Ахаң атындағы ордада экологиялық мәдениетті насихаттаудың жаңа үлгісі бастау алды 
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №19 жалпы білім беретін мектебі алғаш рет «Таза Қазақстан – Таза мектеп ауласы» эко акциясын ұйымдастырды. Игі шараға 8-10 сыныптар аралығындағы 12 сыныптың оқушылары белсене қатысты.
Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүзеге асып отыр. Ахаң атындағы білім ордасы бұған дейін де қоршаған ортаны қорғауға бағытталған сенбіліктер, мектепішілік байқаулар мен ғылыми жобалар өткізіп келеді.
– Негізгі мақсат – оқушылардың экологиялық мәдениетін арттыру, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін ояту және мектеп аумағын таза ұстауға баулу. Шара арқылы оқушылар табиғатқа қамқорлық жасап, туған жеріне деген сүйіспеншілігін іс жүзінде көрсетеді. Сонымен қатар, экологиялық сана-сезімін дамытып, қоршаған ортаны қорғау жөнінде насихат жүргізеді. Әр сынып қалауынша бейнеролик, көрініс немесе өзге шығармашылық тәсіл арқылы ойларын жеткізді, – дейді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Салтанат Ешбанова.
– Бұл шара әрі қарай жалғасын табады ма?
– Иә, іс-шара – экологиялық бағыттағы бастамалардың жалғасы. Оқушылар мектеп ауласын көгалдандыру мен тазалық жұмыстарына белсенді қатысып, өздерінің белсенділіктерін көрсетіп жүр. Жалпы, мектепте мұндай бағыттағы жұмыстар биылдан бастап жүйелі түрде қолға алынды. «Жасыл мектеп» ұйымы да белсенді жұмыс істеп келеді. Қазан айының соңында ұйымдастырылған бұл сенбілік экологиялық мәдениетті қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Алдағы уақытта да мұндай шаралар жалғасын табады, – деді ол.
Акция барысында оқушылар мектеп ауласын тазалап, жапырақтарды жинап, аумақты ретке келтірді. 8 «Б» сынып оқушысы Иният Ұлдана бұл бастаманың маңызын атап өтті:
– Мектептің шеткі бөлігін тазалап, ауладағы жапырақтарды жинадық. Өз қолымызбен плакаттар жасап, экологиялық мәселелерді бейнеледік. Мұндай сенбіліктер жиі өткізіліп тұрса екен деймін, себебі қоқыс қоршаған ортаға үлкен зиян келтіреді: ауа ластанып, табиғаттың тепе-теңдігі бұзылады. Сыныптастарымның көбі қатысты. Ағаш отырғыздық, құстарға ұя орнаттық. Меніңше, бұл – маңызды іс. Себебі мектептен басталған тазалық үлкен өзгерістерге жол ашады, – дейді ол.
Жоғары сыныптар арасында 10 «А» сынып ерекше белсенділік танытты. Олар «Жасыл мектеп» және «Адал ұрпақ» клубтарының мүшелері ретінде экологиялық шараны жоғары деңгейде өткізді.
– Білім ордамыздың айналасын ретке келтіріп, су жиналған жерлерді тазалау – біз үшін үлкен қуаныш. Бұл сенбіліктің басты мақсаты – табиғатты қорғап, оны таза ұстауға өз үлесімізді қосу. Мұндай экологиялық жобалар жиі өткізіліп, әрі қарай кеңейтілуі керек деп ойлаймын. Тазалық жұмыстары аймақтарға бөлініп жүргізілді: бір сынып мектеп алдындағы аумақты, екіншісі артқы бөлікті тазалады.Экологиялық мазмұндағы плакаттар мен брошюраларды өзіміз дайындадық. Онда табиғатты қорғау жолдары мен экологиялық мәдениет туралы ақпарат берілді. Осындай іс-шаралар ұйымшылдықты арттырып, табиғатқа деген жауапкершілікті күшейтеді, – деп атап өтті 10 «А» сынып оқушысы Алтынай Багдатова.
Алтынайдың сыныптасы Естай Жүзтаев экологиялық білімнің тәжірибемен ұштасуының маңызын атап өтті:
– Әр сынып екі қап қоқыс жинады. Кейбір құрал-жабдықтарды өзіміз алып келдік, ал қажетті заттарды мектеп ұжымы қамтамасыз етті. Оқушылар сенбілікке үлкен қызығушылықпен қатысты. Мен қалалық және облыстық деңгейдегі экологиялық және ғылыми байқауларға қатысамын. Табиғатты қорғау мен тазалық сақтау – тек біз үшін емес, мектепке келетін қонақтар үшін де маңызды, – деді ол.
Акцияға қатысқан оқушылардың барлығы көтеріңкі көңіл күйде болды.
– Табиғатты қорғау – әр адамның борышы. Аз да болса өз үлесімізді қостық. Келесі жылы 11-сыныпқа қалғанда да мұндай шараларға белсене қатысуды жалғастырамын, – деді Ұлдана.
Мектеп ұжымы тек жоғары сыныптармен шектелмей, бастауыш сыныптарды да экологиялық мәдениетке баулуға көңіл бөлуде.
– Бастауыш сыныптар арасында «Алтын күз» акциясы аясында табиғатты қорғау тақырыбында сурет және қолөнер көрмесі ұйымдастырылды. Мектеп оқушыларын тазалыққа тәрбиелеу білім ордасының басты миссияларының бірі болып қала бермек, – дейді Салтанат Жұмағалиқызы.
Экологиялық тәрбие – тек сенбілікпен шектелмейді. Бұл – оқушылардың жауапкершілігін арттырып, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыратын үздік тәжірибе. Ахаң атындағы мектеп ұжымының бұл бастамасы – экологиялық сананы дамыту жолындағы үлгілі қадам.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ
