Бірлік пен ынтымақтастықтың, татулықтың мерекесі

Рудныйда Құрбан айт қалай атап өтілмек?

Бүкіл адамзат баласын ізгілік пен бірлікке, қанағат пен қайырымдылыққа үндейтін, мұсылман үмбетінің ең ұлық мерекесі – Құрбан айт таяп қалды. Дін мен дәстүрді сабақтастырған бұл айтулы мейрам биыл мамыр айының соңына дөп келіп отыр. Осы ретте Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Серік Рахым алдағы уақытта атқарылатын шаралар, құрбандық шалудың тәртібі мен ережелері және биылғы мерекенің ерекшеліктері туралы кеңінен ақпарат берді.

Арапа – дайындық пен сүннет күні

Биыл Құрбан айт мерекесі жиырма жетінші мамырда бастау алады. Ал оның алдындағы күн, яғни жиырма алтыншы мамыр – қасиетті Арапа күні.  Арапа күнінің мәні мен маңызы діни үкімдер мен халықтық дәстүрде өзара астарласып, ерекше сипатқа ие болған. Қазақ халқының дәстүрінде Арапа күні айт мейрамына қызу дайындық (үй ішін тазалау, шелпек пісіру, т.б.) жасалатын уақыт ретінде қалыптасқан. Ал діни тұрғыдан алғанда, бұл күні ораза ұстау – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өсиет еткен айтулы сүннет амалдарының бірі.

Айт намазы және құрбандық шалу уақыты

Мерекенің алғашқы күні, яғни 27-ші мамыр таңғы сағат алтыда Рудный қаласындағы «Нұр» мешітінде айт намазы оқылады. Бас имам барша қала тұрғындары мен қонақтарын ұлық намазға қатысып, сауаптан үлес алуға шақырады. Айт намазы оқылып болғаннан кейін ғана құрбандық шалу рәсімі басталады. Құрбандық шалу үрдісі үш күнге созылады: 27, 28 және 29-шы мамыр күндері ақшам намазының уақыты кіргенге дейін мал союға рұқсат етіледі.

Құрбандық шалынатын арнайы орындар мен ветеринариялық талаптар

Тәртіп пен тазалықты сақтау мақсатында биыл да құрбандық шалатын арнайы орын белгіленді. Жергілікті әкімшілік пен құзырлы мекемелердің бірлесе ұйымдастыруымен, Топорков көшесінде орналасқан ФЗО алаңында дайындалды.

Барлық құрбандық рәсімі тек осы жерде өтеді. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін қасапшылар дайындалып, оларға түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ мешіт имамдары мен қызметкерлері мал басында болып, бата береді.

«Ветеринариялық талаптар өте қатаң сақталады. Құрбандыққа шалынатын мал аурудан аман, таза және ақсақ-тоқсақ емес, мінсіз болуы тиіс. Басқа өңірлер мен аудандардан мал әкеліп сататын кәсіпкерлерден жергілікті ветеринариялық станцияның тиісті құжаттары талап етіледі. Санитарлық нормалар мен тазалық мәселесі қатаң бақылауда болады. Сол жерде малдың терісін және қалдықтарын бірден утилизацияға алып кету үшін келетін жұртшылық үлкен қара қаптар алып келсеңіздер екен», – деп түсіндірді имам.

Бас мүфтидің баспасөз мәслихатында жасаған үндеуіне сәйкес, биылғы мерекеде халықтың ұлттық нақышта киініп жүруіне басымдық берілмек. Рудный мешіті де бұл бастаманы қолдап, айт намазына келетін ер азаматтар мен әйел затын әдемі, салтанатты қазақы киім киіп келуге шақырады.

«Құрбандыққа қандай мал шалынады?»

«Шариғат бойынша құрбандыққа тек төрт түлік мал ғана (түйе, сиыр, қой, ешкі) жарайды. Олардың жас ерекшеліктеріне қойылатын талаптар бар. Қой мен ешкі кем дегенде 1 жасқа толған болуы шарт. Дегенмен, 7-8 айлық тоқтылар өте семіз, етті әрі пышаққа ілінетіндей ірі болса, оларды да шалуға рұқсат. Ірі қара (сиыр, өгіз) міндетті түрде 2 жасқа толуы керек. «Өзі семіз екен» деп 1,5 жасар малды құрбандыққа шалуға болмайды. Түйе малы кемінде 5 жасқа толған болуы тиіс», – деп жауап қатты.

Мал етін үлестіру тәртібі

Құрбандыққа шалынған малдың етін шариғат бойынша үш бөлікке бөлген абзал.Бірінші бөлігі – отбасының несібесіне қалады, екінші бөлігі – ағайын-туысқа, көршілерге немесе қонақтарға асылады, үшінші бөлігі – тұрмысы нашар, мұқтаж жандарға қайырымдылық ретінде таратылады.

Ұсақ малды (қозы, қой, ешкі) тек бір адам немесе бір отбасы атынан шалады. Ал ірі қара мен түйені 1 адамнан бастап 7 адамға (отбасыға) дейін бірігіп, ортақ союға құқылы.

Онлайн құрбандық шалу мүмкіндігі

2020 жылғы пандемия кезінде алғаш рет іске қосылған Онлайн-Құрбан айт биыл да өз жұмысын жалғастырады. Түрлі себептермен мал сою алаңына бара алмайтын немесе басқа қалада жүрген азаматтар арнайы сайтқа кіріп, тапсырыс беріп, қаражатын аудару арқылы құрбандық шала алады. Мал шалынғаннан кейін тапсырыс берушіге фотоесеп жіберіледі.

«Құрбан айт – бұл бірлік пен ынтымақтастықтың, татулықтың мерекесі. Сондықтан біз халыққа дін мен дәстүрді сабақтастыра отырып жеткізудеміз. Құрбандық аманаттарыңыздың дер кезінде, таза әрі жүйелі таратылуына, санитарлық талаптардың сақталуына барынша сақ болып, жауапкершілікпен қараймыз», – деп қорытындылады сөзін Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Серік Рахым.

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО