Жаз – баланың саулығын нығайтатын алтын уақыт

Қыста ауырмаудың бірден-бір жолы – жазда емделу

Жаз – балалардың демалып қана қоймай, денсаулығын түзетуіне таптырмас мүмкіндік. Әсіресе диспансерлік есепте тұрған, созылмалы сырқаты бар балалар үшін бұл кезең ерекше маңызды.

Олар үшін арнайы санаторийлік бағдарламалар қарастырылған. Ал диспансерлік есепте жоқ балалар түрлі жазғы лагерьлерде денсаулығын нығайта алады. Дәрігерлер жазғы демалысты дұрыс пайдаланып, балалардың денсаулығын күшейтуге шақырады.

Жазғы демалыс балалар үшін тек ойын мен демалыс уақыты ғана емес, денсаулықты жақсартуға арналған маңызды кезең. Диспансерлік есепте тұрған балаларға бұл кезең – арнайы емдік-сауықтыру шараларын қабылдау уақыты.

«Жаз балаларымызды сауықтыруға ең қолайлы уақыт. Диспансерлік есеп дегеніміз созылмалы аурулары бар балаларды үнемі бақылау. Бұл қант диабеті, бронхиалдық астма, ревматоидты артрит, қан аурулары және басқа да сырқаттар. Бронхиалдық астма, ревматоидты артрит және кейбір қан ауруларымен ауыратын балалар «Бурабай», «Көкшетау», Алматы мен Астана қалаларындағы санаторийлерге жіберіледі. Бұл санаторийлерге балалар тек ауруы ремиссия сатысында болған жағдайда, яғни кемінде алты ай бойы сырқат белгілері байқалмаған жағдайда ғана жіберіледі», – деді Рудный қалалық емханасының педиатры Татьяна Крупина.

Мысалы, «Бурабай» санаторийіне балалар үш аптаға барады. Ал Алматыдағы «Алатау» санаторийіне 3 жастан 13 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Сонымен қатар, 3–7 жас аралығындағы балалар ата-анасының еріп жүруімен жіберіледі. Алайда, бұл жағдайда ата-ананың жолы мен тұруы қосымша төленеді, себебі жолдама тек баланың шығынын қамтиды.

«Қант диабетінің 1-типімен ауыратын балалардың көпшілігі мүгедектік мәртебесіне ие. Оларға әлеуметтік қорғау жүйесі тарапынан санаторлық-курорттық ем ұсынылады. Сонымен қатар, әр балаға жеке оңалту бағдарламасы әзірленеді. Яғни, қарсы көрсетілімдері жоқ, мүмкіндігі шектеулі балалар жазда санаторийлерде тегін ем ала алады», – деді ол.

Ал денсаулығында ерекше қиындықтары жоқ, диспансерлік есепке алынбаған балалар жазғы демалысты «Орлёнок», «Чайка», «Болашақ» сынды лагерьлерде пайдалы әрі қызықты өткізе алады.

Диспансерлік бақылау – тек дәрігерге барып-қайту емес. Бұл – әр баланың денсаулығын кешенді бақылауға, аурудың асқынуын болдырмауға және өмір сапасын арттыруға бағытталған жүйелі процесс.

Егер, жазғы лагерьге бару мүмкін болмаса, балаға үй жағдайында да пайдалы жаз ұйымдастыруға болады. Ең алдымен, дұрыс тамақтануға көңіл бөлу қажет. Жеміс-жидек пен көкөністерге бай жазғы мәзір баланың ағзасын қажетті дәрумендермен қамтамасыз етеді. Құлпынай, таңқурай, шие, өрік, қызанақ пен қияр баланың күнделікті рационынан табылуы тиіс. Ыстық күндері сұйықтық көп жоғалатындықтан, балаға мол таза су беру керек. Сонымен қатар, қантсыз компот пен шөп шай да пайдалы. Ал ауыр, майлы тағамдардан жазда бас тартқан жөн.

Физикалық белсенділік денсаулықтың тірегі. Балалар үшін ойын тек ермек емес, иммунитетті нығайтудың жолы. Жүгіру, секіру, суда жүзу, велосипед тебу,бәрі де бұлшықетті дамытып, дене шынығуына ықпал етеді. Жүзу әсіресе тыныс алу жүйесін жақсартып, ағзаны шынықтырады.

Күн – пайдалы, бірақ онымен абай болу керек. D дәруменін алу үшін күнге шығу маңызды, алайда 11:00 мен 16:00 аралығында тікелей күн сәулесінен қорғану қажет. Балаларға міндетті түрде күннен қорғайтын крем жағып, бас киім мен көзілдірік тағу керек.

Ұйқы мен күн тәртібі – жазда да маңызды. Баланың жүйкесі мен ағзасы толық демалуы үшін күн сайын бір уақытта ұйықтап, бір уақытта тұру қажет. Ұйқы алдында тыныш орта қалыптастырып, балаға ертегі оқып немесе жылы сөз айтып, эмоционалды жайлылықты қамтамасыз етіңіз.

Табиғат аясындағы демалыс, таза ауа, суға шомылу, шөпте ойнау денсаулыққа ғана емес, баланың психологиялық жай-күйіне де оң әсер етеді. Ал ең бастысы ата-ананың махаббаты мен қамқорлығы. Баланың қуанышты, мейірімді ортада өсуі – ең үлкен байлық.

Жаз – баланың денесін ғана емес, жанын да сауықтыратын ерекше мезгіл. Бұл уақытты тиімді пайдаланып, дұрыс тамақтану, белсенділік, ұйқы, күннен қорғану және психологиялық қолдауды ұштастырсақ, баланың денсаулығын ұзақ жылдарға сақтап қалуға болады. Ал егер бала диспансерлік есепте тұрса, жаз оның саулығын жақсартуға берілетін нақты мүмкіндік. Тек тиісті мекемелермен байланыс орнатып, жолдамалар мен бағдарламалар туралы дер кезінде хабардар болу маңызды.

Арай АХМЕТ,

суретті түсірген

Даулет КУЛАТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *