Бес киіз үйден басталған береке

Рудный Наурызды қалай қарсы алды?

Биыл еліміз бойынша Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтті. Рудный қаласы да бұл мерекеден шет қалмай, онкүндік аясындағы барлық іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырды. Ал 22 наурыз күні қала орталығы нағыз думанға айналды.

Мерекелік бағдарлама алдын ала жарияланған жоспарға сай өтті. Қала тұрғындары үшін ұлттық рух пен заманауи серпін тоғысқан ерекше алаң қалыптасты.

БЕС КИІЗ ҮЙ – БЕС БАҒЫТ

Рудный қалалық «Мәдениет, демалыс және шығармашылық орталығының» басшысы Мұқан Ноғаевтың айтуынша, мерекеге дайындық екі айға созылған.

– Біздің биылғы басты межеміз – Наурыз мейрамын жай ғана мерекелік концерт деңгейінде қалдырмай, мазмұндық жағынан жаңа деңгейге көтеру болды. Негізгі акцентті қала тұрғындарын барынша тартуға және ағартушылық бағытқа қойдық.

Ең басты ерекшелігіміз – алаңдағы киіз үйлердің қызметі өзгерді. Олар тек «қонақ күтетін үй» емес, таңертеңнен кешке дейін есігі айқара ашық тұрған интерактивті танымдық кеңістіктерге айналды. Кез келген тұрғын кезекке тұрмай-ақ, ішке еркін кіріп, әр шаңырақтың өзіндік тақырыбымен таныса алды. Бір үйде көне жәдігерлер мен ұлттық аспаптар сөйлесе, екіншісінде жасанды интеллект пен заманауи технологиялар көрініс тапты. Яғни, біз өткен тарих пен жарқын болашақтың арасына алтын көпір орнатуға тырыстық. Әр үйдің мазмұны әртүрлі болғандықтан, тұрғындар бір емес, бес түрлі әлемге саяхат жасағандай әсер алды деп ойлаймын, – деді ол.

Алғашқы киіз үй мәдениет бөлімінің тікелей жетекшілігімен жасақталды. Мұнда «Тарих» және «Алтын домбыра» ұжымдары бірлесіп, нағыз рухани қазынаның көрмесін ұйымдастырды. Күмбірлеген домбыралар, көнеден сыр шертетін ұлттық бұйымдар мен табиғаттың жаңаруын, көктемнің келуін бейнелейтін таңғажайып суреттер қойылды. Бұл үйге кірген жан өнер мен тарихтың тамырлас екеніне тағы бір мәрте көз жеткізді.

Екінші киіз үй білім саласына тиесілі болып, биыл қазақ халқының тарихи тұлғаларына ерекше назар аударды. Бұл – білім мен тағлымның сабақтастығын көрсетудің бірегей жолы болды. Рудныйдағы 21 мектеп бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, өз оқушыларының үздік шығармашылық еңбектері мен шағын ғылыми жобаларын таныстырды. Ал осы үйдің дәл алдындағы зәулім сахнада жас таланттардың қатысуымен думанды концерттік бағдарламаның көркі қызды.

Үшінші киіз үй нағыз этнографиялық орталыққа айналды. Мұнда бабаларымыздан қалған, бірақ бүгінде ұмытыла бастаған асыл мұраларымыз дәріптелді. Келушілер шұбаттың қалай дайындалатынын көріп, киіз басудың қыр-сырына қанықты. Қол диірмен тартып, жілік сындыру сынды ерлік пен ептілікті қажет ететін дәстүрлер көрсетіліп, ұлттық болмысымызды қайта тірілтті.

Төртінші шаңырақ қала колледждерінің студенттеріне арналды. Биылғы жылдың маңызды оқиғасы – ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығымен орайластырылған бұл көрме білім мен ағартушылықтың маңызын паш етті. Болашақ мамандар өздерінің білім деңгейі мен кәсіби дағдыларын көрсетіп, «кел, балалар, оқылық!» деген ұранды іспен дәлелдеді.

Бесінші киіз үй өндіріс алыбы – ERG (ССКӨБ) компаниясының бастамасымен заманауи бағытта жабдықталды. Мұнда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған цифрландыру саясатының жемістері көрсетілді. VR-көзілдіріктер арқылы виртуалды әлемге саяхат жасап, интерактивті ойындар ойнауға мүмкіндік болды. Бұл экспозиция Рудныйдың тек тарихы ғана емес, жоғары технологиялық болашағы бар қала екенін айқын аңғартты.

Ыбырай ізімен: технология мен тарих тоғысқан алаң

Төртінші киіз үй – Ұлы тұлғалар ізімен шаңырағының ұйымдастырушысы, Рудныйдың орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Лариса Александренко биылғы тұжырымдаманың ерекшелігіне тоқталды. Олар Ұлы ағартушының мерейтойын жасанды интеллект тақырыбымен ұштастырған.

– Барлық дайындықты қала колледждері (Рудный музыка колледжі, Рудный құрылыс және көлік колледжі, Рудный политехникалық колледжі, Рудный тау-кен технологиялық колледжі және т.б) мен кітапхана ұжымы бірігіп атқарды. Көрмедегі құнды жәдігерлер Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің Ыбырай Алтынсарин атындағы музейінен әкелінді. Біз жасанды интеллекттің білім саласында қалай қолданылып жатқанын көрсету үшін арнайы бейнеролик дайындадық, – дейді ол.

Келушілер VR-көзілдірік киіп, ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі даму жолына виртуалды саяхат жасады. Технологиялық жаңалықтарға қарамастан, киіз үйдің іші толықтай қазақы нақышта безендіріліп, ұлттық колоритті сақтап қалған.

Бесінші шаңырақ алаңдағы жалғыз таза ағаштан тұрғызылған киіз үй болуымен ерекшеленді. Оны ERG компаниясы қатарынан екінші жыл құрып отыр. Биыл олар Рудный индустриялық университетімен (РИУ) бірігіп, «AI-киіз үй» тұжырымдамасын ұсынды.

ERG корпоративтік университетінің тренер-нұсқаушысы Михаил Юнисовтың айтуынша, басты мақсат – білім беру мен жаңа мамандарды тарту. Келушілерге компания қызметкерлерін оқытатын бағдарламасы таныстырылды. Бұл жүйе арқылы тау-кен жабдықтарын жөндеушілерден бастап, стропальщиктер мен қауіпсіздік операторларына дейін біліктілігін арттырады.

– Адамдардың, әсіресе, өндірістік дрондарға қызығушылығы зор. Олар тек зауыттар мен карьерлерді бақылап қана қоймай, су тасқыны немесе өрт кезінде төтенше жағдайлар қызметіне де көмектеседі. Ал студенттер мен қызметкерлер AI-оператор арқылы қажетті техникалық құжаттарды лезде таба алады, – дейді тренер-нұсқаушы.

РИУ ұсынған виртуалды шындық құрылғылары арқылы кез келген тұрғын заманауи оқу процесімен танысуға мүмкіндік алды.

ҰЛТ РУХЫ

Ұлттық спорт – қазақ болмысының, мәдениеті мен дәстүрінің айнасы. Биылғы спорттық бағдарлама асық ату, қой көтеру, қол күресі, гір тасын көтеру, тоғызқұмалақ және бес асық ойындарын қамтыды.

Рудный қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Марс Шұңғырбаевтың сөзінше, жарысқа қатысушылардың жасында шектеу болмаған. Таңғы сағат 10:00-де бір уақытта басталған сындарда тұрғындар күші мен ептілігін сынады.

– Адамдардың көңіл күйі тамаша. Бірі бағын сынауға келсе, екіншісі достарына жанкүйер болуға келген. Әр спорт түрінің жеңімпаздарына грамота мен медальдан бөлек, ақшалай сыйлықтар (1-орынға 50 мың, 2-орынға 30 мың, 3-орынға 20 мың теңге) табысталды. Бұған қоса, «Сокол» клубы ұйымдастырған қазақ күресінде жүлде қоры сәйкесінше 300, 200 және 100 мың теңгені құрады. Ал абсолютті жеңімпазға «Түйе балуан» атағы берілді, – деді бөлім басшысы.

Ол сондай-ақ, жарыстың барлығын кәсіби бапкерлер мен білікті төрешілер ашық әрі әділ басқарғанын қадап айтты.

ҚЫДЫР АТА КӨШІ

Қоңыр қобыз бен күмбірлеген домбыра үнінсіз Наурыздың көркі кірмес. Түскі сағат 12:00-де орталық алаңда басталған мерекелік концерт жұртшылыққа нағыз өнер шашуын сыйлады.

22 минуттық театрландырылған қойылымын сахналау үшін шығармашылық топ екі ай дайындалған. Ұлттық билер мен әндер төгіліп, сахна төріне Қыдыр ата көтерілген сәт халықтың ерекше ықыласына бөленді. Сонымен қатар, 130-дан астам ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатқан Қазақстанның бейнесі ретінде орыс, украин, татар, кавказ және өзбек халықтарының да өнері паш етілді.

– Алаңға келіп, өнерпаздардың әні мен мың бұралған биін тамашаладық. Барлық киіз үйлерді аралап шықтық, әсіресе білім ошақтарының шаңырағы ерекше тәнті етті. Ондағы ұлттық киімдер мен әшекейлер, қазақы бұйымдардың жиынтығы көздің жауын алады екен. Сонымен қатар, ССКӨБ компаниясының қара шаңырағы біз үшін нағыз жаңалық болды. Өзіміз комбинатта жұмыс істемегендіктен, өндіріс саласынан алыстаумыз. Ал мұнда кадрларды даярлау мен оқыту процесінің осындай заманауи визуализациялық форматқа көшкеніне куә болып, таңданысымызды жасыра алмадық. Бұл – біз асыға күтетін, нағыз екінші Жаңа жыл іспетті өте тамаша мереке. Биыл ауа райы да қабақ шытпай, Күн жарқырап тұр. Балалар мәз-мейрам, өзіміз де үлкен әсер алып, көтеріңкі көңіл күймен қайттық, – дейді қала тұрғыны Юлия Артемьева ағынан жарылып.

Шара барысында Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко тұрғындарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

– Бұл жарқын мереке әртүрлі ұрпақ пен ұлт өкілдерін бір арнаға тоғыстырып, бейбітшілік, татулық және өзара құрмет сияқты асыл құндылықтарды дәріптейді.

22 наурыз – жыл басы, табиғаттың оянып, тіршіліктің жаңаратын кезеңі. Бұл күн әрбірімізге жаңа мақсат қойып, дамуға, жасампаздыққа ұмтылуға ерекше серпін береді. Осындай сәттерде ата-бабаларымыздың даналығына жүгініп, Наурыздың бірлік пен ынтымақтың, өзара қолдаудың және адамгершіліктің мерекесі екенін еске аламыз.

Бүгінде рудныйлықтардың осы құндылықтарды берік ұстанып, бір-біріне қолдау көрсетіп жүргені ерекше қуантады. Қаламызда ортақ игілік жолында бірігіп, айтарлықтай табыстарға жетіп жүрген азаматтар аз емес. Біз сіздермен мақтанамыз!

Рудный қаласы алға қарай нық қадам басып, қайсар мінезі мен кең жүректі тұрғындары бар, бірлік пен өзара сыйластықты ту еткен, ұрпақтар сабақтастығын сақтайтын берекелі шаһар болып қала берсін!

Құрметті жерлестер! Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт, береке мен табыс тілеймін! Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы құтты болсын!

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО