Жабылған нарық қайта қалай жанданды

Электронды темекіге шектеу қойылса да, сұраныс пен сауда тоқтаған жоқ

Соңғы жылдары жастар арасында «вейп» электронды құрылғысын қолдану сәнге айналды.  Вейп – никотин мен түрлі хош иістендіргіш қосылған сұйықтықты қыздырып, бу түрінде тартуға арналған электронды құрылғы.

Оның буының құрамында никотин мен зиянды химиялық заттар бар. Олар өкпе мен жүрекке зиян келтіріп, тәуелділік тудырады. Көп адам оны «зияны аз» деп ойлағанымен, зерттеулер керісінше ұзақ қолдану темекіден де қауіпті болуы мүмкін екенін дәлелдеген.

2024 жылдың 20 маусымынан бастап Қазақстанда вейптерге ресми түрде толық тыйым салынды. Электронды темекілерді әкелу, өндіру және сату заңмен шектеліп, бұл шешімнің басты мақсаты – нарықты ретке келтіру және ең алдымен жастардың денсаулығын қорғау болды. Алайда мұндай шара сұранысты тоқтата алмады.

Заңды сауда нүктелерінің орнын енді өз заңымен жұмыс істейтін, жақсы ұйымдасқан жасырын желі басты. Ол мыңдаған қазақстандықты тыйым салынған өніммен қамтамасыз етіп, көлеңкелі нарықтың жаңа жүйесін қалыптастырды.

ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ?

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, электронды тұтыну жүйелерінің барлық түріне – POD-жүйелеріне, бір реттік электронды темекілер мен оларға арналған сұйықтықтарға толықтай тыйым салынды. Бұл елімізде енді вейп саудасына рұқсат беретін ешқандай заңды негіз, ресми құжат немесе лицензияның қалмағанын көрсетеді. Яғни мұндай өнімді ұсынатын кез келген орын, дүкен болсын, әлеуметтік желідегі парақша немесе жеке сатушы заң талаптарын бұза отырып, көлеңкелі нарықтың құрамдас бөлігіне айналып отыр.

Аталған тыйымды бұзу – ауыр құқық бұзушылық болып, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Заң талаптары вейптің заңсыз айналымына қатысы бар барлық тұлғаларға қатаң жаза қарастырған. Вейптерді, оларға арналған сұйықтықтар мен дәм бергіштерді (ароматизаторларды) сату немесе тарату үшін келесі жазалар қарастырылған:

200 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл (2025 жылы бұл сома 786 400 теңгені құрайды);

200 сағатқа дейінгі түзету немесе қоғамдық жұмыстар;

50 тәулікке дейінгі қамау.

Ал бұл істі ірі көлемде жүргізіп, вейптерді өндіру немесе елге заңсыз әкелу ісін ұйымдастырғандар үшін жаза әлдеқайда қатаң белгіленген:

2000 АЕК-ке дейін айыппұл (2025 жылы – 7 864 000 теңге);

Екі жылға дейінгі бас бостандығын шектеу немесе айыру.

Егер бұл құқық бұзушылық бірнеше адам бірігіп, қайталанып немесе ірі көлемде пайда табу мақсатында жасалса, жаза анағұрлым қатаңдатылады. Мұндай жағдайда мүлікті тәркілей отырып, бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Құқық қорғау органдары, соның ішінде Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті, заңсыз сауда фактілерін анықтап, оның жолын кесу бағытында жүйелі жұмыс атқарып келеді. Тұрақты түрде қылмыстық істер қозғалып, кінәлілер заң алдында жауап беруде.

Қылмыстық жауапкершілік енгізілгелі бері тәртіп сақшылары еліміздің түрлі өңірлерінде вейптерді жаппай сақтау жағдайларының көбейгенін айтуда. Бұған дейін заңда вейпті сақтауға нақты тыйым болмағандықтан, бұл олқылықты кейбір сатушылар өз пайдасына пайдаланған. Енді, міне, сол заңдағы «тесік» толтырылып, бұл жол біржола жабылды.

2025 жылғы 16 шілдеде қабылданған №210 «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес, елімізде темекі шекпейтін бұйымдар мен электронды тұтыну жүйелерін сату немесе тарату мақсатында ірі көлемде сақтау, жөнелту және тасымалдау әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленді.

Аталған заң қол қойылған күннен бастап 60 күн өткен соң күшіне енеді. Осылайша, бүгінгі таңда бұл норма толыққанды заңдық күшке ие болып, қолданысқа енгізілді.

Мәселен, Қостанай облысында тіркелген нақты жағдай бұл заңдардың қалай жұмыс істейтінін айқын көрсетті. 2024 жылы Қостанай облысының тұрғыны вейптер мен оларға арналған хош иістендіргіштерді заңсыз сату фактісі бойынша жауапқа тартылды. Ол Telegram арнасы арқылы Ресейден тыйым салынған өнімдерді Қазақстан аумағына жеткізіп, пошта жөнелтімдері арқылы таратып отырған. Төлемдер шетел азаматының банк картасына аударылып келген, ал бір тапсырыстың құны 100 мың теңгеден басталған. Тергеу барысында Қаржылық мониторинг агенттігі сотқа дейінгі тексеруді аяқтап, күдіктінің заңсыз әрекеттерін толық әшкереледі. Оның тұрғылықты жерін тінту кезінде жалпы құны 45 миллион теңге болатын 7,5 мыңға жуық вейп табылып, тәркіленді. Сот шешімімен әйел адам 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу және пробациялық бақылау жазасына тартылды.

ЖАСЫРЫН САУДА ӘЛЕМІ

Қолданыстағы қатаң шараларға қарамастан, көлеңкелі нарық жылдам бейімделіп, тыйым салынған өнімдерді өткізудің жаңа тетіктерін қалыптастырды. Қазіргі уақытта сатудың негізгі бағыттары төмендегідей сипатталады:

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы сату. Бұл бағыт қазіргі таңда астыртын сауданың негізгі алаңына айналған. Telegram, Instagram және өзге де платформалардағы жабық топтар мен арналар заңсыз сатушылардың бейресми «онлайн-дүкені» ретінде қызмет етеді. Сауда тетігі қарапайым: тапсырыстар интернет арқылы қабылданып, өнімдер курьерлер көмегімен немесе арнайы белгіленген жасырын орындарға қалдыру тәсілімен жеткізіледі. Мұндай жүйе сатушыларға құқық қорғау органдарынан жасырын әрекет етуге мүмкіндік береді.

Бейресми сауда нүктелері. Кейбір жеке кәсіпкерлер мен дүкен иелері тауар қалдықтарын заңсыз өткізуін жалғастыруда. Сауда көбіне шағын дүкендер мен темекі өнімдері сатылатын орындарда, тек сенімді және тұрақты клиенттерге ғана жүзеге асырылады.

Жеке тұлғалар арқылы сату. Кей жағдайларда вейптер мен оларға арналған сұйықтықтар таныстар арасында немесе ауызша хабар тарату жолымен сатылады. Мұндай тәсілді анықтау қиын, себебі ол цифрлық із қалдырмайды және толықтай жеке байланыстарға сүйенеді.

КІМГЕ ҚАУІП ТӨНІП ТҰР?

Ел бойынша жүргізілген зерттеулердің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда, соның ішінде Қостанай облысында да электронды темекіні ең көп тұтынатындар – жасөспірімдер мен 21 жасқа дейінгі жастар. Сарапшылардың пікірінше, бұл үрдіс тіпті тыйым салынғаннан кейін де тоқтаған жоқ. Астыртын нарық жағдайында да жалғасып келеді.

Заңсыз сауданың негізгі нысаналы аудиториясы – дәл осы жастар. Жарқыраған орамалар, тәтті және ерекше дәмдер (жеміс, десерт, сусын иістері), сондай-ақ жастар арасында кең тараған «вейп – зиянсыз әрі сәнді» деген жалған түсінік оларды өзіне еріксіз тартып отыр.

Нәтижесінде, кәмелетке толмағандар заңсыз бизнестің басты құрбаны әрі негізгі табыс көзіне айналуда.

ТЕМЕКІГЕ ҚАЙТА ОРАЛСАҚ

Темекі өнімдері қауымдастықтарының өкілдері де алаңдатарлық жағдайды атап өтуде: вейпке тыйым салу елдегі шылымқорлар санын азайтпады, керісінше, заңсыз айналымның артуына әкелді. Енді көлеңкелі нарықта тек вейп қана емес, дәстүрлі темекілер де көбейіп келеді.

«QazSpirits» қауымдастығының атқарушы директоры Дмитрий Жуков «Курсив» басылымына берген сұхбатында:

«Тыйым салынғанға дейін адамдар біртіндеп темекіден вейпке ауысып келе жатқан еді. Себебі ол салыстырмалы түрде зияны аз әрі ыңғайлы балама болатын. Ал қазір бұл үрдіс тоқтады. Көпшілік қайтадан темекіге, соның ішінде заңсыз, акцизсіз өнімдерге орала бастады», – деді.

Оның айтуынша, бұл жағдай алдын ала болжанған.

«Біз депутаттарға хат жазып, ескерткенбіз: бұл нарықты бір күнде жауып тастау мүмкін емес. Мұндай шара керісінше бақылаусыз айналымның көбеюіне әкеледі. Вейп нарығын техникалық тұрғыда толық жабу мүмкін емес. Кез келген адам пластикалық қорап, қыздыру элементі мен заңсыз никотинді сұйықтық арқылы құрылғыны өз қолымен құрастыра алады. Бұл үшін ерекше құрал да, үлкен шығын да қажет емес. Мұндай процесті бақылау іс жүзінде мүмкін емес», – деп түйіндеді Дмитрий Жуков.

ЭЛЕКТРОНДЫ ТЕМЕКІ ДАУЫНЫҢ НҮКТЕСІ ӘЛІ ҚОЙЫЛҒАН ЖОҚ

Мәжіліс депутаты Мұқаш Искандиров вейпке тыйым салуға қарсы пікірін алғаш рет 2023 жылы білдірген болатын. Ол кезде тыйымға қарсы азаматтар петиция арқылы өз ұстанымдарын жеткізуге тырысқан еді. Депутат сол уақыттан бері өз көзқарасын өзгертпеген.

«Мен электронды темекілерге тыйым салуға қарсы болдым, себебі бұл мәселені шешудің тиімді жолы – толық тыйым емес, қатаң реттеу деп есептеймін. Ресей де осыған ұқсас жолдан бас тартты, өйткені мұндай шектеу нарықты көлеңкеге итермелейді. Кез келген тыйым жемқорлыққа жол ашады. Мұндай жағдайда мәселені жеке байланыс арқылы шешіп кетуге мүмкіндік туады. Солай болып та жатыр. Қазір вейптерді сату тәсілдері көп, бұл ешкімге құпия емес. Қаласаңыз, табу қиын емес, тек бағасы қымбаттап кетті», – деді депутат «Курсив» тілшісіне берген сұхбатында.

Мұқаш Искандировтың айтуынша, Үкімет пен Парламент алдағы уақытта электронды темекі нарығын толық тыйым салу емес, реттеу жолымен қайта қарауы әбден мүмкін.

«Күте тұрайық, бәрі уақыттың еншісінде. Мен Батыс елдерінде болдым, ол жақта вейп еркін сатылады, бірақ бағасы қымбат. Қаласаң сатып ал, бірақ бұл арзан әдет емес. Біз де сол секілді, бағасын өсіріп, тек сертификаты бар өнімді сатуды ұсынғанбыз. Оған қайта ораламыз деп ойлаймын», – деді ол.

Анығы Қазақстандағы электронды темекіге тыйым нарықты жойған жоқ, тек оны заңсыз айналымға әкелді. Ал сұраныс, әсіресе жастар арасында, сақталған жағдайда көлеңкелі нарық өмір сүруін жалғастыра береді. Сондықтан мәселені шешу үшін тек құқық қорғау шаралары ғана емес, вейптің зияны туралы түсіндіру және ағартушылық жұмыстар да қатар жүргізілуі тиіс.

 

Арай АХМЕТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *