Бүгінгі сұраныс – кәсіби жұмысшы мамандығы

Еңбек адамымен сұхбат

2025 жылы Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар жылы». Бұл жыл мемлекет тарапынан еңбек мамандықтарының беделін арттыру, техникалық және кәсіби білім беруді реформалау мақсатында қолға алынған үлкен бастама. Бұл бастама бірқатар өзекті міндеттерді алға тартады. Ең әуелі – техникалық және кәсіби білім беру жүйесін жаңғырту. Сонымен бірге жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы беделін көтеру, жастарға еңбексүйгіштік пен кәсіби шеберлікті насихаттау көзделген. Сондай-ақ колледждер мен кәсіптік оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңарту, дуальды оқыту тәжірибесін жетілдіру, жұмыс берушілермен байланысты нығайту да негізгі бағыттардың қатарында. Осы бағдарлама аясында елімізде колледж студенттері мен мамандық иелері, кәсіби біліктілік алушылар үшін қаржылай гранттар мен басқа да қолдаулар артып келеді.

Өндірістік салада жүрген рудныйлық Оралхан – жастарға үлгі болатын еңбек адамы. Ол Ыбырай Алтынсарин атындағы колледжді іс жүргізуші мамандығы бойынша тәмәмдап, қазір жоғары оқу орнында білімін жалғастыруда. Еңбек жолын Рудныйдағы сыра және алкогольсіз сусындар шығаратын зауыт «Арасан» мекемесіне қабылдау бөлімінде бастап, кейін жүк тасымалдаушы қызметіне ауысқан. Содан 2 жылдан бері тұрақты еңбек етіп келеді. Оның жұмысы күнделікті табандылықты, төзімділікті және жауапкершілікті талап етеді.

Бүгінде өндірістік алаң 4 цехтан тұрады. Мұнда 16 түрдегі сыра (құймалы), 2 түрлі құймалы квас, алкогольсіз лимонадтар, сондай-ақ алюминий құтыдағы 14 түрлі және шыны бөтелкедегі 5 түрлі сыра өндіріледі. «Арасан» ЖШС жүк тасымалдаушысы Оралхан Ғалымханның жұмыс күні әрдайым таңертеңгілік белгі қоюдан басталады: арнайы кітапшаға қол қойып, жұмысқа кіріскенін тіркейді. Артынша бригадир күн тәртібін түсіндіріп, әр қызметкерге нақты тапсырмалар жүктейді. Бірде қоймада күні бойы жүк тиеу керек болса, енді бірде қала ішінде немесе одан тыс аумақтарға – мысалы, Денисовка мен Қашар сияқты елді мекендерге тауар жеткізу міндеті тапсырылады. Кей күндері кешке дейінгі ауыр физикалық жұмысқа тура келеді.

«Күнделікті ауыр жүк, ұзақ уақытқа созылатын қарбалас пен жұмыс ырғағына бейімделу – бәрі де ерік-жігерді сынайды. Басында қиын көрінгенімен, уақыт өте келе біртіндеп үйреніп кетесің. Қазір бұл менің өмір салтымның бір бөлігіне айналды», – деп жас қызметкер алғашқы айлардың оңай болмағанын жасырмайды.

Оралхан үшін ең бастысы – еңбегіне деген құрмет пен ынта.

«Әр істі шынайы қабылдасаң, оған бар күш-жігеріңді салсаң ғана нәтиже береді. Мен үшін бұл тек күнделікті жұмыс емес, шыдамдылық пен табандылықты қалыптастыратын мектеп секілді», – дейді жас маман.

Жүк тасымалдаушының бір күндік тіршілігі сырт көзге қарапайым көрінгенімен, оның әр сәті еңбек мәдениеті мен жауапкершіліктің айқын көрінісіндей.

«Маған бұл жұмыс ұнайды. Әріптестеріммен өзара түсіністік пен сыйластыққа негізделген жақсы қарым-қатынастамын. Жұмыс барысында еткен еңбегіңе қарай табысың да әділ бағаланып, соған сай беріледі. Әр күнгі тәжірибе жаңа бір нәрсеге баулиды, кәсіби және адами тұрғыда өсуге мүмкіндік береді», – дейді ол.

«Қарапайым жұмыстың өзін менсінбеу – қате. Әр іске жан-жақты қарап, жауапкершілікпен орындау қажет. Табандылық пен шыдамдылық – табысқа жетелейтін ең басты қасиеттер. Ал ұйымшылдық, әріптестермен жақсы қарым-қатынас орната білу және кішіпейілділік – еңбек мәдениетінің негізгі тіректері», – деп Оралхан жастарға да айтар ақылын жеткізді.

Оралханның айтуынша, көздеген биіктерге жету үшін қарапайым жұмыстан да бастауға болады, тіпті жүк тасудан көшбасшылыққа дейін өсуге мүмкіндік бар. Дегенмен еңбек жолында түрлі қиындықтар кездесетіні анық: ауыр жүк көтеру мен қоныс аудару секілді физикалық күшті қажет ететін міндеттер, кейде кешке дейін созылатын ұзақ жұмыс уақыты, сондай-ақ ауа райы мен маусымдық жағдайларға, жұмыс ортасының талаптарына бейімделу қажеттігі. Бірақ Оралхан «Еңбегін сүйген адам кез келген қиындықты жеңеді» деп сенеді. Бұл сөздері оның төзімділігі мен еңбекке деген құрметінің көрінісі.

«Өмір әрдайым мағыналы әрі көңілді болуы керек. Әр сәт қуаныш пен шаттыққа толғаны жақсы. Адам тек өз ісін сүйгенде ғана еңбектен шынайы ләззат ала алады», – деп Оралхан өз ойын түйіндеді.

Осы сөздерінен оның жұмысына деген шынайы сүйіспеншілігі сезіледі. Бұл сүйіспеншілік тек жеке таңдауы ғана емес, сонымен бірге «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған мемлекеттік бастаманың мәнін де айқындайды. Еңбек адамының кәсібіне деген адалдығы мен мақтанышы қоғамда жұмысшы мамандықтарының беделін көтеріп, оларға деген көзқарасты түбегейлі өзгертуге ықпал етуде.

 «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Оралхан сияқты еңбек адамдары үшін бірқатар қолдау шаралары қолға алынуда.

Біріншіден, мәртебенің артуы. Енді жұмысшы мамандықтары бұрынғыдай еленбей қалмайды. Қоғамда бұл кәсіп иелеріне деген көзқарас өзгереді, жастар үшін де мамандық таңдауда салмақты нұсқаға айналады. Оралхан секілді қарапайым еңбек адамдарын БАҚ арқылы насихаттау – осы үрдістің бір көрінісі.

Екіншіден, білім мен біліктілікті арттыру. Колледждерде дуальды оқыту жүйесі кеңейіп, өндіріс орындарымен ынтымақтастық нығаяды. Практикалық тәжірибенің күшеюі жастарға жаңа дағдыларды меңгеруге жол ашып, жұмысшы мамандықтағы қызметкерлердің кәсіби деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.

Үшіншіден, жалақы мен әлеуметтік кепілдіктер. Өндірісте тер төгіп жүргендердің еңбегі лайықты бағаланып, табысы, жұмыс уақыты мен жағдайы жақсара түспек. Бұл өзгерістерді еңбек адамдарының өздері де құптап отыр.

Төртіншіден, болашаққа бағдар. Мемлекеттік қолдау шаралары жастардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын арттырады. Арнайы гранттар, бейімделген білім беру бағдарламалары және еңбек шарттарын жақсарту – бәрі де олардың болашаққа сенімін нығайтады.

Осылайша, қарапайым еңбек иелерінің тәжірибесі мен табандылығы қоғамдағы еңбек мәдениетін жаңа деңгейге көтермек.

Оралхан Ғалымханұлының әңгімесі – тек жеке еңбек тәжірибесі емес, сонымен бірге жаңа кезеңнің көрінісі. 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы. Қазақстан қоғамында еңбек мамандықтарына деген құрмет пен жанашырлықтың артуына, еңбек адамдарының қатарын көркейтуге қызмет ететіні анық. Бұл әңгімені оқыған әрбір жас қарапайым мамандықта да өзін табуға, еңбек ету арқылы биікке көтерілуге мүмкіндігі бар екенін түсінер деп үміттенемін.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген

Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *