Жасөспірімдер мектеп маңын көріктендірді

№15 білім беру ордасында республикалық экоакция аясында абаттандыру жұмыстары жүргізілді

Былтырғы сәуір айынан бастап мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» атты жалпы республикалық экологиялық акция тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл игі бастама – табиғатты аялауға, қоршаған ортаны қорғауға және қоғамда экологиялық мәдениетті нығайтуға бағытталған маңызды қадам.

Осындай маңызды шара Рудный қаласында да кеңінен қолдау тапты. Міржақып Дулатұлы атындағы №15 білім беру орталығының оқушылары мен ұстаздары бұл игі іске өз үлестерін қосып, аула тазалығын сақтауға, табиғатты қорғауға белсене кірісті.

Мектеп ауласында өткен сенбілікке 9-сыныптардан төрт, 10-сыныптардан екі топ қатысып, барлығы жүзге жуық оқушы мен ұстаз бірлесіп еңбек етті. Қатысушылар қолғап, қап, тырма сынды қажетті құралдармен қамтамасыз етіліп, жұмыс қызу жүрді. Мектеп ұжымы үшін мұндай сенбіліктер дәстүрге айналған.

Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрымжан Нұрлыхатов экологиялық бағыттағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталып өтті.

«Мектепте жыл сайын жоспар бойынша түрлі экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Солардың бірі – жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы. Бұл акцияға ұжым мен оқушылар жыл сайын белсене қатысады. Іс-шаралар мектеп ауласында ғана емес, қалалық деңгейде де өткізіледі. Мектепте экологиялық тәрбие бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда: көрмелер, тәрбиелік шаралар, экологиялық байқаулар өткізіліп келеді. Өткен жылы қалалық деңгейде ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы көрме-байқауда оқушыларымыз І, ІІ және бас жүлдеге ие болды. Акцияға тек көктем мен күз мезгілдерінде ғана емес, жыл бойы қатысамыз. Мектеп қабырғасында экологиялық бағыттағы «Эко клуб» жұмыс істейді. Оның аясында түрлі экологиялық акциялар мен зияткерлік шаралар өткізіліп отырады. Мектеп қажетті құрал-саймандармен толық қамтамасыз етілген. Акция алдында 2–3 күн дайындық жұмыстары жүргізіліп, нақты жоспар жасалды. Мысалы, алдыңғы жылдары оқушылар мектеп ауласында ағаш отырғызу жұмыстарын қолға алған болатын. Биыл да сол дәстүр жалғасын табуда. Осындай игі істерге қатысу арқылы оқушылар табиғатты қорғаудың маңызын түсініп, қоғамға бейімделеді. Сонымен қатар, мұндай іс-шаралар олардың жауапкершілік, еңбекқорлық және азаматтық қасиеттерін дамытуға үлкен ықпал етеді», – деді ол.

Оқушылардың бойында табиғатқа деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті қалыптастыру – мұғалімдердің басты міндеттерінің бірі. Сол міндетті іске асыруда жастардың белсенділігі ерекше қуантады.

 «Қазір мектепте түрлі клубтар мен үйірмелер жұмыс істейді, соның ішінде экологиялық бағыттағы клубтар да белсенді түрде дамып келеді. Әр клуб өз саласы бойынша түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Біз мектеп ауласын сыпырып, артық жапырақтарды тырмалап, айналаны ретке келтірудеміз. Өзіміз оқитын орнымызды таза ұстау – бұл да экология мәдениетінің бір бөлігі деп білемін. Мектеп парламентінде экологиялық клуб жұмыс істейді. Сол клуб аясында көптеген іс-шаралар өткізіліп, қоршаған ортаны қорғау бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Біздің негізгі мақсатымыз – мектеп ішінде тәртіп пен тазалықты сақтау, төменгі сынып оқушыларын табиғатты аялауға баулу», – деді 9 «В» сынып оқушысы, мектеп парламентінің құқық және тәртіп министрі Алтынай Мустафаева.

Жасөспірімдердің бойындағы мұндай сана ертеңгі экологиялық жауапты қоғамның іргетасы. Табиғатқа жанашырлық – адамгершіліктің, мәдениеттіліктің белгісі.

«Табиғатты таза ұстау – біздің басты міндетіміз. Қоршаған ортаның, ауаның таза болуы – жарқын болашақтың кепілі. Мұндай жұмыстар арқылы табиғатқа деген қамқорлық сезімі артады, өз еңбегіңнің нәтижесін көріп, бойыңды ерекше қуаныш билейді. Әр жиналған қап – тазалық пен жауапкершіліктің белгісі, ал ең бастысы – туған ортамыздың көркейуіне қосқан кішкентай болса да үлесіміз», – деп Алтынайдың сыныптасы әрі парламент бойынша әріптесі Аралбай Айсәуле де өз пікірін білдірді.

Мұндай қарапайым, бірақ мәні зор еңбектің түпкі нәтижесі – ұжымдық рух пен елге деген сүйіспеншілік. Сенбілік тек қоқыс жинау ғана емес, ол – табиғатты сүю мен еңбекті қадірлеудің мектебі.

Қаланың әр түкпірінде өтіп жатқан экологиялық іс-шаралар – еліміздің жас ұрпағының табиғатты аялауға деген көзқарасын қалыптастырудағы маңызды құрал. «Таза орта – жарқын болашақтың кепілі» деген ұранды ұстанған жастардың бүгінгі еңбегі ертеңгі экологиялық мәдениетті қоғамның негізін қалайды.

Бірлескен күш, ұжымдық еңбек пен табиғатқа деген сүйіспеншілік – «Таза Қазақстан» акциясының басты мәні. Осындай ізгі бастамалар жалғасын тауып, әрбір азаматтың жүрегінде экологиялық жауапкершілік ұялай бермек.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

 суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *