Айман ЕЛМҰРАТОВА: «Шаш қию бағасы 300 теңге еді»

Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанға шетелден миллионнан астам этникалық қазақ қоныс аударды. Оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр, жұмыспен де қамтылуда.

Қандастарымыздың бірі жеке кәсіппен айналысса, енді бірі мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, аз уақыт ішінде қоғамға араласып кетті. Солардың бірі – рудныйлық Айман Елмұратова

Өзбекстан Республикасы Үшқұдық қаласынан 12 жыл бұрын келген Айманның арманы жеке кәсібін ашу еді. Қолына қайшысы мен тарағын ұстаған ол тұрғындарға қызмет көрсете бастайды. Ал, шашты сәндеуді бала кезінен жақсы көріпті. Өз еліне оралған соң, алғашқы кезде клиенттерін үйде қабылдай бастаған. Сөйтіп, кәсібі ақырындап өрге дөңгелеп, соңы өз кәсібің ашуға әкелді.

«Біз 2011 жылы желтоқсан айында Өзбекстан Республикасынан Рудный қаласына келдік. Бала кезімнен шашты сәндеумен айналыстым. Кейін осы жерге келген соң, клиенттерді үйде қабылдай бастадым. Ол кезде шаш қию бағасы 300 теңге еді. Шаштаразшы бола жүріп, кафелерде аспазшы болып қызмет еткен күндерім де болды. Қазіргі таңда осы жекеменшік салонымды ашқаныма 5 жыл толды. Мұндай жетістікке жетуім, ең бірінші, Алланың, екінші – халықтың арқасында», – деп Айман Елмұратова жетістікке жетудегі сырымен бөлісті.

Айман Елмұратова бастапқыда қиын болғанын жасырмайды. Оның айтуынша, адамдарды қабылдау үшін түрлі сауда үйлерінен шағын бөлмелерді жалға алуға тура келді. Соған қарамастан тұрақты тұтынушылары көп болды. Ол қиындыққа қаймықпай, еңбек етіп, өз маңдай терімен адал табыс тауып жүр. Біз келгенде шаштаразшының салоны әдеттегідей тұтынушыға толы болды. Оның сапалы қызметіне жас та, қарт та дән разы.

«Айман Саматқызы осы қалаға келіп, шаштаразды ашқаннан бері тұрақты клиентіне айналдым. Шаш алу жылдамдығы ұнайды, қандай үлгіні қаласам да, бәрі де қолынан келеді», – деген ойымен тұрақты келушілердің бірі Бақытбек Бөлекбаев бөлісті.

Рудныйлық шебер ерлер мен қыз-келіншектердің шашын қиып, әрлеп, бояумен бірге қаладағы ұл-қыздарға шаш сәндеудің қыр-сырын үйретеді. Қазіргі таңда қол астында 3 қыз-келіншек жұмыс істейді. Елге оралғанына 1 жылдан асқан Жансая Игисинова да әйелдерді, қыз-келіншектерді әдемі қылғанды, бояғанды жақсы көреді екен. Бүгінгі таңда шашты қиюды, сәндеуді Айман ханымнан үйреніп жүр. Осы саланы дамытуға бел буған Жансая жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру жобасына қатысып, «Шаштараз» бизнес жобасын қорғап, бағын сынап көруде.

«Бүгінгі уақытта гранттар беру жобасына қатысып жатырмын. Арманым – сұлулық салонын ашу. Қазақстанға келген соң, бағдарлама туралы естідім. Осы мүмкіндікті пайдаланғым келді, бизнес-жоспарымды тапсырдым. Бұл жастар үшін мемлекет тарапынан берілген таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын. Өзбекстан елінде жағдайымыз жақсы болды. Десе де, Қазақстанда мүмкіндіктер, оқулар өте көп. Елімізді білім деңгейі жоғары, дамыған деп есептеймін. Жат елден өз туған жерімізді аңсап келдік. Балаларым ата-баба елінде ер жетіп, тілді, салт-дәстүрін біліп өскенін қалаймын», – дейді Жансая Игисинова.

Айманның да, Жансаяның да мақсаты – шаштараз кәсібін қолға алу ғана емес, ұл-қыздарын ұлттық тілмен сусындатып, ата-баба салты мен әдет-ғұрпынан нәр алсын деген ой еді. Ресми ақпараттарға сүйенсек, биыл да Қостанай облысына 150 қандас қоныс аудармақ. Елімізге қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдауға арналған квота бекітілді. Оларға мемлекет тарапынан қолдаудың барлық түрі көрсетілмек, әрі жұмыспен қамтылады.

Арай Марат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *