Рудныйда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
Рудный қаласында биыл оныншы мәрте ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шара қалалық мүгедектер қоғамының ғимаратында өткізіліп, Еңбек күні мен Жұмысшы мамандықтары жылына арналды.
Ізденушілерге еңбекпен қамтудың түрлі тетіктері ұсынылды. Атап айтқанда, «Жастар тәжірибесі», «Күміс жас», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» сияқты мемлекеттік бағдарламалармен қатар, қоғамдық және әлеуметтік жұмыстар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы жұмыс орындары көрсетілді. Барлығы 80-ге жуық адам жәрмеңкеге қатысып, өзіне лайық жұмыс табуға талпынды.
Жәрмеңкеге қатысқан жұмыс берушілердің қатарында «ССКӨБ» АҚ, «Раумэна» ЖШС, шекара қызметі және Рудныйдың мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі болды.
«Қызметімізге жүргізуші-қызметкер мен өрт сөндіруші-құтқарушы қажет. 18 бен 35 жас аралығы, әскер қатарында болғаны міндетті. Біз тұрақты жалақы төлейміз, тұрғын үйге көмек көрсетеміз. Сонымен бірге тегін медициналық қызмет, ақылы еңбек демалысын ұсынамыз», – деп мәлімдеме жасады өрт сөндіру бөлімінің басшысының орынбасары Кәкімбек Кәкімжанов.
«Жарнамамызды WhatsApp, Instagram арқылы жүргіземіз, газетке хабарландыру береміз, халыққа парақша таратып отырамыз. Әрине, осындай жәрмеңкелерге де қатысамыз. Себебі кадр тапшылығы бар: жас мамандар бірде ауысып кетеді, бірде жұмыстан шығып жатады. Жүргізуші де, өрт сөндіруші де тапшы», – деп кадр тарту тәсілдері жайында толықтырды ол.
Жәрмеңкеге келгендердің бірі Павел Ақшабаев өз әсерімен бөлісті:
«Бұл жәрмеңкеге алғаш рет қатысып тұрмын. Жұмыс берушілермен жүзбе-жүз сөйлесіп, қала кәсіпорындары жайлы білу қызық болды. Өкінішке қарай, өзімнің салама сай жұмыс таппадым. Мен инженер-радиотехник ретінде қызмет іздеп жүрмін. Тәжірибем – он бес жыл шамасында. Соңғы жұмыс орным – «КИА Қазақстан» ЖШС, онда аға электромеханик болып істедім. Жабдықтарды жөндеу, қызмет көрсетумен айналыстым. Соңғы бір жарым жылда өнеркәсіптік роботтарды күтіп-баптау тәжірибесін де жинадым», – деп жәрмеңке қатысушыларының бірі Павел Ақшабаев әсерімен бөлісті.
Бұл жәрмеңке – жай ғана бос орындар тізімі емес, жұмыс іздеуші мен жұмыс берушіні тікелей табыстыратын алаң. Әсіресе жастарға, тәжірибесі аз немесе өмірдің қиын кезеңдерінен өткен жандарға жаңа үміт сыйлайтын мүмкіндік. Осындай бастамалар көбейген сайын, қоғамда еңбекке деген құрмет артып, әрбір мамандықтың қадірі көтеріле түсері анық.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ