Рудныйда қашан және қайда қан тапсыруға болады?
Рудный қаласында қан донорлығы мәселесіне қатысты брифинг өтті. Мамандардың айтуынша, қан – ешқандай дәрі-дәрмекпен алмастыруға болмайтын ерекше ресурс. Ол күн сайын жол-көлік апатынан зардап шеккендерге, босану кезінде асқынуы бар әйелдерге, ауыр дертке шалдыққан балаларға, онкологиялық және күрделі операциядан өтетін науқастарға қажет.
«Олар үшін донор қаны – өмір сүруге мүмкіндік. Әрбір қан тобы құнды, алайда ең жиі қажет қан тобы – бірінші оң топтағы донорлар. Дегенмен, қай күні қандай қан тобы қажет болатынын алдын ала айту мүмкін емес. Сондықтан біз барлық топтағы донорларды тұрақты түрде қан тапсыруға шақырамыз», – деді облыстық қан орталығының донорлық ресурс және қан дайындау бөлімінің меңгерушісі Шынар Байманова.
Қан тапсырмас бұрын әр донор міндетті түрде медициналық тексеруден өтеді. Бұл тексеріс донорлықтың әрі донордың өзі, әрі қан алушы үшін қауіпсіз екеніне көз жеткізеді. Қан тапсырғаннан кейін донорға 0,25 АЕК көлемінде тамақтануға өтемақы беріледі және жыл ішінде пайдалануға болатын екі ақылы демалыс күні қарастырылған.
«Ең бастысы – донордың біреудің өмірін сақтап қалғанын сезінуі. Бір қан тапсыру арқылы көмектесіп, екі-үш адамның тағдырын құтқара аласыз. Себебі бір ғана қаннан бірнеше компонент – эритроциттер, плазма, тромбоциттер алынады, ал әр компонент әртүрлі науқастарға қолданылады», – деп толықтырды Байманова.
ДОНОРЛАР АЗАЙЫП
БАРАДЫ…
«Өкінішке қарай, соңғы жылдары донорлардың саны азаюда. Біз тұрақты донорларға хабарласып, еске саламыз, бірақ бәрінің бірдей келе беруіне мүмкіндік бола бермейді. Сол себепті бүгінгі брифингті ұйымдастырып отырмыз. Әр тұрғынға үндеу жасаймыз: бізге сіздердің көмектеріңіз қажет. Рудныйда қанға сұраныс өте жоғары, науқастар көптеп түсуде. Қиындықтарға қарамастан, біз ешбір ауруханаға көмек беруден бас тарта алмаймыз», – деді маман.
ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА ТҰРҒЫН ДОНОР БОЛА АЛМАЙДЫ?
Донор бола алмайтындар қатарында: ЖИТС, мерез, вирусты гепатиттер, туберкулез, бруцеллез, бөртпе сүзегі, эхинококкоз, токсоплазмоз, трипаносомоз, филяриатоз дерті бар адамдар. Сондай-ақ қатерлі ісікке шалдыққандар, қан аурулары барлар, орталық жүйке жүйесінің органикалық аурулары барлар, психикалық сырқаты барлар, нашақорлар мен маскүнемдер донор бола алмайды.
Одан бөлек, жүрек-қан тамырлары, тыныс алу, ас қорыту, бауыр, бүйрек, эндокриндік жүйе, ЛОР-мүшелер, көз аурулары, тері аурулары және остеомиелитке шалдыққандар донор бола алмайды.
УАҚЫТША ҚАРСЫ КӨРСЕТІЛІМДЕР
Қан құю, хирургиялық ота, татуировка, шетелдік іссапар, эндемиялық елдерде болу, гепатитпен ауырғандармен байланыс жасау – уақытша донор болуға кедергі. Сондай-ақ инфекциялық аурудан айыққандар, тіс жұлдырғандар, қабыну процестері, вегетативті-тамырлық дистония, аллергиялық аурулар, жүктілік пен бала емізу кезеңі, етеккір уақыты, екпе алу, дәрі қабылдау, алкоголь ішу, қан талдауындағы ауытқулар да уақытша шектеу болып саналады.
«Донорлық қозғалыстың бір бөлігі болыңыздар, келіп, қан тапсырыңыздар. Сіздің қаныңыз бір адамның ғана емес, бірнеше адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Біз 18 бен 60 жас аралығындағы барлық дені сау адамдарды қан доноры болуға шақырамыз», – деп мәлімдеді рудныйлықтарға бөлім меңгерушісі.
Рудныйда қан тапсыруға әр бейсенбі күні сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін Володарский көшесі, 1 мекенжайы бойынша болады. Өзіңізбен бірге жеке куәлік болса жеткілікті. Тұрақты донорлар Қостанай қаласындағы қан орталығына да тікелей хабарласа алады. Мекен-жайы: Быковский көшесі, 4А, дүйсенбі-жұма аралығында сағат 8:00-ден 13:00-ге.
«Донорлық – бұл жай ғана ізгілік қадамы емес. Бұл –жерлестеріміздің денсаулығы мен өміріне қосқан үлес. Сіздің қаныңыз біреудің тағдырын шешуі мүмкін», – деп түйіндеді Шынар Байманова.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген
Айбар БЕРІК