«Біздің мақсат — спортты әр рудныйлықтың өмір салтына айналдыру»

Рудный қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Марс Айдарханұлымен сұхбат

Рудный қаласында бұқаралық спортты дамыту, тұрғындардың денсаулығын нығайту және жастарды спортқа баулу бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Марс Шұңғырбаев осы бағыттағы жоспарлар мен жетістіктер туралы айтып берді.

-Марс Айдарханұлы, бүгінгі таңда Рудныйда спорт саласының басты басымдықтары қандай?

-Негізгі басымдық -бұқаралық спортты дамыту және тұрғындарды салауатты өмір салтына тарту. Біз спортпен жүйелі айналысатын азаматтар санын арттыруға тырысамыз. Қалада түрлі жас санаттарына арналған спорттық секциялар жұмыс істейді. Балалар мен жастар ғана емес, ересектер де белсенді қатысып келеді. Сонымен қатар, спорт инфрақұрылымын жаңарту мен қолжетімді спорт алаңдарын көбейту де басты бағыттардың бірі.

-Қала халқының спортқа қызығушылық деңгейі қандай?

-Қазіргі таңда Рудный тұрғындарының шамамен 35 пайызы тұрақты түрде спортпен айналысады. Бұл — жақсы көрсеткіш, бірақ біз бұдан да жоғары межеге ұмтыламыз. Қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде төрт мыңға жуық тәрбиеленуші бар. Олар 15-тен астам спорт түрімен айналысады.

-Қай спорт түрлері Рудныйда ерекше танымал?

-Қаламызда дәстүрлі түрде футбол, волейбол, күрес, бокс және ауыр атлетика кеңінен дамыған. Соңғы жылдары үстел теннисі, жүзу және фитнес бағыттарына қызығушылық артып келеді. Қыз балалар арасында көркем гимнастика мен би спортына да қатысу көбейіп отыр.

-Биыл қандай спорттық инфрақұрылым жобалары жүзеге асырылады?

-Биыл бірнеше мектеп спорт залдары мен спорттық нысандарда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, аулалық спорт алаңдарын жаңарту бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл алаңдар барлық тұрғындар үшін қолжетімді болуы тиіс. Біз қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасауға тырысамыз.

-Рудный спортшыларының жетістіктері туралы айтып өтсеңіз.

-Қаламыздың спортшылары облыстық және республикалық деңгейде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Мәселен, боксшылар мен балуандар ел чемпионаттарында жүлделі орындар иеленіп жүр. Сондай-ақ, ауыр атлетика, волейбол, үстел теннисі секцияларындағы жастар да жақсы нәтиже көрсетуде. Бұл — бапкерлердің еңбегінің және спортқа деген қызығушылықтың нәтижесі.

-Алдағы уақытта қандай жарыстар мен іс-шаралар жоспарланған?

-Қазан мен желтоқсан айларында қалалық және облыстық деңгейдегі спартакиадалар, ашық турнирлер мен жастар арасындағы чемпионаттар өтеді. Сонымен қатар, қыста дәстүрлі шаңғы және коньки тебу жарыстары, ал жазда жаппай жүгіру және веложарыстар ұйымдастырылады.

-Тұрғындарға айтар тілегіңіз?

-Спорт — денсаулықтың, тәртіптің және табандылықтың кепілі. Әрбір рудныйлық өзіне ыңғайлы спорт түрін таңдап, белсенді өмір салтын ұстанса, бұл қаламыздың рухын көтереді. Барша тұрғындарды спортпен айналысуға және салауатты өмір салтын қолдауға шақырамын.

Сұхбаттың толық нұсқасын Рудный дауысы  YouTube арнасынан көре аласыздар

 

Гүлім МҰРАТ,

Суреттерді түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *