Горняцкий мен Перцевте атқарылған жұмыстар қорытындыланды
Горняцкий кенті мен Перцев ауылының әкімі Зейнелғабиден Әбілов қала әкімдігінде өткен брифинг барысында жыл бойы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы кеңінен баяндады. Бұған дейін ол ауыл тұрғындарымен есептік кездесу өткізіп, халықпен ашық диалог орнатудың маңызын атап өткен болатын.
– Мұндай кездесулер – есеп беру үшін ғана емес, тұрғындардың ұсыныс-пікірін естіп, нақты мәселелерді бірлесе шешу үшін қажет, – деді ауыл әкімі.
Бүгінде Горняцкий кентінде 1105 адам, ал Перцевка ауылында 545 тұрғын бар. Экономикалық тұрғыдан белсенді халық үлесі – 93 пайыз. Аталған елді мекендердің дамуына биылғы жылы 193,7 миллион теңге бағытталған.

АБАТТАНДЫРУ МЕН ЖОЛ – БАСТЫ БАСЫМДЫҚ
Жыл ішінде жүзеге асқан ірі жобалардың бірі – Горняцкий кентінде, әкімдік маңындағы бұрын бос жатқан аумақта сахнаның орнатылуы. Бұл жобаға 13 миллион теңге жұмсалған. Сонымен қатар аумақ абаттандырылып, 400 шаршы метр тротуар плиткасы төселді, орындықтар, қоқыс жәшіктері, балаларға арналған айналмалы құрылғылар орнатылып, жарық жүргізіліп, ағаштар отырғызылды. Аталған жұмыстарға шамамен 6 миллион теңге бөлінген.
– Бүгінде бұл орын ауыл тұрғындарының демалатын, мерекелік іс-шаралар өтетін ортасына айналды. Халықтың оң бағасын алып отыр, – деді әкім.
Ал Перцев ауылында ең өзекті мәселе – жол жөндеу болатын. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Фадеев, Речной және Южная көшелеріне орташа жөндеу жүргізілді. Жалпы ұзындығы 1,5 шақырымды құрайтын жолдарды жөндеуге 68,6 миллион теңге жұмсалған. Қыркүйек айында жұмыстар толық аяқталып, сапасы тиісті сараптамадан өтті.
– Перцевте жол мәселесін соңғы жылдардағы жұмыстарды ескере отырып, толық шештік деуге болады. Бұл бағытта тұрғындардың наразылық айтуына негіз жоқ, – деп атап өтті Зейнелғабиден Әбілов.
ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК
Перцев ауылында көше жарығы 100 пайыз қамтылған. Ал Горняцкий кентінде 45 шам ауыстырылып, өздігінен оқшауланған сымдар жаңартылды. Бұл жұмыстарға 2,3 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар 142 ағашқа санитарлық кесу жүргізіліп, оған 1,4 миллион теңге жұмсалған. Қыс мезгілінде қар шығару жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Қатты тұрмыстық қалдықтар мен заңсыз қоқыс орындарын жою да назардан тыс қалған жоқ.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында Перцевте мектеп маңына, ал Горняцкийде бірнеше учаскеге жасанды жол кедергілері орнатылды. Жер қатынастары саласында да бірқатар жұмыстар атқарылды. Перцев ауылында жеті көшеге кадастрлық нөмір берілсе, Горняцкийде тоғыз көшедегі жер телімдерінің бағалау құны анықталды.
ХАЛЫҚ КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕР
Есептік кездесулер барысында тұрғындар қоғамдық көлік мәселесін де көтерді. Әсіресе демалыс күндері Перцевка бағытына автобус қатынасының болмауы алаңдатады. Бұл мәселе алдағы уақытта тасымалдаушыларға берілетін дотацияларды қарастыратын комиссия отырысында талқыланбақ.
Келер жылы Горняцкий кентінде көшелерді абаттандыру жоспарланып отыр. Ауылдың ерекшелігін ескере отырып, асфальттың орнына қиыршық тас, құм және цемент қоспасын пайдалану арқылы жол салу көзделген. Құжаттары дайын бұл жоба шамамен 65 миллион теңгеге бағаланып отыр.
– Егер қаржы бөлінсе, көктемде-ақ іске кірісеміз. Бұл шешім бюджет қаражатын үнемдеуге және жұмысты жедел бастауға мүмкіндік береді, – деді ауыл әкімі.
Осылайша, Горняцкий мен Перцевкада атқарылған жұмыстар ауыл өмірінің сапасын арттыруға, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Алдағы жоспарлар да осы бағытта жалғасын таппақ.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген Айбар БЕРІК