Жаңару мен жаңғыру жолы

Кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты жаңа Жолдауын жариялады. Біз Жолдауда айтылған бірнеше ұтымды ұсыныстарды былайша тізбектеген едік.

СЕНАТОРЛАР САНЫ АЗАЯДЫ

«Сенаттағы президенттік квотаны бақылау құралы ретінде емес, Парламентте әлсіз ұсынылған әлеуметтік топтардың дауыстары мен пікірлерін ескеру тетігі ретінде қарастырған жөн. Сондықтан Сенаттағы президенттік квотаны 15 депутаттан 10 депутатқа дейін қысқарту туралы шешім қабылдадым».

ПРЕЗИДЕНТ «АМАНАТТАН» КЕТЕДІ

«Мен Президенттің өкілеттік кезеңінде
партияға мүшелігін тоқтату міндетін заңнамалық түрде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекелестікті арттырады, барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдайды қамтамасыз етеді».

ӘКІМДЕР БІР ҚҰЗІРЕТТЕН АЙЫРЫЛМАҚ

«Әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында қызмет атқаруға заң жүзінде тыйым салу керек. Мұндай шешімдер көпполярлы партиялық жүйені қалыптастыруға мүмкіндік береді».

ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЖАҚЫН ТУЫСТАРЫ ТУРАЛЫ

«Мемлекет басшысы барлық азаматтар үшін мүмкіндіктер теңдігінің мызғымас кепілі болуға тиіс. Сондықтан Президенттің жақын туыстары үшін квазимемлекеттік сектордағы саяси мемлекеттік қызметшілер мен басшылар лауазымдарына орналасуға заңнамалық тыйым енгізілетін болады».

ПАРТИЯНЫ ТІРКЕУ ЖЕҢІЛДЕЙДІ

«Партияларды тіркеу рәсімдері айтарлықтай жеңілдетіледі. Тіркеу шегін төрт есе – 20-дан 5 мың адамға дейін төмендету керек. Өңірлік өкілдіктердің ең аз саны үш есеге – 600-ден 200 адамға дейін азаяды. Партия құру үшін бастамашыл азаматтар тобының ең аз саны үштен бірге 1000-нан 700 адамға дейін қысқарады».

ЖАҢА ОБЛЫСТАР ТУРАЛЫ

«Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа
облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған». Президент сондай-ақ Қарағанды облысының аумағында Ұлытау, ал Алматы облысының аумағында Жетісу облысын құру туралы шешімін жариялады.

ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫ ПАЙДА БОЛМАҚ

«Қапшағай қаласы халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Егер жұртшылық Қапшағайға Қонаевтың есімін беру керек деп ұсыныс айтса, мен бұл пікірге қосыламын. Мен мұның бәрін азаматтардың ұсыныс-пікірлеріне сүйеніп айтып отырмын. Жергілікті тұрғындар жаппай қолдаса осы бастамаларда таяу арада жүзеге асыруға болады деп санаймын»

АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ ТУРАЛЫ

«Қалыптасқан халықаралық жағдайда елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үлкен маңызға ие болып отыр. Украинадағы жағдай азық-түлік бағасының кенет қымбаттауына әкелді. Бұл бағалар жуық арада бүкіл рекордтарды бұзуы әбден ықтимал. Осының аясында егіс науқанын сапалы өткізу бірінші жоспарға шығады. Алайда, менің білуімше, фермерлердің көбі егіс науқанына дайын емес. Үкімет пен әкімдіктер бұл жұмысты ерекше бақылауына алуы керек. Диқандарды қолайлы бағадағы жанармайдың қажетті көлемімін қамту қажет».

ПІКІР-ПАЙЫМ

Президенттің бүгінгі ел халқына арнаған «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты Жолдауы алдыңғыларынан өзгеше. Бұл Жолдаудан түйгеніміз: халықтың көкейінде жүрген біраз дүниелердің беті ашылды. Неге десеңіз, жаңадан құрылатын облыстардың өзінің тарихи бет-бейнесі бар. Осы атаулармен жас буынның санасына тұлғалар есімімен, еңбегімен қазақ халқында өзіндік орнын насихаттап сіңіруге болады.

Біріншіден, Алаш Арыстарының ордасына айналған Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов секілді тұлғалар шыққан Семей жері бұдан былай Абай облысына айналуы өте құптарлық шешім.

Екіншіден, еліміздің ең ірі облысы Қарағандыны екіге бөліп, бұрынғы Жезқазған облысының аумағына Ұлытауды құру орталық Қазақстанның дамуына тың серпін берері сөзсіз.

Үшіншіден, Алматы облысын екіге бөліп, Жетісу облысын құру және Алматы облысының орталығы ретінде Қапшағай қаласын таңдау айналадағы аудан-қалалар үшін өте ыңғайлы. Қапшағай қаласының атауын Қазақ елін 20 жыл басқарып, жеріміздің тұтастығын сақтап, халықтың шексіз ықыласына бөленген тау тұлға Дінмұхамед Қонаевтың атымен ауыстыруы да  жас қаланың шырайын ашары сөзсіз.

Әрине, Қасым-Жомарт Кемелұлы бұдан да басқа келелі мәселелерді қозғап, жаңа саяси реформаны ұсынды. Біз, білім беру саласының қызметкерлері ретінде Жолдауда айтылған барлық тапсырмалардың іс жүзінде жүзеге асуына көңіл бөлетін боламыз.

Жомарт ҚҰСАЙЫН,

Ы.Алтынсарин атындағы

РӘГК директоры

Қаңтардағы қанды оқиғалардан кейін осы Жолдауды барлық қазақстандықтар сияқты мен де асыға күттім. Президент Жолдауда ұсынған реформаның негізгі мәні – билік пен халық арасында нақты нәтиже беріп, қордаланған мәселелердің жүйелі шешімін табуына арқау болатын, екіжақты тиімді диалог ұйымдастыру. Сондай-ақ, аймақтық, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының белсенділігін жетілдіру, азаматтық қоғам институттарының  рөлін нығайтып, бұл жүйенің қалыптасуына кедергі келтіріп отырған әкімшілік ықпал, әсерді әлсірету болды. Көңілден шыққан тағы бір мәселе – Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік мекемелердің басшылығына тағайындалуына тыйым салынуы болды.

Президент саяси реформаларды кезең-кезеңімен және табанды түрде жүзеге асырып келеді. Жүйелі жұмыстың негізі де байқалады. Соңғы үш жыл бойы еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғырту қажеттілігі, әрбір азаматтың саяси сауаты мен саяси мәдениетін қалыптастырудан тыс, меңгеру деңгейіннің сапасы да маңызды екенін айтып жүр. Себебі, саяси реформаның экономикалық реформалармен қатар жүруі өзекті. Табысты экономикалық өсім саяси жүйенің икемділігіне де байланысты. Ал саяси жүйенің негізгі формуласы: Мықты президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет. Бұл қағиданы өмірге айналдырсақ қана, қоғамның ашықтығы, саяси бастамалардың жариялылығынан үлкен қайыр бар. Мемлекет басшысы жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының өміршеңдігі де жұрт үшін маңызды.

Сейдулла ДОСПАН,

зейнеткер

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *