«Цифрландыру – ел дамуының жаңа деңгейі»

Рудный тұрғындары президент Жолдауы туралы пікір білдіруде

Қоғамдық кеңес мүшесі  Жанна Джамбурчина:

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген өзекті мәселелердің бірі – цифрландыру мен жасанды интеллект  саласындағы бастамалар болды. Бұл – заманауи әлемнің даму бағытын дәл аңғарған, алдағы онжылдықтарға негіз болар көреген саясаттың жарқын көрінісі деп білемін. Әсіресе білім беру саласында еңбек етіп жүрген ұстаздар үшін бұл бастама өте  маңызды. Себебі, бүгінгі оқушы – ертеңгі маман, ал заманауи маманға цифрлық сауаттылық, жасанды интеллект құралдарын пайдалану қабілеті ауадай қажет.

Президентіміз өз сөзінде экономиканың барлық салаларында цифрлық шешімдерді енгізу, жасанды интеллектті кеңінен пайдалану – басты міндеттердің бірі екенін баса айтты. Бұл бастамалар тек мемлекеттік басқару саласына ғана емес, білім беру, медицина, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және көлік логистикасы сияқты маңызды салаларға да тікелей әсер етеді. Демек, цифрландыру – тек технологиялық үдеріс емес, ол – ел дамуының жаңа деңгейге көтерілуінің алғышарты.

Цифрландыру мен жасанды интеллект арқылы біз күрделі процестерді оңтайландырып, адами фактордан туындайтын қателіктерді азайта аламыз. Сонымен қатар, бұл технологиялар шешім қабылдау жылдамдығын арттырып, деректерге негізделген басқару жүйесін енгізуге мүмкіндік береді. Мұның барлығы еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Қазақстан бұл бағытта едәуір жетістікке жетіп келе жатыр. Көптеген дамыған елдермен салыстырғанда цифрландыру саласында біршама алда келе жатқанымыз – мақтануға тұрарлық жетістік. Электронды үкімет, цифрлық білім беру платформалары, eQoldau, Kaspi.kz, eGov mobile сынды қызметтер – соның айқын дәлелі. Бұл – халқымыздың технологиялық мәдениетінің артқанын, цифрлық ортаға бейімделе бастағанын көрсетеді.

Білім беру саласында да осы үдеріс өз нәтижесін беруде. Қашықтан оқыту, цифрлық оқулықтар, интерактивті платформалар мен жасанды интеллектке негізделген білім беру құралдары – мұғалім мен оқушы арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтерді. Алайда, бұл бағытта әлі де жүйелі жұмыс қажет.

Қорыта айтқанда, цифрландыру мен жасанды интеллект – бұл уақыт талабы ғана емес, ұлттың болашағы. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бағыттағы саясаты – еліміздің технологиялық, экономикалық және әлеуметтік дамуының жаңа дәуірін ашуға бағытталған батыл әрі өзекті қадам.

 

Дайындаған Гүлім МҰРАТ,

суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *