«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі қорытындыланды

Қостанай облысында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі өз мәресіне жетті. Шара барысында өңірдің барлық ауданынан келген берекелі әулеттер марапатталып, көпшілікке үлгі ретінде таныстырылды.

Салтанатты рәсімде облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов сөз сөйлеп, қатысушыларды құттықтады. Ол өз сөзінде отбасы институтының қашанда қоғам үшін ерекше құндылық екенін атап өтті.

– Елімізде қыркүйектің екінші жексенбісі Отбасы күні болып белгіленгені белгілі. Соның аясында халық бір-бірін құттықтап, отбасы құндылықтарын дәріптеп келеді. Бұл мереке қазақстандықтардың тұрмыс-тіршілігіне әбден сіңіп кеткенін байқаймыз. Өңірімізде де отбасыларды қолдауға бағытталған түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Ең бастысы, отбасымыз аман болып, мерейлі әулеттеріміз көбейе берсін. Бүгінгі жеңімпаздар енді облыс намысын республикалық кезеңде қорғайтын болады, – деді Бақытжан Нарымбетов.

Рудный қаласынан қатысқан Бурбаевтар отбасы байқауда үздік танылды. Алты адамнан тұратын көпбалалы әулеттің отағасы Еркен Қуанышбайұлы «ССКӨБ» акционерлік қоғамында еңбек етеді, ал жары Айнажан Халиханқызы мектеп директоры. Үлкен ұлы интернатурада оқиды, қыздары мектеп оқушылары. Әулет мүшелерінің әрқайсысы өз саласында жетістікке жеткен.

Байқаудың облыстық кезеңінде Бурбаевтар отбасы 100 мың теңге ақшалай сыйлықпен және Алғыс хатпен марапатталды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *