Мария мен Балғара Жұмағұловтар отбасымен сұхбат
Берекесі кетіп, отбасы институты әлсіреп тұрған бүгінгі заманда көпшілікке үлгі боларлық шаңырақтар сиреп барады. Жастар арасында ажырасу деректері жиілеп, отбасылық құндылықтар екінші қатарға ысырылған шақта Рудныйлық 39 жыл отасқан Мария мен Балғара Жұмағұловтар әулеті көпке өнеге. Бұл отбасының өмірлік жолы махаббат пен сыйластықтан, төзім мен сабырлықтан, еңбек пен адалдықтан құралған.
1986 жыл. Кеңес дәуірінің соңғы кезеңі, қоғамда өзгерістердің қарсаңы. Әлі тәуелсіздік жарияланбаған, елдің болашағы бұлыңғыр. Дәл осы уақытта екі жастың тағдыры бір арнаға тоғысты.
Мария апа ол күндерді езу тарта еске алады…
«Таныстығымыз достар арқылы басталды. Достарымызбен бірге жай ғана кездесіп жүргенбіз. Кейін жолдасым «алып қашамын» деп қамданған екен. Бірде көлікке отырғызбақ болғанда қатты айқайлап, «көмектесіңіздер!» дедім. Жанымыздан өтіп бара жатқан бір кісі тоқтап, «не болды?» деп сұрайды. Кейін өзара «өзіміз шешіп аламыз» дегендай жауап қатып, ақыры солай «алып қашу» әрекеті іске аспады», – дейді ол күлкісін жасыра алмай.
Бұл естелік олардың өмір бойғы әзіліне айналған.
«Егер сол күні алып қашып кетсе, мүмкін тағдыр басқаша болар ма еді?» – деп, кейде әңгіме арасында әзілдесіп қояды екен. Бірақ тағдыр жолын бәрібір тоғыстырды. Сол жылы 15 наурыз күні олар шаңырақ көтеріп, жаңа өмірге қадам басты.
Жастар шаңырақ көтерген соң біраз уақыт туған жері Әулиекөлде тұрды. Ауыл тіршілігі – еңбек пен қарапайымдылықтың мектебі. Балғара аға жастайынан еңбекке ерте араласыпты. Мектепте жүрген кезінен бастап ата-анасына қолғабыс етіп, малға қараған.
«Ол кезде ауылда өмір бірсарынды, бірақ берекелі еді. Таңертеңгі самалда қора тазалап, кейін мал шаруашылығымен айналысатынмын. Сол еңбектің бәрі мені шынықтырды», – дейді ол өткенді еске алып.
2007 жыл – отбасы өміріндегі үлкен бетбұрыс кезең. Елде нарықтық жүйе орнығып, ауыл шаруашылығының жайы қиындап, халық қалаға қарай ағылып жатқан кез.
«Жұмыс тапшылығы сезіле бастады. Балаларымыздың болашағы үшін қалаға көшуге тәуекел еттік. Ұлым 11 сынып тәмамдаса, кіші қызым 9-шы сыныпты аяқтады. «Жоғары білім алсын, жақсы қызметке тұрсын» деген арманымыз болды. Сөйтіп, осы ниетпен Рудныйға қоныс аудардық», – дейді Мария Жұмағұлова.
Қалаға алғаш келген жылдары оңай болған жоқ. Таныс-біліс аз, тұрмысқа бейімделу қиын. Бірақ олар мойымады.
«Бірнеше жыл ауыл мен қаланың ортасында жүрдік. Жазда ауылға барып, қыста қалада тұратынбыз. Ауылға деген сағыныш бәрібір тартып тұрады», – дейді сағынышпен Балғара аға.
2011 жылы Балғара ағаның өмірінде ауыр сынақ болды. Жамбас сүйегі сынып, бұл жағдай оған мүгедектік әкелді.
«Сол ауыл мен қаланың ортасында жүргенде, ауылға барған сайын мал шаруашылығымен айналысатынмын. Шаршағаннан ба, білмеймін, ауырып қалдым. Жамбас сүйегім сынып, мүгедектік берілді. Бірақ, мойымадым. Қайраттанып, қайтадан еңбекке араластым. 2014 жылы күзет саласына жұмысқа тұрдым. Адам әрдайым қозғалыста болуы керек», – дейді ол сабырмен.
Мария апа жаңа қонысына келген кезден бастап бір мекемеде, бір салада табан аудармай жұмыс істеп келген.
«2007 жылдан бастап «Орбита» мәдениет үйінде еңбек еттім, биыл, міне, 18 жыл болып, зейнетке шықтым. Еңбекпен өткен жылдарыма ризамын», – дейді ол.
«Мектеп газеттерінде өлеңдерім шығып тұратын. Өкінішке қарай, бір өрт кезінде барлық қолжазбам жанып кетті. Бірақ шығармашылықтан бас тартпадым. Қазір «Қостанай таңы» газетінде мақалаларым жарияланып жүр. Бұл, мен үшін, көңілге медеу», – дейді ол.
Өлең – оның жан серігі. Қиын сәтте де, қуанышты шақта да жүрегін ақ параққа төгіп, көңілін жеңілдеткен.
Бұл шаңырақ бүгінде 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкені мұғалім, ұлы комбинатта еңбек етеді, кенже қызы елордада жұмыс істейді.
«Біз өзіміз орыс мектебінде оқысақ та, балаларымызды қазақ мектебіне бердік. «Қазақы болсын, дәстүрінен ажырамасын» дедік. Қазір сол шешімімізге қуанамыз», – дейді Мария апа.
Немерелерінің жетістігі де әулеттің қуанышы. Бірі спорттан, бірі өнерден жүлде алып жүр.
«Алты-жеті немерелеріміз бар. Тағы бір немере сүюге дайын отырмыз. Солар біздің қуанышымыз. Балаларымыз бөлек тұрғанымен, күнде немерелерімізді ертіп келеді. Қарап отырып, өміріміздің зая кетпегенін сеземіз», – дейді Балғара аға мақтанышпен.
Жұмағұловтар үшін отбасының тұтастығы бәрінен қымбат.
«Отбасыны ұстап қалатын – әйелдің төзімі, ердің сабыры. «Ар-иманнан айырылмаңдар, шыдамды болыңдар» деп балаларымызға үнемі айтамыз. Бар ақылымызды жеткіземіз», – дейді олар бір ауыздан.
Отбасының берік сақталуы екі жанның ынтымағына байланысты. Олардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі айтқан сөздерінен-ақ аңғарылды.
«Ағаң көп сөйлемейді, бірақ айтса – турасын айтады. Сол қасиеті маған ұнайды. Ақынжанды болғаны үшін де ерекше құрметтеймін, солай көңілімді баурап алды», – дейді ол.
Ал Балғара аға Мария апаны шаңырақтың берекесі деп біледі.
«Ол кісінің қолөнерге икемі бар. Тігін тігедңі. Үйдің жылуы да, берекесі де – сол кісі», – дейді ол.
Бұл отбасы қазақы дәстүрді берік ұстанып келеді. Айт, ораза мерекелерін атап өтеді, мешітке барып құран оқытады. Отбасылық қуаныштарда туыстарды жинап, дастархан жаяды.
«Аталарымыздан қалған салт-дәстүр біз үшін қымбат. Әр мереке, жиынды қалдырмаймыз. Барлық салтты сақтанамыз, соны дәстүрге айналдырып отырмыз. Ұрпағымыз да сол құндылықты жалғастырса дейміз», – дейді әулет иелері.
Жұмағұловтар әулеті Кеңес дәуірінің тоқырауын да, 90-жылдардың ауыртпалығын да бастан өткерді. Бірақ әрдайым төзім мен еңбек арқасында еңсерді.
«Жұмыс істеп, тер төгіп, жетістікке жеттік. Өз еңбегімізбен осы күнге келдік. Қазір айтарымыз – елдің бірлігі, заманның тыныштығы, балалардың болашағы ғана», – дейді олар.
Жұмағұловтар әулетінің өмір жолы – нағыз өнеге. Бұл – ауылдан шығып, қалада орныққан, тағдырдың талай сынағын төзіммен өткерген берекелі отбасы. Олардың өмірі жас отбасыларға сабақ, ертеңгі ұрпаққа үлгі.
Жұмағұловтар айтқандай: «Шаңырақты әйелдің төзімі мен ердің сабыры ұстайды».
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген
Сұлтан СЕРТАЕВ