«Рудный жылу желілері» ЖШС темір ұстасы Ондасын Бекмұратовпен сұхбат
Қала тұрғындарының үйлеріне жылу мен жайлылық жеткізу сырт көзге байқала бермейтін, бірақ аса жауапты еңбек. Қыстың аязында да, жаздың аптап ыстығында да бұл істің тоқтаған сәті жоқ. «Рудный жылу желілері» ЖШС қызметкері, тәжірибелі темір ұстасы Ондасын Бекмұратов осы салада жеті жылдан бері еңбек етіп келеді.
– 2018 жылдан бері жылу орталығында жұмыс істеймін. Бұған дейін түрлі салада жұмыс істедім. Бір күні «Темір ұстасы қажет» деген хабарландыруды көріп, хабарласып, сұхбаттан өтіп, осы мекемеге қабылдандым. Алғашқы жұмыс күнім – 22 мамыр. Есімде жақсы сақталған, – дейді ол әңгімесін бастап.
Ондасынның жұмыс күні таңғы сағат 8-де медициналық тексерістен басталып, нақты тапсырмалармен жалғасады. Әр күн – жаңа міндет, жаңа жауапкершілік.
– Мысалы, бір жерде қысым төмендеп қалса, су кетіп жатса немесе құбыр жарылса, сол аймаққа дереу барамыз. Алдымен қауіпті аймақты қоршап, ескерту белгілерін орнатамыз. Одан соң ескі құбырды алып, жаңасын дәнекерлейміз. Бәрі қауіпсіздік ережесіне сай орындалуы керек, – дейді ол.
Апаттың алдын алу – темір ұсталарының жазғы науқанының басты бағыты. Олардың жұмысы тек ақауларды жоюмен шектелмейді, сонымен бірге келесі маусымға дайындықты да қамтиды.
– Жаз айларында құбыр жүйесін тексереміз. Бұл жүйеге қысым беріп, әлсіз жерлерін анықтау тәсілі. Судың қай тұстан кетіп жатқанын біліп, келесі жылға жөндеу жоспарын жасаймыз, – дейді темір ұстасы.
Кейіпкеріміздің айтуынша, жұмыс барысында түрлі техника мен құрал-жабдықтар қолданылады. Мәселен, экскаватор жер қазу жұмыстарында, газ генераторы – электр қуаты жоқ аймақтарда дәнекерлеу мен жарық беруде қажет. Әрине, қауіпсіздік те назардан тыс қалмайды. Қызметкерлер міндетті түрде каска, қолғап, арнайы киім мен қорғаныс көзілдірігін киіп жұмыс істейді.
– Кейде жұмыс кешке дейін созылады. Ондайда техниканы сол жерде қалдырып, жарық шамдары мен ескерту белгілерін орнатамыз. Бұл – қауіпсіздіктің басты талабы, – дейді Ондасын.
Олардың еңбегі – тұрғындардың үйлері суықта жылусыз қалмауы үшін атқарылатын үздіксіз жұмыс.
– Біздің еңбегіміздің нәтижесін тұрғындар қыста сезеді. Мысалы, өткен жылы 400 мм диаметрлі бірнеше ірі құбыр ауыстырылды. Соның арқасында биыл апат саны едәуір азайды, – дейді ол.
Ондасын үшін еңбек – тек күнкөріс емес, өмір мәні.
– Бұл менің негізгі кәсібім әрі отбасымды асырап отырған еңбегім. Ең бастысы – жұмысқа адал болу, ұжымды сыйлау және халыққа пайда келтіру. Еңбегіңнің нәтижесін көргенде шынайы мақтаныш сезімін бастан өткересің, – дейді ол.
Отбасылы, екі баланың әкесі Ондасын бос уақытында спортпен шұғылданғанды ұнатады.
– Ұлым 12 жаста, қызым 3 жаста. Бос уақытымда волейбол ойнаймын, кәсіпорынның спорттық жарыстарына жиі қатысамын. Өткен жылы асық атудан облыстық жарыста бірінші орын алдым, – дейді ол мақтанышпен.
Кәсіпорында жас мамандар мен тәжірибелі жұмысшылар қатар еңбек етеді.
– Әріптестерімнің арасында үлкен кісілер де, жаңа келген жастар да бар. Барлығымыз бір-бірімізге қолдау көрсетеміз. Жас мамандар аға буыннан көп нәрсе үйренеді, – дейді Ондасын.
Сұхбат соңында Ондасын жас буынға да өз ойын білдірді.
– Қазір жастар телефонға тым тәуелді болып барады. Олар көбірек қозғалыста болып, спортқа немесе нақты кәсіпке назар аударса деймін. Еңбек ету – адамды шыңдайтын қасиет. Қолыңнан іс келсе, одан ұялмай, мақтану керек, – дейді ол.
Бүгінде «Рудный жылу желілері» қаланың 70 пайызының жылу жүйесін жаңартты. Келесі жылы қалған учаскелерді жөндеу жоспарланып отыр.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ
