Аптаптан араша

Рудныйлық дәрігер ыстық өтудің алдын алу жолдарын атады

Жаздың келуімен күннің күрт ысуы денсаулыққа салмақ түсіреді. Әсіресе кейінгі жылдары жаһандық климаттың өзгеруіне байланысты аптап ыстық күндер жиіледі. Осы орайда Рудный қалалық №1 емханасының жалпы тәжірибе дәрігері Яркинбек Ирискуловпен күн мен ыстық өтудің алдын алу және оның алғашқы белгілері жайында әңгімелескен едік.

Дәрігердің сөзінше, ыстық өту – қоршаған ортаның жоғары температурасы әсерінен ағзадағы жылу реттеу жүйесінің бұзылуы.

– Қалыпты жағдайда адам ағзасының температурасын реттейтін негізгі орталық – гипоталамус. Ол дене температурасын 36-37°C деңгейінде ұстап тұрады. Ал ыстық өту кезінде ағзада жылу түзілуі мен жылу шығару арасындағы тепе-теңдік бұзылады. Ағза шамадан тыс қызады да, терлеу арқылы жылуды сыртқа шығару функциясы жеткіліксіз болып қалады. Нәтижесінде қан қоюланып, мүшелер мен ұлпалардың оттегімен қамтамасыз етілуі төмендейді, жүрек қызметі бұзылып, көп ағзалы жеткіліксіздік дамуы мүмкін. Ыстық өтудің белгілері оның ауырлық деңгейіне қарай өзгереді. Жеңіл дәрежеде адам әлсіреп, басы айналады және қатты шөлдейді. Орташа деңгейде жүрек соғысы жиілеп, тыныс алу қиындайды, құсу белгілері пайда болады. Ал ауыр дәрежеде дене қызуы 42 градусқа жетіп, тері құрғайды, сананың бұзылуы мен құрысу байқалады. Рудный қаласында ыстық өтумен белгілерімен 2 тұрғын тіркеліп, оларға амбулаторлық көмек көрсетілді.

– Егер адамға ыстық өткенін байқасақ, ең бірінші қандай әрекет жасау керек?

– Күн өткен адамды дереу көлеңкеге не салқын бөлмеге ұйықтатып, қысып тұрған киімін шешу керек. Денесін салқын сумен сүртіп, ірі қан тамырлары өтетін мойнға, қолтық асты мен шап аймағына мұз немесе сулы компресс басқан жөн. Есі дұрыс болса, салқын су беріп, міндетті түрде жедел жәрдем шақыру қажет. Ауруханада немесе емханада мұндай науқастарға алдымен тексеру жүргізіледі: жалпы қан анализі, қанның биохимиялық көрсеткіштері, ағзадағы тұздар мен минералдардың (электролиттердің) деңгейі және қандағы оттегі мөлшері анықталады. Жағдайы ауыр науқастар міндетті түрде ауруханаға жатқызылады. Емдеудің негізгі мақсаты – ағзаның жағдайын тұрақтандыру. Ол үшін дене қызуын түсіреді (салқындатқыш көрпелер, мұз басу), ағзадағы су мен тұз теңгерімін қалпына келтіру үшін арнайы сұйықтықтар тамыр арқылы енгізіледі, тыныс алуды жақсарту үшін оттегі беріледі. Сонымен қатар құрысуды тоқтату, қан қысымын қалыпқа келтіру сияқты қосымша ем жүргізіледі. Егер уақытында медициналық көмек көрсетілмесе, ми ісінуі, жүрек, бүйрек немесе бауыр жұмысының бұзылуы сияқты ауыр асқынулар пайда болуы мүмкін.

– Оқырмандарға, әсіресе ата-аналар мен егде жастағы адамдарға дәрігер ретінде қандай негізгі кеңес берер едіңіз?

– Ең маңыздысы – аурудың алдын алу шараларын сақтау. Себебі ауруды емдегеннен гөрі, оның алдын алу әлдеқайда тиімді. Ең алдымен ағзадағы су балансын бақылау қажет. Жазда күніне кемінде 1,5–2 литр таза су ішіп, шөлдегенді күтпей, суды тұрақты түрде тұтынған дұрыс. Киім таңдауға да мән беру керек: ашық түсті, табиғи матадан тігілген, кең киімдер киген жөн және міндетті түрде бас киім пайдалану қажет. Сондай-ақ ауыр физикалық жұмысты күннің ең ыстық уақытына жоспарламай, таңертең немесе кешке орындаған қауіпсіз. Үй мен жұмыс орнын жиі желдетіп, ауа айналымын қамтамасыз ету де маңызды. Балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет. Оларды ешқашан жабық көлікте жалғыз қалдыруға болмайды, жеткілікті су ішіп, күн астында ұзақ жүрмеуін бақылау керек. Ал егде жастағы және созылмалы аурулары бар адамдар бөлме температурасын қадағалап, сұйықтықты жеткілікті мөлшерде тұтынғаны жөн. Жалпы, қарапайым сақтық шараларын сақтау жаз мезгілін қауіпсіз өткізуге көмектеседі.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО