Борышкерден еңбеккерге

Рудный қаласында алимент төлеушілерге арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Қаламызда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан бос жұмыс орындары жәрмеңкесі биыл қала прокуратурасымен бірлесіп, ерекше форматта өтті. Іс-шара алимент бойынша берешегі бар азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталды. Жәрмеңке «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын ілгерілету аясында ұйымдастырылып, әлеуметтік және құқықтық мәселелерді шешуге нақты қадам жасалды.

Рудный қалалық прокуратурасының прокуроры Назерке Әубәкірованың айтуынша, жәрмеңкенің негізгі мақсаты – алимент төлемейтін ата-аналарды жұмыспен қамту арқылы балалардың материалдық жағдайын жақсарту, оларды кәсіби оқыту және қайта даярлау.

– Жәрмеңке атқарушылық өндіріс бойынша борышкерлерді ғана емес, сондай-ақ өндіріп алушыларды, прокуратура органдарын, жергілікті атқарушы органдарды, жұмыс берушілер мен жеке сот орындаушыларын бір алаңға жинады. Өткен жылы алименттік міндеттемелерін орындамағаны үшін 8 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – деді прокурор.

Бүгінде қала бойынша алимент қарызы 56 миллион теңгеден асқан. Сот шешіміне сәйкес, борышкер ай сайын алимент төлеуге міндетті. Егер бір айдан астам уақыт төлем жүргізілмесе, алдымен ескерту беріледі. Одан әрі тиісті шаралар қолданылып, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке дейін тартылады.

Биылғы жылы бұл – үшінші жәрмеңке. Рудный қаласының мансап орталығы филиалының басшысы Ляззат Алдонгарованың айтуынша, іс-шараға шамамен 10 жұмыс беруші қатысып, 150-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылған.

– Негізі шара алимент бойынша берешегі бар, тұрақты жұмысы жоқ азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталды. Алайда қатысқан алимент төлеушілер саны шамамен 10 адамды ғана құрады. Олардың кейбірі сот орындаушыларының ертіп келуімен келді. Үлкен қалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі мамыр айында өтеді. Ал ерекше санаттағы азаматтар үшін тоқсан сайын осындай кездесулер ұйымдастырамыз, – деді орталық басшысы.

Жәрмеңкеге қатысқан ірі кәсіпорындардың бірі – «Злак Плюс М» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Компания 2007 жылдан бері жұмыс істейді және Қостанай облысындағы ең ірі макарон өнімдерін өндірушілердің қатарында. Кәсіпорын заманауи италиялық, ресейлік және қытайлық жабдықтармен жұмыс істейді, халықаралық көрмелерге қатысып, жоғары марапаттарға ие болған. Мәселен, «InterFood Astana» көрмесінде алтын медальмен марапатталған.

– Қазіргі таңда кәсіпорында 4 бос жұмыс орны бар. Компанияда жүк тиеуші, қаптаушы, науа тасушы, станок операторлары мен олардың көмекшілері сияқты бос жұмыс орындары бар. Негізгі талап – жауапкершілік пен еңбек етуге деген ниет. Міндетті түрде санитарлық (медициналық) кітапша қажет. Жұмысшыларға толық әлеуметтік пакет ұсынылады. Жүк тиеушілердің сағаттық ақысы – 1250 теңге, ай соңында сыйақы қарастырылған. Өндірістік мамандықтар бойынша жалақы ауысым санына байланысты есептеледі, орташа есеппен 18–20 мың теңге бір ауысым үшін төленеді, – деп түсіндірді кадр инспекторы Татьяна Машкина.

Тағы бір қатысушы – Рудный қаласындағы «Арасан» филиалы. Кәсіпорында шамамен 500 адам еңбек етеді. Қазіргі уақытта 6 бос жұмыс орны бар, жалпы 10 адам қабылдауға дайын. Қажетті мамандықтар қатарында қабылдап-тапсырушы, таңбалау жүйесінің операторы, желі операторы, күзетші-бақылаушы, қоймашы және өндірістік үй-жай тазалаушы бар.

Кәсіпорын өкілі Жанна Ысмақованың мәліметінше, жалақы мөлшері 200 мыңнан 250 мың теңгеге дейін. Мысалы, желі операторы – 200 мың теңге, қоймашы – 250 мың теңге алады. Бұдан бөлек, ай сайын жалақының 25 пайызы көлемінде сыйақы төленеді. Жаңа қызметкерлер 5–10 күндік тағылымдамадан өтеді, одан кейін ресми түрде жұмысқа қабылданады.

Жәрмеңкеге қатысушылар да өз пікірлерін білдірді. 25 жылдан астам еңбек өтілі бар Жақсымұрат Әбдурауков есімді азамат слесарь мамандығы бойынша тіркелгенін айтты. Бұл – оның осындай жәрмеңкеге екінші рет қатысуы.

Ал 30 жылдан астам еңбек өтілі бар Бұқарбай Шавдиров 1,5 жыл мектепте күзетші болып жұмыс істеп, 6 ақпаннан бастап қысқартуға түскенін жеткізді.

– Бірнеше кәсіпорынға тіркелдім, енді сұхбаттасуға шақырту күтемін. Жәрмеңкеде жұмыс берушілер толық қамтылған екен. Мұндай шаралар жұмыс табуға үлкен көмек береді. Осындай бастамалар үшін алғыс білдіремін, – деді ол.

Жәрмеңке барысында жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер тікелей тілдесіп, байланыс нөмірлерімен алмасты. Мансап орталығы мамандары қысқа мерзімді курстарға жазылу мүмкіндігін ұсынып, тұрақты еңбекке ынталандыру бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

 

Жанарай  НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО