Қалалық мұрағатта ашық есік күні өтті
Республикалық «Архив және болашақ ұрпақ» акциясының аясында Рудный қалалық мұрағаты өзінің есігін жас оқушыларға ашып, олардың туған жерінің тарихына деген қызығушылығын арттыруға және мұрағат қорларында сақталған бірегей құжаттармен таныстыруға мүмкіндік берді.
№18, 13, 21 және 17 мектептердің жас зерттеушілері өткен тарихқа саяхат жасап, архивтегі құжаттардың құпияларын өз көздерімен көріп, болашаққа сабақ алуға мүмкіндік алды.
Ашық есік күні мұрағат қызметкерлері архивтің құрылу тарихы, тарихи естелікті сақтау ісіндегі рөлі және құжаттармен жұмыс жүргізу тәртібі жайлы жан-жақты әңгімеледі. Олар балаларға архив құжаттарының тек өткенді зерттеуге ғана емес, сонымен қатар болашақты қалыптастырудағы рөлін көрсетті.
«Біздің акциямыздың басты мақсаты – жас ұрпақты архив құжаттары негізінде Қазақстанның және өз өңірінің тарихын зерттеуге баулу, архив қызметін кеңінен таныту, сондай-ақ құжаттардың құндылығын көрсету», – деді Рудный қалалық мемлекеттік архивінің басшысы Елена Селянина.
Мектеп оқушылары архивтегі құжаттарды сақтау қағидалары, архив қоймаларындағы арнайы температуралық режим мен жарықтандыру тәртібі туралы толық ақпарат алды. Оларға «Кешегі өткен тарих» тақырыптық көрмесі көрсетілді, онда Рудный қаласының құрылуы, қала дамуына іргетас болған Соколов-Сарбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі тарихына қатысты бірегей материалдар ұсынылды.
Оқушыларға ең үлкен әсер қалдырғаны – тарихи құжаттар, ескі фотосуреттер мен карталарды өз көздерімен көру мүмкіндігі болды. Олар қаланың қалай салынғанын, дамығанын және өңірдегі өнеркәсіптің қалай бастағанын көріп, тарихқа деген қызығушылықтарын арттырды. Сонымен қатар, мұрағаттағы жеке тұлғаларға қатысты құжаттар арқылы өз өңірінің дамуына үлес қосқан адамдардың өмірі мен еңбегін танып, олардың жетістіктері қаланың тарихына қалай кіргенін көрді.
Рудный қалалық архиві заманауи технологияларды белсенді енгізіп, үнемі дамып келеді. 2018 жылдан бастап құжаттарды сандық форматқа көшіру және Бірыңғай электрондық архив құру жұмысы жүргізілуде.
«Біз құжаттарды сканерлеп, сандық форматқа айналдырамыз, болашақта кез келген адам архивке келмей-ақ онлайн түрде қол жеткізе алуы үшін», – деді Елена Ивановна.
Бүгінгі таңда архив қорында 136 қор бар, олар тарихи тұрғыдан аса құнды ресурс болып табылады. Сонымен қатар, үш фотосурет-фоно-видео құжаттар коллекциясы сақталған, бұл өткеннің дауыстары мен көріністерін көруге мүмкіндік береді. 2025 жылдың қыркүйегіндегі деректер бойынша әртүрлі носителдерде сақталған құжаттар саны – 92 056 бірлік.
Ерекше мәнге ие тоғыз жеке тұлғаларға қатысты құжат коллекциясы бар, олар Рудный қаласының дамуына зор үлес қосқан адамдардың өмірі мен қызметін көрсетеді. Осы адамдардың еңбек ерліктері мен жетістіктері қаланың тарихына алтын әріппен жазылған.
Геология қызметінің 75 жылдығына орай мұрағат қызметкерлері ерекше қор туралы айтып, геологиялық барлау жұмыстарымен айналысып, темір кені қорынын ашып, зерттеген архив құжаттары бар екенін көрсетті. Бұл қор ССКӨБ-нің құрылуына негіз болған. Оқушылар 1940–1950 жылдардағы алғашқы қадамдарды көрсететін тарихи фотосуреттерді көріп, өңірдің табиғи байлықтарын игерудің бастауларымен танысты.

Рудный қалалық архиві қаладағы оқу орындарымен, әсіресе болашақ мұрағатшыларды дайындайтын Технология және сервис колледжімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді.
«Біз колледжбен бірлесіп жұмыс істейміз, онда архив ісі менеджментіне оқытылады. Болашақ мамандарға экскурсиялар мен тәжірибелік сабақтар өткіземіз, мамандықтың барлық қырын көрсетеміз. Біз әрдайым мектептермен, колледждермен байланыстамыз, олар әрқашан ынтамен жауап береді және келуге дайын», – деді архив өкілі.
Осы жылға жоспар – Республика күніне арналған көшпелі көрме өткізу және Архивист күніне арналған салтанатты шара ұйымдастыру.
«Біз әрдайым мектептермен, колледждермен ынтымақтастыққа дайынбыз. Біздің басты мақсатымыз – өткенді сақтау ғана емес, оны жас ұрпаққа қолжетімді ету, олар тарихтан сабақ алып, елдің болашағын өз қолдарымен салуына мүмкіндік алсын», – деді архив қызметкерлері.
Кейде мұрағатшы мамандығының тек бірқалыпты, қызықсыз деп ойлайтындар болады, бірақ архив қызметкерлері жұмыс тек жауапкершілікті емес, сонымен қатар өте қызықты, танымды әрі пайдалы екенін жақсы біледі.
Сапар соңында оқушылар мұрағатшыларға қызықты әрі пайдалы экскурсия ұйымдастырғандары үшін алғыс айтты. Көпшілігі архивке бару туған қаласының тарихына қызығушылығын арттырғанын және болашақ зерттеулерге шабыт бергенін атап өтті.
«Бізге үмітіміз – оқушылар архивке барғаннан кейін өздеріне пайдалы мәлімет алып, мұнда алынған ақпарат болашақта оларға қажет болады. 1957 жылдың 30 тамызында Рудный қаласы мәртебесін алғанын және бұл күн өңір тарихына мәңгі енгізілгенін көпшілік білмейді», – деп түйіндеді Рудный қалалық мемлекеттік архивінің басшысы Елена Селянина.
Мұрағатшы жұмысы – тек ескі қағаздарды сақтау емес. Олар еліміздің тарихын сақтаған бірегей құжаттарға қол жеткізеді. Сонымен қатар, ақпараттың құпиялылығын сақтау оларға үлкен жауапкершілік жүктейді.
Мұрағатшы көпқырлы маман болуы тиіс: құжаттардың тарихи мәнін бағалай білетін тарихшы, құнды материалдарды архивке тапсыруға сендіре алатын журналист, құқықтық баға беретін юрист және ақпараттық технологиялар саласының білгірі. Қазіргі уақытта архивтерде құжаттарды сандық форматқа көшіру және Бірыңғай электрондық архив құру жұмысы жүргізілуде, осылайша азаматтар құжаттарға онлайн түрде қол жеткізе алады.
Сонымен қатар, мұрағатшы – ұйымдастырушы және белгілі бір дәрежеде мұғалім. Олар тек құжаттарды жинап, сақтап қана қоймай, оларды қала мен ел тарихындағы маңызды күндерге арналған іс-шараларда пайдаланады. Мұрағатшы мамандығы көпқырлы, әрі жоғары біліктілікті қажет ететін ерекше қызмет болып табылады.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірен Сұлтан СЕРТАЕВ
