2025–2026 жылдардағы жылыту маусымының басынан бері Қостанай облысында 10 өрт тіркелді – бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47,4%-ға аз. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Алдын алу шаралары аясында ТЖД қызметкерлері әлеуметтік жағынан осал топтағы тұрғын үйлерді 100% аралап шықты. Тексеру барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 459 дерегі анықталды. 292 иіс газының датчигі орнатылды, ал 2019 жылдан бері олардың жалпы саны 4400-ден асты.
Сонымен қатар, «Бірыңғай өрт қауіпсіздігі сағаты», «Таза мұржа» акциялары өткізілді, тұрғындар арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілді, оның ішінде мектептерде 120-дан астам профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды.

«Тұрғын үйлер мемлекеттік өрт бақылауына жатпайды, сондықтан басты міндет – профилактикалық шаралармен барынша қамту және адамдарға қауіпсіздік ережелерін сақтау маңыздылығын жеткізу. Уақытылы орнатылған дабыл құрылғыларының арқасында биылғы маусымда 4 үйде көміртегі тотығымен уланудың алдын алынды. Бұл қабылданған шаралардың тиімділігін дәлелдейді», – деді брифинг барысында Қостанай облысы ТЖД бастығының орынбасары Өміржан Тұқышев.