Алдағы күндері Қазақстанда нөсер жауады

«Қазгидромет» синоптиктері 2, 3 және 4 маусымға арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Қазақстанда ауа райы күрт өзгереді

Болжам бойынша, атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады – найзағай ойнап, жаңбыр жауады деп күтіледі.

«2 маусымда Павлодар облысында, 3 маусымда Атырау, Маңғыстау облыстарында, 3-4 маусымда Ақтөбе облысында, 4 маусымда Қостанай облысында нөсер жауып, бұршақ түседі, екпінді жел соғады», — деп хабарлады метеорологтар.

Республика бойынша жел күшейіп, оңтүстік-батыста және оңтүстікте шаңды дауыл тұрады деп болжанды.

Температура көрсеткіштері қандай болмақ?

Күндіз ауа температурасы Қазақстанның батысында +23…+28 градусқа дейін көтеріледі, солтүстік-батыста күндіз +13…+26 градусқа дейін төмендейді, солтүстікте +25…+32 градусқа дейін, елдің орталығы мен шығысында +27…+36 градусқа дейін көтеріледі, ал республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында +25…+35 градусқа дейін аздап төмендеуі күтіледі.