Саудадан түскен қаражатты оқушылар қайырымдылыққа жұмсауды дәстүрге айналдырған
Рудный қаласындағы Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназияда оқушылар күзгі жәрмеңке ұйымдастырып, қолөнер туындылары мен өздері дайындаған тағамдарын ұсынды. Шараның мақсаты – оқушылардың шығармашылығын шыңдап қана қоймай, оларды ұйымшылдыққа, еңбексүйгіштікке және қайырымдылыққа баулу.
Мектепте жыл сайын күз және көктем мезгілдерінде ұйымдастырылатын жәрмеңкеге биыл да оқушылар, ата-аналар мен сынып жетекшілері белсене қатысты. Іс-шараның басты ерекшелігі – әр сыныптың өзіне тән идеясын жүзеге асырып, дайындаған дүниелерін өзгелерге таныстыруына мүмкіндік берілуі. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Индира Жакупованың пікірінше, мұндай шаралар оқушылардың сабақтан тыс қабілеттерін ашуға және мектеп өміріне белсенді араласуына жол ашады. Дайындық жұмыстарына ата-аналар да атсалысып, балаларымен бірге тағам әзірлеп, түрлі бұйымдар жасаған.
«Жәрмеңкені күзде және көктемде жыл сайын өткіземіз. Мұндағы мақсатымыз – оқушылардың өздерін басқа қырынан танытуына жағдай жасау және мектепішілік шараларға белсенді қатысуына ықпал ету. Дайындық барысында ата-аналарымыз бізге көп қолдау көрсетеді. Олар балаларымен бірге ұлттық тағамдар әзірлеп, жәрмеңкеге әкеледі. Бауырсақ, жеті шелпек, құрт секілді ұлттық тағамдармен қатар, өзге де түрлі дәм ұсынылады», – дейді Индира Серікқызы.
Жәрмеңке екі ауысымда оқитын балалардың барлығына қатысуға мүмкіндік беру үшін сабақ арасындағы үзіліс уақытында ұйымдастырылған. Әр сынып дастарханын әзірлеп, сауда жасауға және шығармашылық жұмыстарын таныстыруға мүмкіндік алған. Бұл жолы жәрмеңке тек тағам сатумен шектелмеді. Оқушылар күзгі табиғаттың көрінісін бейнелейтін түрлі макеттер әзірлеп, өзара шығармашылық сайысқа түсті. Бұл сында жұмыстың тақырыпқа сәйкестігі, оқушылардың ізденісі мен еңбегі ескерілген. Көрмеге қойылған макеттердің әрқайсысынан күздің өзіндік бейнесін байқауға болады. Бірі сарғайған жапырақтар мен ағаш бұтақтарын пайдаланып, табиғат көрінісін жасаса, енді бірі күзгі бақтың тіршілігін бейнелеген. Картон, қатырма қағаз, пластилин, кептірілген гүлдер мен жапырақтар, ағаш жаңғақтары секілді қарапайым материалдар оқушылардың қолында түрлі туындыға айналған. Күзгі макеттердің бірінде бейнеленген ауыл үйі мен бау-бақша көрінісі де назар аудартады. Онда күзде пісетін көкөністер мен бақша өнімдері көрсетіліп, жаз бойы күтіп-бапталған еңбектің нәтижесі бейнеленген.
Осындай жұмыстардың бірін 9 «В» сынып оқушылары да ұсынды. Олар жасаған макетте күзгі үй, бау-бақша, көкөністер мен табиғат көрінісі үйлесім тапқан. Туындыны әзірлеуге картон, желім, пластилин және ағаштан жиналған жаңғақтар пайдаланылған.
«Бұл макет арқылы күздің бейнесін көрсеткіміз келді. Көкөністерді, бау-бақшаны, саңырауқұлақтар мен сарғайған жапырақтарды бейнеледік. Жұмысты жасау кезінде қолда бар материалдарды пайдаландық. Жыл сайын қызықты әрі ерекше туынды жасауға тырысамыз», – дейді 9 «В» сынып оқушысы Адина Садұллаева.
Оқушылардың сөзінше, жәрмеңке өз еңбектерін өзгелерге таныстырып, жаңа қырынан көрінуге де мүмкіндік береді. Қолдан жасалған тәттілер, бәліштер, құймақтар мен ұлттық тағамдар келушілерге ұсынылды. Әр сынып өз дастарқанын безендіріп, саудаға белсене араласты. Мұндай тәжірибе балаларға өзара қарым-қатынас орнатуды, ортақ іске жауапкершілікпен қарауды және қарапайым сауда жүргізуді үйретеді.
Жәрмеңкенің тағы бір мақсаты – қайырымдылық. Саудадан түскен қаражатты мектеп ұжымы игі іске бағыттауды дәстүрге айналдырған. Бұған дейін де жиналған қаражат қайырымдылық шараларына жұмсалып келген. Биыл оқушылар мен ұстаздар Халықаралық қарттар күніне орай қарттар үйіне барып, қарияларға арнап концерттік бағдарлама ұсынды. Оқушылар ақ жаулықты әжелер мен ардақты аталарға ән айтып, би билеп, күй орындап, жүрекжарды тілектерін жеткізген. Сонымен қатар қарияларға шағын сыйлықтар табыстап, мерекелік көңіл күй сыйлаған.
Индира Жакупованың сөзіне сүйенсек, жәрмеңкеден түскен қаражаттың бір бөлігін осындай қайырымдылық шараларына жұмсау – қалыпты жағдай. Мектеп ұжымы оқушылармен бірге қарттарға қолдау көрсетуді және олармен кездесулер өткізуді әрі қарай да жалғастырмақ.
Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО