Күнделікті ерлік

Рудный кірпіш зауытының үздіксіз жұмысының сыры неде?

«Рудный кірпіш зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – күйдірілген саздан кірпіш пен құрылысқа арналған бұйымдар өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі.

Кәсіпорын құрылыс нарығында жоғары сапалы өнім ұсынуымен танылып, тұтынушылар тарапынан оң пікірлерге ие. Заманауи өндірістік технологияларды қолдана отырып, зауыт құрылыс кірпішін үздіксіз шығарып, қызмет көрсету сапасын жоғары деңгейде қамтамасыз етіп келеді.

Осы өндіріс орнында түрлі сала бойынша білікті мамандар еңбек етеді. Солардың бірі – көп жылдан бері өз ісіне адал қызмет етіп келе жатқан жөндеу слесары Қайрат Жайылған.

– Рудный кірпіш зауытында 2009 жылдан бері жұмыс істеймін. Негізгі міндетім – өндірістегі станоктар мен техникалық жабдықтардың дұрыс әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету, – дейді ол.

Жөндеу слесарының күнделікті жұмысы – станоктарды тексеру, ақауларын анықтау, қажет болған жағдайда жөндеу және бөлшектерін ретке келтіру. Өндірісте әртүрлі жағдайлар болады, кей кезде дәнекерлеуші маман болмаған сәттерде барлық жөндеу жұмысын өздері атқарады.

– Біз кірпіштің дұрыс қалыптасуын, пешке кіруін, дайын өнімнің блокқа тиелуін бақылап отырамыз. Қандай да бір ақау байқалса, дереу жөндейміз. Жұмыс түрі күн сайын әрқалай, бірақ барлығы өндірістің тоқтап қалмауы үшін жасалады.

Кірпіш өндірісі бірнеше кезеңнен тұрады: шикізат жеткізіліп, қалыпқа салынады, кейін пешке кіріп күйдіріледі, содан соң дайын өнім ретінде шығарылып, тиеуге жіберіледі. Осы процестің барлық техникалық қауіпсіздігі мен жабдықтардың жұмысын бақылау жөндеу слесарьлардың жауапкершілігінде, – дейді Қайрат Жайылған.

Қайрат Жайылғанның еңбек жолы Қамысты ауданынан бастау алады. Ол 1992 жылдан бері бір сәт те қол үзбей, маңдай термен еңбек етіп келеді. Алғашқы жылдары ауыл тіршілігінің қыр-сырын меңгеріп, кейін трактор-механизатор ретінде шыңдалды. 2004 жылы Рудный қаласына қоныс аударып, теміржол саласында қызмет атқарды. Ал 2009 жылдан бері Рудный кірпіш зауытында табанды еңбек етіп, өндірістің үздіксіз жұмыс істеуіне өз үлесін қосып келеді.

– Өз жұмысымды жақсы деп бағалаймын. Қыстың суығы мен жаздың ыстығы бізге бірдей. Еңбекке үйренгенмін. Жұмысым өзіме ұнайды, сондықтан алдағы уақытта да осы жерде еңбек етуді жалғастырамын, – дейді ол.

Осындай тәжірибелі, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын еңбек адамдарының арқасында Рудный кірпіш зауыты тұрақты жұмыс істеп, құрылыс саласын сапалы өніммен қамтамасыз етіп отыр.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *