Мешіт мәдениеті

Серік Рахым: «Алланың үйіне келген кезде адам өзіне-өзі есеп беріп, тәртіп пен ережені сақтауы тиіс»

Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Серік Рахыммен болған сұхбат негізінде мешітке кіру әдебі, жастар тәрбиесі, әлеуметтік желі мәдениеті және діни білім беру төңірегіндегі маңызды ой-пайымдарды оқырман назарына ұсынамыз.

Мешіт тек намаз оқитын орын ғана емес, бүкіл халыққа толыққанды қызмет көрсететін рухани-әлеуметтік орталыққа айналды. Серік Рахым дін өкілі ретінде ең алдымен мешіттің басты мәні мен оған келген әрбір азамат сақтауы тиіс әдеп қағидаларына тоқталды.

– Мешітке келген кезде қалай ұсталу керек, қалай дайындалу керек деген сұрақтардың жауабы біздің дінімізде сайрап тұр. Дүниеміз, Ислам тәртіптен, әдептен, мәдениеттен тұрады. Үшінші ілім – бұл көркем мінез. Мешітке кірер кезде, шариғат дәстүрі мен тәртібі бойынша, ең бірінші оң аяқпен кіріп: «Аллам, маған есігіңді аш!» – деп тілек тілеп кіреміз, – деді Бас имам.

Имамның айтуынша, мешітке жай ғана қыдырып, тамашалап қайтатын мұражай ретінде қарауға болмайды.

– Бұл орын мұражай сияқты тамашалайтын жер емес. Мешіт деген сөз – бұл ең бірінші құлшылық қылатын орын, сәжде қылатын орын, ғибадат ететін жер. Екінші жағынан, қазір мешіттеріміздің функциясы халыққа толыққанды қызмет жасауға бағытталған. Адамдар әртүрлі жағдаймен келеді. Біреулер отбасы құндылығы, неке мәселесімен келсе, біреулер дүниеден өткен жақынының жаназасын өткеру, жаназа рәсімдерін ұйымдастыру үшін келеді. Барлық діни ақпаратты жан-жақты беруге тырысып, халыққа қызмет етіп, мешіт қазіргі таңда осындай үлкен функцияны атқарып жатыр. Тіпті, кейбір кісілер жаздың ыстық күндері немесе қыстың сарышұнақ суығында кіріп жылынып, су ішіп немесе дәрет алып, бойын жылытып жатады. Оларға да біз кет деп, кеудесінен итермейміз. Алланың үйі баршаға, бүкіл халыққа ашық. Бірақ өзіндік талаптары мен әдептері бар, – деп атап өтті сұхбат беруші.

– Шариғат бойынша мешітке келушілердің тазалығы мен киім кию әдебі қандай болуы керек?

– Ашық-шашық кірмей, мүмкіндігінше дәретпен жүрген абзал. Ал енді ғұсылы жоқ кісілер, әсіресе әйел заты, өзінің таза емес кезеңдерінде мешітке келмегені жөн. Бұл жағын да ескергеніміз абырой. Сондықтан мешіт – Алланың үйі. Қазір мешіттер өте көп, әсіресе жол үстіндегі мешіттер халыққа үлкен қызмет жасап тұр. Намаз оқитын адам құлшылығын жасап кетеді, дұғасын жасап кетеді. Мешіттер алдағы уақытта да елге, халыққа осылай қызмет атқара беретін болады.

Көп көңіл бөлетініміз – әдеп. Әдеп деген не? Ол – мешітке кіргеннен бастап өзіңді тәртіпті ұстау. Қатты айқайлап сөйлемеу, бұрыс кейіпте жүрмеу. Тіпті жұма күні имам хұтба оқып жатқан кезде қасындағы кісіге «тыныш отыр», «ары отыр», «сөйлеме» деген сияқты сөз айтудың өзін дініміз қайтарған. Сондықтан мешітке, Алланың үйіне келген кезде адам өзіне-өзі есеп беріп, тәртіп пен ережені сақтауы тиіс. Алланың үйіне келетін адам өзін Алланың бір қонағы сияқты сезінуі керек, – деді Бас имам.

«Мешіттің ішінде суретке түсуге бола ма?»

– Суретке түсуді қазір заман ағымы десек те болады. Мұны әсіресе жастар көп жасайды, неке қиып жатқанда суретке түсіп жатады. Бұнда тұрған ешқандай әбестік жоқ. Бірақ оны мақтан үшін, өзіңнің ғибадатыңды көрсету үшін істемеу керек, ниетте ондай ой болмауы тиіс. «Әрбір амал ниетке байланысты» дейді ғой. Сондықтан біздің әрбір ісіміз, амалымыз ниетке байланысты болғандықтан, ең алдымен ниетті түзеу керек. Ниет – Алланың ризашылығы үшін болуы тиіс, – деп атап өтті Серік Рахым.

Әлеуметтік желінің қоғамға тигізер ықпалын сөз еткен имам, медиа кеңістіктегі мазмұн сапасына да тоқталып өтті.

– Қазір көреміз, әлеуметтік желіде жеңіл-желпі дүниелер көп қаралым жинайды. Ал тәрбиелік мәні бар, жақсы контенттер түсірсек, қаралым аздау болады. Бүгінгі күннің көрінісі осындай: жылтыраққа, қызыққа, күлкіге, ойынға көңіл бөліп, содан қаралым жинау үшін неше түрлі жағдайларды көрсетіп жатады. Сондықтан әлеуметтік желіні дұрыс пайдалану керек деп ойлаймын. Дұрыс орынға қолдану керек. Елдің, халықтың игілігіне немесе өзгеге бір пайдасы тисін деген мақсатпен атқарылса, ол құпталады, – деді ол.

Сұхбат соңында Бас имам Қазақстандағы Ислам дінінің дамуы, діни білім алудың жүйесі мен шәкірт тәрбиелеу ісіне тоқталды.

– Дұрыс насихатты тыңдап, пайдалы жағын, кеңесін алған жөн. Бірақ «насихатты тыңдап алдым, дінді толық білдім» деу – қате түсінік. Діни білім арнайы ұстаздың алдына барып үйреніледі. Біз не үшін шәкірттерді оқытып жатырмыз? Ертең олардың біреуі медресеге барады, діни маман болады. Соларға бағыт-бағдар береміз, жолын көрсетеміз. Биылғы жылы да екі баланы медресеге оқуға жіберуді жоспарлап отырмыз. Былтыр, мысалы, Абылай хан деген шәкіртіміз оқуға түсіп, бірінші курсты бітіріп, қазір өзіміздің мешітімізде өндірістік практикадан өтіп жатыр. Ол – өзіміз баулыған шәкірт. Міне, осындай оқытып жатқан шәкірттеріміз қазірдің өзінде өзінің жемісін беруде деп ойлаймын, – деп қорытындылады сөзін «Нұр» мешітінің бас имамы Серік Рахым.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО