Мектеп аруы анықталды

Жахаң атындағы рудныйлық мектепте «Мектеп аруы – 2026» дәстүрлі байқауы өтті

Міржақып Дулатұлы атындағы жалпы білім беретін мектепте жыл сайын үзілмей келе жатқан «Мектеп аруы» байқауы биыл да ерекше сипатта өтті. Сұлулық пен парасатты, өнер мен білімді ұштастырған бұл сайыс – оқушылардың шығармашылық қарымын байқап, талантын шыңдайтын нағыз тағылым алаңына айналды.

Байқау айдынында 8–10 сынып оқушылары бақ сынап, өз өнерлері мен қабілеттерін ортаға салды. Шараның басты мұраты – жасөспірімдердің бойындағы жасырын талантын ояту, білімге құштарлығын оятып, ұлттық құндылықтарды ұлықтау болып табылады.

Биылғы дода бес кезең бойынша өрбіді. Алғашқы «Мен – болашаққа қадам» атты таныстыру бөлімінде қатысушылар өздерінің өмірлік ұстанымдарын, арман-мақсаттарын көркем тілмен өрнектеп, көрермен жүрегіне жол тапты.

«Парасат пен пайым» кезеңінде бойжеткендердің зияткерлік деңгейі сарапқа салынды. Салт-дәстүр, заңнама негіздері мен қоғамдық құндылықтар төңірегіндегі сұрақтарға мүдірмей жауап берген арулар өздерінің дүниетанымының кеңдігін дәлелдеді.

Ал «Өнерлі өрнек» бөлімі нағыз мерекеге ұласты: бірі әуезді ән салса, бірі мың бұрала би билеп, енді бірі жалынды жыр оқыды. Қыздардың аспаздық қырын ашқан «Ас дайындау» кезеңі де өте тартысты өтті. Байқаудың түйіні ретінде өткен «Ұлттық нақыш» бөлімінде қатысушылар қазақы киім үлгілерін паш етіп, ұлттық мәдениеттің ажарын аша түсті.

Әрбір үміткер бұл күнге үлкен ізденіспен келген. Мәселен, 10-сынып оқушысы Айжан Мәулен бірінші кезеңде авторлық өлеңін оқып, көптің ілтипатына бөленді.

– Сахнаға шыққанда қобалжудың болғаны жасырмаймын, тіпті кейбір сөздерді ұмытып та қалдым. Дегенмен, өнер көрсетуім сәтті шықты деп ойлаймын. Аспаздық сында ерекше «этно-бургер» ұсындым: бауырсақты бөлке ретінде, ал жылқы етін котлет орнына пайдаландым. Бұдан бөлек, салт-дәстүр мен заң тақырыбындағы сұрақтар біздің ой-өрісімізді шыңдады, – дейді ол.

9-сынып оқушысы Айгерім Махамбетова болса, шығармашылық кезеңге Мархаба Сәбидің «Ұнайды маған» әнін таңдаған.

– Бұл кезеңге бір ай бойы дайындалдым. Өнер көрсетуге ерекше жауапкершілікпен қарадым. Байқауға алғаш рет қатысып отырмын, – дейді жас өнерпаз.

Әділқазылар алқасы арулардың білімін, сахна мәдениетін, шығармашылық шеберлігі мен ұлттық болмысты таныта білуін қатаң бағалады.

«МЕКТЕП АРУЫ – 2026» – ЖІБЕК ШАКИРОВА

Бас жүлдені 8-сынып оқушысы Жібек Шакирова жеңіп алды. Оған 150 мың теңгелік оқу курсының сертификаты табыс етілді.

– Дайындыққа екі аптадай уақыт кетті. Сахнада өз шығарған өлеңімді оқыдым. Көптеген ақындардың жырын жатқа білемін, өзім де қалам тербеп тұрамын. 5-сыныптан бері осындай сайыстарға қатысып келемін. Мектеп президенті әрі белсенді оқушы болғандықтан, сахнада қобалжу болмады, – деп ағынан жарылды жеңімпаз.

  • І орын – Жанель Жәнібекова (30 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық)
  • ІІ орын – Айжан Мәулен (20 мың теңге)
  • ІІІ орын – Әдема Булусбекова (10 мың теңге мен Paprika кафесінде кешкі ас сертификаты)

Сонымен қатар арнайы номинациялар да табысталды.

  • «Ең өнерлі ару» – Ақнұр Берікбол
  • «Ең сымбатты ару» – Айсұлу Ақылбекова
  • «Ең парасатты ару» – Айгерім Махамбетова
  • «Көрермен көзайымы» – Сабрина Алдебаева

Барлық қатысушыларға демеушілер тарапынан бағалы сыйлықтар үлестірілді.

– Осындай тағылымды кештің өтуіне қолдау көрсеткен әділқазылар алқасына және демеушілерге алғыс білдіреміз.

Сұлулық пен таланттың мерекесіне айналған бұл кеш мектеп өміріне ерекше рух пен жылулық сыйлады. Көктемнің шуақты күндерімен үндескен «Мектеп аруы — 2026» байқауы керермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жас арулардың өнері мен білімін, шығармашылығын жарқырата паш етті, – деп атап өтті мектеп әкімшілігі Instagram парақшасында.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО