Референдум: халық пікірі қандай?

Жақында 5 маусым күні өтетін Республикалық Референдумның жоспары бекіді. Ауқымды шара 1995 жылғы 2 қарашадағы
«Республикалық Референдум туралы» Конституциялық заң тәртібіне сай ұйымдастырылады. Дайындық пен өткізу шарасына Орталық сайлау комиссиясы жауапты. Сонымен 15 мамырға дейін комиссиялар мен сайлау учаскелері құрамының тізімдері жарияланды.

16-25 мамыр аралығында комиссия дауыс беру орны, уақыты мен күнін хабарлайды. Референдумға дейін үгіт-насихат жүргізуге де рұқсат етіледі. Ол референдум туралы жарлық енгізілген сәттен басталып, 4 маусымда яғни тыныштық күні аяқталады.

Референдум 5 маусымда сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Дауыс беру қорытындылары Орталық референдум комиссиясының отырысында шығарылып, қаулымен бекітіледі. Комиссияның қорытынды туралы есебі дауыс беруден кейін 7 күн ішінде жариялануы тиіс.

Референдум туралы рудныйлықтардың пікірі әр түрлі болғанымен, басым көпшілігі бұл шешімді қолдап отыр. Назар аударып көрелік.

Жанна ДЖАМБУРЧИНА,

Конституцияға түзету енгізуді түсіндіру бойынша қалалық қоғамдық штабтың мүшесі:

«Өткен жылы біз Тәуелсіз еліміздің 30 жылдық
мерейтойын атап өттік. Еліміз еңбектеген сәбиден ересек, аяққа нық тұрған, парасатты тұлғаға айналғандай.

Халқымыз 90 жылдардан бастап саясатқа да, мәдениетке де етене араласа отырып, ел ағалары сияқты өз пікірлерін білдіріп, қоғамдық көзқарас пен ұлттық сана қалыптастырып үлгерді. Сондықтан 27 жылдан соң қолға алынғалы отырған жаңа реформа қоғамды емес, Ата заңды түзеуден басталып жатқанына ризамын. Ал сол реформалардың қабылдануына халықтың ойы арқау болатын болса, бұл, шынымен де, Жаңа Қазақстанның игі жаңалығы болмақ.

Алдағы референдум Мемлекет басшысы айқындап берген «Екінші республиканың» – билік пен қоғам арасындағы байланыстың жаңа, тиімді және теңгерімді моделінің құқықтық негізі. Бұл өте орынды және біз жүзеге асып жатқан мемлекеттік модельдің жаңаруын толықтай қолдаймыз

Ендеше, барлық қазақстандықтарға сәттілік тілеймін!».

Ербол КАЛИМБЕРДИЕВ,

«Қашар кен» АҚ самосвал жүргізушісі:

«Шыны керек, Тәуелсіздіктің 30 жылдығында еліміз кемелдене түсіп, дамудың, тарихтың келесі бір белесіне аяқ басты. Халық та бұрынғыдай емес, елдегі өзгерістерге өздерінің қолтаңбаларын қалдырғысы келеді. Осыны дөп басқан Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ата заңымызға енгізілгелі жатқан өзгерістерге халықтың ойын білу мақсатында референдум өткізуді шешті. Өте дұрыс шешім.

Осы орайда, жаңа жылдан бері айтып жүрген Жаңа Қазақстанды құру үшін әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек. Мемлекет басшысының міндеті – шынайы жолға нұсқау беру, ал азаматтардың міндеті – осы жолмен жүру. Егер қоғамда алауыздық болса, нәтиже болмайды. Егер қоғам Президентпен бірлессе, нәтиже көп күттірмейді.  Екінші Республика – бұл тағдырдың бізге берген екінші мүмкіндігі. Біздің буын осы мүмкіндікті пайдаланып, өз ұрпақтарына әркімнің дауысы естіліп, әркімнің құқығы қорғалатын, либералдық құндылықтары бар демократиялық мемлекетті қалдыруға міндетті».

Айзат ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *