрсететін, қолдау беретін орын бар. Ол – Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия. Мұнда әр оқиғаның артында жай ғана қағаз емес, нақты адам тағдыры тұр. ◄
Комиссияның басты міндеті — жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың, қараусыз қалған мекемелер мен қаңғыбастықтың алдын алу бағытындағы мемлекеттік мекемелердің жұмысын үйлестіру. Оның құрамына әлеуметтік мәселелер жөніндегі қала әкімінің орынбасары (төраға), қалалық мәслихат хатшысы, білім және мәдениет бөлімдерінің басшылары, ювеналды полиция, отбасы қолдау орталығы мен денсаулық сақтау саласының өкілдері кіреді. Құрамға 7-11 адам кіреді.
— Комиссия мүшелерінің саны міндетті түрде тақ болуы керек, себебі дауыс беру кезінде тең дауыс болмауы тиіс. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы заң талаптарына сәйкес айына кемінде екі рет отырыс өткізеді. Қажет болған жағдайда жиналыстардың жиілігі арттырылуы мүмкін. Жыл басында комиссияның қызметіне арналған жылдық жұмыс жоспары бекітіледі. Онда өзекті мәселелерді талқылау, атқарылған жұмыстар бойынша есептер мен баяндамаларды тыңдау қарастырылады. Егер оқыс жағдайлар орын алса, жоспарға тиісті түзетулер енгізіледі.
Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия құқық бұзушылықты жүйелі түрде жасайтын балаларға қатысты оларды арнайы білім беру ұйымына жіберу туралы шешім қабылдай алады. Бұл ретте жасөспірімнің оқу үлгерімі, тәртібі және өз бетімен үйден кету жағдайлары ескеріледі. Аталған жұмыстар ювеналды полицияның қатысуымен жүзеге асырылады. Барлық қажетті материалдар жинақталып, тиісті құзырлы органдарға жолданады, — дейді Комиссия хатшысының міндетін уақытша атқарып жүрген Әсем Рахманова.
— Комиссия тағы қандай жағдайларды қарастырады?
— Мысалы, бір жағдайда жасөспірім суицидке бармақ болған. Біз оның ата-анасына облыстық психикалық денсаулық орталығына жүгінуді ұсындық. Мұндай жағдайлар ерекше бақылауға алынады. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, өткен жылы шамамен 177 материал қаралған, бұл айтарлықтай көрсеткіш. Әдетте комиссия жылына 150-170 іс материалын қарайды. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарды жұмыспен қамту мәселесіне де назар аударылады. Егер оқуға бармайтын немесе бос уақытын мақсатсыз өткізетін жасөспірімдер анықталса, комиссия олардың жұмысқа орналасуына немесе кешкі мектепке ауысуына ұсыныс енгізе алады.
Айта кетерлігі, кешкі мектепке ауысу еңбек заңнамасына сәйкес тек 16 жастан бастап және ата-анасының келісімімен жүзеге асырылады. Кешкі мектеп жасөспірімге оқу мен еңбекті қатар алып жүруге мүмкіндік беріп, бос уақытын тиімді пайдалануға әрі қоғамға бейімделуіне жағдай жасайды. Сондай-ақ біз отбасыларға психологиялық көмек көрсетеміз. Бес реттей көмектескен кездеріміз есімде.
«Отбасын қолдау орталығының» директоры комиссия құрамына кіреді. Кей жағдайларда отбасына психологиялық қолдау немесе уақытша баспана қажет болып жатады. Мұндай жағдайда біз оларды тиісті мекемелерге жолдаймыз, сол жерде олар тұрып, қажетті көмегін ала алады.
— Комиссия отырысы қалай өтеді?
— Кәмелетке толмағандар комиссия отырысына міндетті түрде ата-анасы немесе қамқоршысымен бірге келеді. Егер бала алғаш рет осындай жағдайға тап болса, әсіресе 9-10 жас шамасында, оның әрекеті көбіне ұсақ құқық бұзушылыққа жатады. Мысалы, ата-аналар баласының өзіне немесе өзгеге зиян келтіргені үшін полицияға шағымданып жатады. Мұндай кезде балалар істің салдарын толық түсінбей, бәрін ойын не әзіл ретінде қабылдауы мүмкін. Алайда комиссия мүшелерімен сөйлескен соң жағдайдың мәнін ұғынып, өз қателігін сезінеді. Көп жағдайда әңгімеден кейін тараптар келісімге келіп, татуласады.
Жасөспірімдердің жағдайы сәл күрделірек. Олар істеген ісінің салдарын толық түсінбейді, салғырт қарайды. Олармен жұмыс істеп, түсіндіруге тырысамыз, бірақ мінез-құлқы бірден өзгере қоймайды. Ал ата-аналар, керісінше, балалары үшін қатты уайымдайды. Бір рет сондай жағдай болды. Ата-аналық құқықтан айыру туралы шешім қабылдауға тура келді. Бала Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жіберілді. Сол кезде ата-анасы жылап, баласын өздерінде қалдыруды сұрады.
Бұл – екі жақсы мәселе: бір жағынан, отбасы сақталса екен дейсің, екінші жағынан, ата-ананың өз қателігін түсініп, түзелгенін қалайсың.
— Бұл жағдайда қандай шешім қабылданды?
— Біз өз тарапымыздан баланы отбасынан уақытша бөлу туралы ұсыныс жасадық, бірақ іс сотқа жіберіліп, нәтиже ата-аналардың пайдасына шешілді. Тіпті баланы шұғыл түрде арнайы мекемеге жіберу мәселесі де қарастырылған еді, алайда сот отбасының сақталуын жөн деп тапты. Иә, ол кезде бала да, ата-анасы да біраз қиындық көрді. Бірақ содан кейін олардың көзқарасы өзгеріп, өмірі дұрыс арнаға түсті деп ойлаймын. Бұрын кейбір ата-аналар баласын тәрбиелеуге шамасы жетпейтінін мойындап, өздері интернатқа тапсыруды сұрайтын. Өкінішке қарай, ондай жағдайлар жиі кездесетін. Қазір, мұндай оқиғалар азайды. Кейде ата-аналар мәселені өздері шеше алмайтынын түсініп, комиссияға өз еркімен келеді. Мұндайда психологтар мен отбасыны қолдау қызметі көмекке келіп, барынша жұмыс істейді.
— Ал ата-аналық құқықты шектеу қалай жүзеге асады?
— Ата-аналық құқықты шектеу — бұл баланы шамамен алты ай мерзімге Кәмелетке толмағандарды қолдау орталығына уақытша орналастыру. Осы кезеңде ата-аналар баламен кездесіп тұра алады, алайда белгілі бір талаптарды орындауы қажет: тұрақты жұмысқа орналасу, сондай-ақ зиянды әдеттерден, соның ішінде алкогольді пайдаланудан бас тарту. Егер бұл шарттар орындалмаса, комиссия сотқа жүгініп, ата-аналық құқықтан айыру жөнінде шешім қабылдайды.
Ата-аналық құқықты шектеу тек бір рет, алты ай мерзімге қолданылады. Егер осы уақыт ішінде жағдай оңалмаса, шешім сот тәртібімен қабылданады. Сот мүмкіндігінше гуманистік ұстаным танытып, көбіне ата-аналық құқықты толық айыру емес, шектеу жөнінде шешім қабылдайды. Соңғы екі жылда ата-аналық құқықтан толық айырудың үш жағдайы тіркелген. Қамқоршылық органдары мен ювеналды полиция балалардың ата-анасының жанында болуын бақылауда ұстайды. Егер бала уақытша Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылса, ата-анасына жұмысқа орналасу және өмір салтын түзеу үшін белгілі бір уақыт беріледі. Осы кезеңде олар қамқоршылық органдарының, ювеналды полиция мен комиссия мүшелерінің тұрақты бақылауында болады. Тұрғылықты мекенжай бойынша тексеріс рейдтері жүргізіліп, егер ата-аналар өз міндеттерін орындаса, бала отбасына қайтарылады. Ал егер бала кішкентай болса, ол балалар үйіне орналастырылады.
— Комиссия қандай басқа іс-шараларға қатысады не өткізеді?
— Рейдтік шаралар прокуратурамен бірлескен мобильді топтардың қатысуымен өтеді. Қиын жағдайдағы және көпбалалы отбасылар тексеріледі. Сондай-ақ ата-анасының орнына басқа адамдардың қарауында тұрып жатқан балалар да назарға алынады. Ал жаз айларында түнгі уақытта ойын-сауық орындары мен алкоголь сататын дүкендерге арнайы рейдтер ұйымдастырылады.
— Комиссиядағы ең даулы мәселелер қандай?
— Ата-аналық құқықтан айыру, құқықты шектеу және балаларды арнайы мектепке жіберу — ауыр және жауапкершілігі үлкен шешімдер. Ата-аналық құқықтан айыру, құқықты шектеу немесе баланы арнайы мектепке жіберу — өте ауыр әрі жауапты шешімдер. Себебі мұндай мектептерде оқыту мен тәрбие ерекше тәсілді қажет етеді. Кейде ондай орындарды кәмелетке толмағандарға арналған колониямен салыстыруға болады. Сол себепті «бұл орта баланың түзелуіне көмектесе ме, әлде керісінше, жағдайын қиындата ма?» дейтін сұрақтар туындайды. Сондықтан мұндай шешім қабылдарда әр жағдайды мұқият зерттеп, ең алдымен баланың пайдасын ойлау керек.
— Бала есепке алынған жағдайда, бұл оның болашағына қалай әсер етеді? Тіркеу деректері өмір бойы сақтала ма?
— Мысалы, егер комиссия баланы мектепішілік есепке қоюды ұсынса, ол оқу жылы бойы мектептің бақылауында болады. Бұл уақытта мұғалімдер оның тәртібі мен оқу үлгерімін қадағалайды. Егер бала өз мінез-құлқын түзетіп, жақсы нәтиже көрсетсе, есептен шығарылады.
Ал ювеналды полицияның есебі басқаша жүргізіледі. Мұндай мәліметтер арнайы дерекқорда сақталады. Бала уақытша есепте тұрса да, оның құқық бұзушылық туралы дерегі сол базада қала береді.
Сонымен қатар, өз ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамаған ата-аналар да есепке алынады. Балалар арасында да түрлі санаттар бар: үйден өз бетімен кететін, қараусыз қалған, үйсіз немесе оқу үлгерімі төмен жасөспірімдер.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық деңгейі жоғары болатын. Қазір жағдай біршама түзелді, нақты сандарды атау қиын. Бұрын балалар қызығушылықпен көлік айдап кету сияқты әрекеттерге баратын, көбіне мас күйінде. Жыныстық зорлық-зомбылық фактілері де кездесетін, алайда соңғы жылдары мұндай ауыр қылмыстар едәуір азайды. Қазіргі негізгі құқық бұзушылықтар — дене жарақатын салумен байланысты, бұл да күрделі мәселе. Дегенмен олардың саны бұрынғымен салыстырғанда айтарлықтай төмендеген.
— Комиссия отырысында қанша іс қаралуы мүмкін?
— Комиссия отырысында ең көбі 12 іс қаралады. Әдетте жиын 2-2,5 сағатқа созылады. Отырыстар әрдайым білім бөлімінің акт залында өтеді. Кәмелетке толмағандар мен олардың заңды өкілдерінен бөлек, міндетті түрде білім бөлімінің өкілі қатысады. Сондай-ақ бала оқитын мектептен де өкілдер келеді, әдетте, мектеп директоры немесе әлеуметтік педагог. Олар жасөспірімге мінездеме беріп, жүргізілген жұмыс нәтижелері туралы ақпарат ұсынады. Қажет болған жағдайда комиссия отырысына психиатр да қатысады. Ол баланы қайда орналастыру немесе қандай шара қолдану керектігі жөнінде ұсыныс айтады. Материалдарды тиімді қарастыру үшін барлық мүдделі тараптар отырысқа шақырылады.
– Сіз комиссия құрамының тақ саннан тұратынын атап өттіңіз. Ал қандай мәселелер дауысқа салынады?
– Әртүрлі мәселелер. Баланы арнайы немесе кешкі мектепке жіберу, оған мүмкіндік беру сияқты сұрақтар қаралады. Соңғы уақытта 9-сыныпты аяқтап, құжаттарын алып кеткен кейбір балалар қайтадан мектепке оралуға ниет білдіруде. Мысалы, жуырдағы комиссия отырысында колледжге түскен, алайда бір күн де оқымай, мектепке қайта барғысы келген жасөспірімнің жағдайы қаралды.
Біз бұл балалармен жеке түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Оларға шешім қабылдауға үш ай уақыт берілді. Кейбіріне мектепке қайта баруға рұқсат етілмеді, себебі колледждегі оқу жүйесін әлі толық байқап көрмеген. Ал кейбір балалардың жағдайы тұрмыстық қиындықтарға байланысты болды. Мысалы, тұратын жердің қолайсыздығы әсер еткен.
Бір оқушы индустриалды-педагогикалық колледжге түскен. Ол оқу орны алдағы уақытта IT бағытына ауысқалы жатыр. Студентпен колледждің мүмкіндіктері мен жаңа өзгерістер жайында сөйлестік. Бірақ жатақханада тұрмыс жағдайы қиын болғандықтан, мәселені шешудің жолдарын қарастыруды ұсындық.
Комиссия шешім қабылдар сәтте дауыс тең бөлініп қалады. Мәселе, мысалы, баланы арнайы мектепке жіберу немесе ата-аналық құқықты шектеу туралы болуы мүмкін. Осындай кезде соңғы, шешуші дауыс комиссия төрағасына тиесілі. Сол себепті комиссия мүшелерінің саны міндетті түрде тақ болуы керек.
– Егер комиссияға келмесе не болады?
– Іс қайта қаралады. Комиссия баланы отырысқа әкелу қажет деп шешсе, полиция жауапкершілікті мойнына алады. Кейде жасөспірімдер отырысқа өз еркімен келмей қояды. Мұндай жағдайда ювеналды полиция олардың үйіне барып, комиссияға алып келеді.
Жыл соңында комиссияның келесі жылға арналған жұмыс жоспары бекітіледі. Онда төрт негізгі бағыт бойынша баяндамалар тыңдалып, тиісті шешімдер қабылданады. Комиссия айына кемінде екі рет, сондай-ақ жаңа материалдар түскен жағдайда қосымша отырыстар өткізеді.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ