Рудныйда Амангелді Жантеміровті еске алуға арналған бильярд турнирі өтті
Рудный қаласында интернационалист-жауынгер, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі Амангелді Жантеміровті еске алуға арналған бильярд турнирі ұйымдастырылды. Сайыс «Снежинка» бильярд клубының базасында өтті. Шараға Амангелді Жантеміровті көзі көргендер мен көрнекті дәрігердің есімін ардақтайтын жандар жиналды.
Амангелді Мырзахметұлы – Рудный қаласының ең танымал әрі сыйлы тұлғаларының бірі, қаладағы ЛОР қызметінің негізін қалаушы. Ол Ауған соғысы кезінде Кабул госпиталінде 40-армияның бас ЛОР-дәрігері болып екі жарым жыл қызмет етті.
– Ол шайқас даласынан жеткізілген ауыр жарақатты сарбаздарға тікелей шатыр ішінде ота жасады. Сапарға баруға өзі ниет білдірген. «Ол жақта біздің балаларымыз жүр, оларды құтқару керек. Кеңес солдаттарына көмектесу үшін баруым қажет», – дейтін, – деп еске алды інісі, Рудный қаласының құрметті азаматы Амантай Жантеміров.
1964 жылы Алматы медицина институтын бітірген соң, Амангелді Жантеміров Рудныйға жолдама алды. Мұнда ол ЛОР бөлімшесінің негізін қалап, ұжым жинақтады және ондаған маман даярлап, өз тәжірибесімен бөлісті. 1980 жылы дәрігердің бастамасымен Парковая көшесіндегі медициналық қалашықта ЛОР бөлімшесінің екі қабатты ғимараты салынды.
– Аурухана толықтай автономды болды: жеке қабылдау бөлімі, ота жасау блогы, асхана, физиотерапия – толыққанды емдеуге қажеттінің бәрі жасалды.
Ауғанстаннан оралған соң ол бұл жағдайды, соның ішінде, ауған соғысы ардагерлерін оңалту үшін де жасаған еді. Меніңше, Қазақстанда әлі күнге дейін мұндай оңалту орталығы жоқ, – деп атап өтті Амантай Мырзахметұлы.
Рудный көшелерінің біріне Амангелді Жантеміровтің есімі берілді. Бұл мәселені талқылау кезінде Ресейден, Германиядан, Америкадан, Түркиядан көптеген хаттар келді. Шешім бірауыздан қолдау тапты. Ал 2015 жылы қалалық аурухана ғимаратына оның құрметіне мемориалдық тақта орнатылды.
Осыдан екі жыл бұрын қалалық музейде Амангелді Жантеміровтің 85 жылдығына арналған «Жүрек қалауымен» атты көрме өтті. Жәдігерлер арасында бірегей құжаттар, Ауғанстанда алған «Интернационалист-жауынгерге ризашылық білдірген ауған халқынан» медалі мен жеке жұмыс құралдары бар.
Бильярд турниріне Амантай Жантеміров балаларымен және жиендерімен бірге демеушілік жасады.
Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды Николай Пономарев иеленіп; 2-орын Евгений Мамонтовке; 3-орын Владимир Антипинке бұйырды.
Жеңімпаздар кубоктармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
– Сегіз жылдан бері, «Ардагер» клубы ашылғалы бильярд ойнаймын. Келушілер көп, ал мені байырғы ойыншы деуге болады. Жасым 75-те, Рудныйда тұрғаныма жарты ғасыр болды. Бильярд мен үшін нағыз жан тыныштығы. Бұл – байыпты спорт түрі, ол көздің мергендігін арттырып, көру қабілетін жаттықтырады, – дейді турнирге қатысушы Александр Леонкин.
Бұл бильярд турнирі өз өмірін елге қызмет етуге арнаған және қала жадында халықтың шынайы сүйікті дәрігері болып қалған тұлғаны тағы бір мәрте еске алудың белгісі болды.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ