Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннен Қазақстанда ата-аналар үшін жұмыс күнін қысқарту мүмкіндігі туралы сұралды. Мұндай ұсыныс бұған дейін Мәжілісте айтылған еді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден ата-аналар үшін жұмыс күнін қысқартуды ұсынды. Сіз бұл бастамаға қалай қарайсыз? Сіздің ойыңызша, бұл экономика үшін қаншалықты тиімді?» – деген сұрақ қойылды.
Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұл бастаманы естімегенін, десе де оны түсініп, егжей-тегжейлі зерделеу керек екенін айтты.
«Әлемдік тәжірибеде мұндай нәрсе бар. Біреу үйде отырса, үйдегі тірлікпен айналысса, әсіресе, балаларға қараса, кәдімгі еңбек. Оны елемеуге болмайды. Мұның бәрі — есептелетін заттар, экономикада бәрі есептеледі. Сондықтан бұл бастаманы тереңірек бағалау қажет», — деді ол.
Шенеунік депутаттар ресми түрде жүгінсе, олардың кез келген бастамасын Үкімет қарауға міндетті екенін айтты.
Еске салайық, Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден кішкентай балалары бар ата-аналар үшін жұмыс күнін бір сағатқа қысқартуды ұсынған болатын. Депутат бұл мәселені бұған дейін үкімет деңгейінде көтергенін, бірақ әзірге шешім жоқ екенін айтқан.