Жаңа жылдық шараларда өрт қауіпсіздігі – міндетті талап

Жаңа жыл және рождестволық мерекелер қарсаңында мәдени-көпшілік шаралар көбейіп, мекемелер мен ұйымдарда ғимараттарды безендіру, электр гирляндтары мен пиротехникалық бұйымдарды қолдану жиілейді. Осыған байланысты өрт қауіпсіздігін сақтау мәселесі ерекше маңызға ие.

Рудный қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Қабыкен Ермаханның айтуынша, мерекелік іс-шаралар өтетін барлық нысандарда эвакуациялық шығу жолдарының ашық болуы, өрт туралы хабарлау және өрт сөндіру жүйелерінің жарамды күйде тұруы қатаң бақылауда болуы тиіс. Өту жолдарын жиһазбен, сахналық декорациялармен немесе басқа да заттармен жабуға жол берілмейді.

«Жаңа жылдық шаралар кезінде адамдар көп жиналатындықтан, кез келген ұсақ тәртіп бұзушылықтың өзі қауіпті жағдайға әкелуі мүмкін. Сондықтан жауапты тұлғалар алдын ала барлық эвакуациялық жолдарды тексеріп, алғашқы өрт сөндіру құралдарының қолжетімді болуын қамтамасыз етуі қажет», – деді Қабыкен Ермахан.

Ғимараттарды безендіру кезінде де өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау маңызды. Шыршалар мен залдарды тек зауытта шығарылған, ақаусыз электр гирляндтарымен безендіруге рұқсат етіледі. Ашық отты, шамдарды, бенгаль оттарын және қолдан жасалған жарық құралдарын пайдалануға тыйым салынады. Шырша орнықты негізге орнатылып, жылу беру және электр жабдықтарынан қауіпсіз қашықтықта орналасуы тиіс.

«Тәжірибе көрсеткендей, өрт оқиғалары көбіне жарамсыз электр сымдары мен дұрыс қолданылмаған гирляндтардан туындайды. Сондықтан тұрғындар мен ұйымдар бұл мәселеге немқұрайлы қарамауы керек», – деп атап өтті ТЖБ өкілі.

Пиротехникалық бұйымдарды қолдану тек ашық алаңдарда және нұсқаулық талаптарына сәйкес жүзеге асырылуы қажет. Ғимараттардың маңында, электр желілеріне жақын және адамдар көп жиналған жерлерде фейерверк атуға тыйым салынады. Сондай-ақ балалардың пиротехниканы ересектердің бақылауынсыз пайдалануына жол бермеу қажет.

Мамандардың айтуынша, қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғауға мүмкіндік береді және жаңа жылдық мерекелердің қауіпсіз әрі көңілді өтуіне жағдай жасайды.

 

Гүлім МҰРАТ,

Сурет ғаламтор желісінен

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *