Жазғы еңбек

Рудныйда жастар еңбек жасақтарының маусымы басталды

Рудный қаласында 150 бозбала мен бойжеткен жастар еңбек жасақтарының қатарына қабылданды. Жастар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын тиімді өткізуге бағытталған бұл жоба 1 маусымда басталды. Қатысушылар өз бетінше табыс тауып қана қоймай, ұжымда жұмыс істеу дағдыларын меңгереді, сондай-ақ қаланы абаттандыру ісіне және экологиялық акцияларға үлес қосады.

Жастар ресурстық орталығының басшысы Ақпілек Шохованың пікірінше, бұл – жасөспірімдер мен студенттер арасында үлкен сұранысқа ие әлеуметтік жобалардың бірі.

– Жасақтардың негізгі мақсаты – жастарды, соның ішінде уақытша жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмыспен қамту, сондай-ақ олардың тұлғалық және әлеуметтік құзыреттіліктерін дамыту, – деді ол.

Биыл жобаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 23 миллион теңге бөлінді. Мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы бойынша жобаның мердігері болып «Рахат-2018» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бекітілді.

Еңбек бригадалары тек Рудный қаласында ғына емес, Қашар және Горняцк кенттерінде де жұмыс істейді. Қызметтің негізгі бағыттары – көшелерді, саябақтар мен скверлерді абаттандыру, қала аумағын көгалдандыру, экологиялық акцияларға, сенбіліктерге және басқа да қоғамдық пайдалы іс-шараларға қатысу.

Жастар ресурстық орталығының басшысы қатысушылардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді.

– Зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстарға жастар мүлдем тартылмайды – деді Ақпілек Шохова.

Кәмелетке толмағандар үшін заңнама талаптарына сәйкес тиісті еңбек жағдайлары қарастырылған. 14 пен 16 жас аралығындағы жасөспірімдер күніне төрт сағаттан артық жұмыс істемейді. Олардың жұмыс уақыты сағат сегізден он екіге дейін белгіленген. Ал 16 мен 18 жас аралығындағы жасақ мүшелері міндетті түскі үзілісті есепке ала отырып, күніне жеті сағатқа дейін еңбек ете алады. Олардың жұмыс уақыты сағат сегізден беске дейін созылады. Әрбір қатысушының жұмыс істеу ұзақтығы бір күнтізбелік айды құрайды.

Жастар еңбек жасағы мүшелерінің еңбекақы көлемі міндетті төлемдерді шегергенге дейін 85 мың теңгені құрайды. Бригадирлер болса 150 мың теңге алады.

Жоба аясында барлығы кемінде 150 адамды және 15 бригадирді жұмыспен қамту жоспарлануда. Рудный қаласында 105 жасақ мүшесі мен тоғыз бригадир, Қашар кентінде 30 жасақ мүшесі мен үш бригадир, ал Горняцк кентінде 15 жасақ мүшесі мен үш бригадир жұмыс істейтін болады.

Ақпілек Шохованың сөзінше, қатысушылардың негізгі бөлігін оқушылар

мен колледж студенттері құрайды. 18 жастан асқан жастар көбіне тұрақты жұмыс орнын таңдағанды жөн көреді, алайда олар да жасақтардың бригадирлері мен командирлері лауазымына үміткер бола алады.

Жоба қатысушылары еңбек жасақтарына қосылу тек өз бетінше табыс табу мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтау жолы екенін айтты.

– Биыл мен еңбек жасағында бірінші жыл жұмыс істеп жатырмын. Анам маған еңбек жасағына қабылдау жүріп жатқанын айтып, осы жазда барып жұмыс істеп көруді ұсынды. Мен келісіп, жұмысқа орналастым. Қазір жасым 14-те болғандықтан, күніне таңғы сағат сегізден он екіге дейін жұмыс істеймін. Жалақысы өз қажеттіліктеріме жетеді. Мұндағы ұжым да өте жақсы, бәрі бір-біріне көмектеседі. Мен болашақта компьютер сатып алу үшін ақша жинап жүрмін. Сол себепті еңбек жасағында тағы да ұзақ уақыт жұмыс істегім келеді, – деді Рудный қаласындағы №4 мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Захар Алимов.

Міржақып Дулатұлы атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Ханшайым Тәйкешева да әсерімен бөлісті.

– Шөп жұлып, жер қопсытамыз. Бұрын мұндай тәжірибе болған жоқ, бірақ бұл қиын емес, бірінші күннен-ақ үйреніп кетуге болады. Жұмыстк бәрін үйретіп, қалай дұрыс орындау керектігін көрсетеді. Құрал-саймандар мен арнайы киімдер де беріледі. Таңертең бүкіл команда «Рахат-2018» ЖШС базасына жиналамыз, бір күнге арналған міндеттер түсіндіріледі. Жасағымызда 18 жұмыскер бар. Барлығымызды бір жерге апарып, сонда төрт-бес адамнан бөледі. Балалардың бәрі өте тату әрі белсенді, қазірдің өзінде достасып үлгердік. Жалақысы да көңілден шығады. Тапқан ақшамды оқуыма кеңсе тауарлары мен түрлі курстарға жұмсағым келеді. Әзірге нақты шешім қабылдаған жоқпын, бірақ мектептен кейін сәулетші болғым келеді, – деп бөлісті Ханшайым Тәйкешева.

Жастар еңбек жасақтарының қызметі тек аумақтарды абаттандыру жұмыстарымен шектелмейді. Қатысушылар үшін олардың белсенді өмірлік ұстанымы мен командалық жұмысын дамытуға бағытталған қосымша іс-шаралар ұйымдастырылады.

– Балалар экологиялық акциялар мен сенбіліктерге үлкен құлшыныспен қатысады. Сонымен қатар, олар үшін қосымша іс-шаралар – тренингтер, семинарлар, жорықтар мен плоггингтер өткізіп тұрамыз, – деді жастар ресурстық орталығының басшысы Ақпілек Шохова.

Орталық басшысы қатысушылардың құқықтарының сақталуы тұрақты бақылауда екенін атап өтті:

– Кез келген өтініш-тілекке жедел әрекет етеміз. Қатысушылардың құқықтарының сақталуын бақылау тұрақты түрде жүргізіледі. Жұмыс басталмас бұрын барлық қатысушылар міндетті түрде техникалық қауіпсіздік нұсқамасынан өтеді. Мамандар Рудный қаласына, Қашар және Горняцк кенттеріне арнайы барып, жастарға еңбек жағдайлары мен тәртіп ережелерін егжей-тегжейлі түсіндіреді.

Жастар еңбек жасақтары көптеген рудныйлықтар үшін үлкен өмірге жасаған алғашқы қадам, өз бетінше табыс табу, пайдалы тәжірибе жинақтау және туған қаласын абаттандыруға үлес қосу мүмкіндігі болып қала бермек. Біреулер үшін бұл жеке мақсаттарына ақша жинаудың сәті болса, басқалар үшін еңбек ұжымында өзін сынап көру және болашақта қажет болатын дағдыларды меңгеру мүмкіндігі. Дәл сол себепті бұл жобаға деген қызығушылық жылдан-жылға тұрақты түрде жоғары болып келеді.

 

Арай АХМЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО