Алтын жүректі дәрігер

Жүрек – адам бойындағы ең маңызды бөлшек. Ол дене бөлігі қызметін атқарады.

Сонымен қатар адам баласының барлық жақсы, жаман көңіл-күйлері жүрекке тікелей әсер етіп, сол арқылы сыртқа шығады.

– Дана Абай: «Тіл жүректің айтқанына көнсе жалған шықпайды» – деген. Ия, адамның ең аяулы жері – жүрек. Ең тазасы да сол. Жүрек бәрін басқаратын мүше. Адам баласының денесіндегі қан айналымы жүрек арқылы жүзеге асады. Ең нәзік, ең сезімтал да – жүрек. Осы жүректі емдеу мен сақтауда кардиолог дәрігерлердің атқарар рөлі зор, – дейді Рудныйлық көпбейінді ауруханың функционалдың диагностика дәрігері Баян Қожанова.

Кейіпкеріміз – кеншілер қаласындағы алғашқы қазақ сыныбы мен балабақшадағы алғашқы қазақ тобының ашылуына өлшеусіз еңбек сіңірген Омар Төртбаевтың қызы. Саналы ғұмырын жүректерді емдеуге арнаған Баян апайдың осы жолды таңдағанына тамызда 49 жыл толады. Көктем мерекесі қарсаңында «Жыл әйелі – 2022» сыйлығына ие болды. Лайықты марапат.

– Мен зейнетке шықсам да 1999 жылдан бері бері қалалық аурухананың кардиология бөлімінде жұмыс істеп келемін. Көптеген жас дәрігерлерді тәрбиеледім, жөн сілтедім, жоба көрсеттім. Олардың білікті маман болып қалыптасуына еңбек еттім. Өйткені, қаламызда ғана емес, елімізде кардиолог мамандар тапшы, – дейді ардагер.

Баян Қожанова көп жылдар бойы жүректегі патологиялық өзгерістерді зерттеп келеді. Сол себепті диагностика нәтижелеріне қарап қалмай, науқаспен тілдесу арқылы дұрыс диагноз қоя алады. Ал дер кезінде тағайындалған ем тиімді болары сөзсіз.

Баян Омарқызы өз өмірін денсаулық сақтау саласымен байланыстыру туралы шешімді бала кезінде қабылдаған. Бұл таңдауға анасы дертті болғанда оның сауығып кетуіне көмектесу ниеті әсер еткен көрінеді. Алға қойған мақсатына жең түре кірісуді әдет қылған жас ару мектепті бітіргеннен соң сол кездегі Целиноградтағы медициналық
институтқа түсіп, оны сәтті аяқтаған.

– Мен Рудный қаласына 1973 жылдың 1-ші тамызында келдім. 6-шы тамызынан бастап осы күнге дейін медицина саласында қызмет етіп келемін. Алғашында еңбек жолымды бастағанымда ССКӨБ-тің медициналық-санитарлық бөлімі болды. Ширек ғасыр бірлестік фабрикасында терапевт болып жұмыс істедім. Әрі қарай, «енетұғын сезіміңнің қыр-сыры, сөнбесін тек жүрегіңнің дүрсілі» деп ұрандатып, жұмыр жүректің ғұмырлы болуына бар күшімді салып келемін, – дейді білікті дәрігер.

Бүгінгі таңда Баян Қожанова – Рудный қалалық ауруханасындағы ең білікті, әрі абыройлы дәрігерлердің бірі. Біз «алтын жүректі» апайдың деніне саулық, жұмысына тек қана табыс тілейміз!

Айзат ИБРАГИМ

газета «Рудненский рабочий»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *