Рудныйда ПИТК қайта тіркеу мерзімі аяқталуға жақын
Қазақстандағы тұрғын үй реформасы мәресіне жетті. Рудный қаласындағы баспана иелеріне өте аз уақыт қалды: 2026 жылғы 17 шілдеге дейін барлық пәтер меншік иелерінің тұтыну кооперативтері (ПИТК) жаңартылған заңнамаға сәйкес қайта тіркеуден өтуі тиіс.
Тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Мейірбек Ысмағұлов брифинг барысында уақыттың тығыз екенін ескертті. Белгіленген күннен кейін ПИТК қайта тіркеу қызметтері толығымен тоқтатылады.
Басқару нысанын таңдап үлгермеген және тұрғындардың қажетті 51 пайыз дауысын жинай алмаған үйлерге қатысты ескі кооперативті мәжбүрлі түрде тарату туралы сотқа талап-арыз беріледі. Бұл, іс жүзінде, үйдің апаттық қызметтерге, аула сыпырушылар жұмысына және жылыту маусымына дайындыққа жауапты қызмет көрсетуші ұйымсыз қалуына әкеп соғуы мүмкін. Қазіргі уақытта қалада көппәтерлі тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау жұмыстары жүріп жатыр, сондықтан басқару субъектісінің болмауы қажетті жұмыстарды ұйымдастыру мен үйге қызмет көрсетуде қосымша қиындықтар тудыруы ықтимал.
Заңнамадағы өзгерістерге байланысты әр үй басқару нысандарының бірін таңдауға құқылы. Пәтер саны 36-дан аспайтын үйлер басқарушы компаниялардан мүлдем бас тартып, үйге қызмет көрсетуді дербес жүзеге асыра алады (тікелей бірлесіп басқару – ТББ арқылы). Ол үшін белсенді адам және үй тұрғындарының төлем қабілеттілігінің жоғары болуы талап етіледі. Өзге жағдайларда тұрғындар жаңа пәтер меншік иелерінің кооперативін құра алады немесе жұмыс істеп тұрған ПИТК қайта тіркеуден өткізеді.
Заңға сәйкес, қазіргі уақытта басқарудың екі негізгі субъектісі анықталған: пәтер меншік иелерінің кооперативі және басқарушы компаниялар. Салық заңнамасына енгізілген өзгерістерге байланысты кооператив коммерциялық емес ұйым болып табылады. Бұл ағымдағы қызмет көрсетуге (мәслихат бекіткен ең төменгі тариф аясында) түсетін қаражатқа табыс салығы салынбайтынын білдіреді.
Басты жаңалық – жеке қаржылық есепке көшу. Бір үйдің қаражаты екінші үйдің мұқтаждығына жұмсалатын бұрынғы ортақ қазан әдісі келмеске кетті. Енді әр үй дербес субъектіге айналады. Тұрғындардан жиналатын қаражат нақты бір үйдің ағымдағы және күрделі жөндеу шоттарында шоғырланады. Егер бұған дейін бір үйдің қаржылық қиындықтары басқа үйлердің есебінен өтеліп келсе, енді мұндай тәжірибеге жол берілмейді. Жөндеу мен қызмет көрсету жұмыстары тікелей сол үйдің қанша қаражат жинағанына байланысты болады.
Қызметтер тізіміне не кіреді? Мәслихат бекіткен есептеу әдістемесі бойынша тариф өзгеріссіз қалады, алайда шығындардың құрылымын түсіну маңызды. Ең төменгі тариф қаражатының 60-тан 70 пайызға дейінгі бөлігі «базалық» шығындарға жұмсалады: оған электр энергиясының ақысы (соның ішінде жалпы үйдің мұқтаждықтары мен домофондардың жұмысы), салық аударымдары және қызметкерлердің – аула сыпырушылардың, сантехниктердің, электриктер мен бухгалтерлердің еңбекақысы кіреді. Қалған қаражат жертөлелерді дезинсекциялауға (зиянкестерді жоюға), ағымдағы өтінімдер бойынша материалдар сатып алуға және тәулік бойы жұмыс істейтін апаттық-диспетчерлік қызметті ұстауға бағытталады.
Борышкерлермен жұмыс істеу мәселесіне ерекше назар аударылады. Егер бұған дейін ПИТК қаражатты қайта бөліп, төлем қабілеті төмен үйлерді жағдайы жақсы үйлердің есебінен демеп келсе, енді әр үй өз шығынына өзі жауап береді.
«Спутник» ЖШС-нің заңгері Наталья Жаркова былай деп атап өтті:
– Берешегі жүздеген мың теңгеге жеткен проблемалық пәтерлер бойынша жеке жұмыс жүргізілуде: иесіз қалған (мұрагері жоқ) мүлік туралы ақпарат мемлекеттік органдарға беріледі, ал төлеуден жалтарып жүрген белсенді меншік иелерімен жұмыс атқарушылық жазбалар және сот орындаушылары арқылы жүзеге асырылады.
Қарызы шекті деңгейге жеткен және өзін ең төменгі қызметтер жиынтығымен де қамтамасыз ете алмайтын үйлер үлкен тәуекелге бас тігеді. Ондай жағдайда ПИК үш ай бұрын алдын ала ескерту жасап, оларға қызмет көрсетуден заңды түрде бас тартуы мүмкін.
ПИК екі-үш үйдің негізінде қайта тіркеуден өте алады. Алайда, егер үй 1 шілдеге дейін өз ішінен ағасын (төрағасын) таңдап, сауалнама парақтарын тапсырмаса, онда ПИК бұл үйді қоспай-ақ қайта тіркеуге кетеді.
Тұрғын үй қатынастары бөлімі мамандарының айтуынша, тұрғындардан көп нәрсе талап етілмейді: үйдің сенімді өкілін таңдап, сауалнама парағын толтырса жеткілікті. Бұдан кейінгі қайта тіркеу процедурасын басқару субъектісінің өзі жүргізеді.
– Тұрғындар үй ағасын – ПИК кеңесінің мүшесін таңдауы қажет. Дәл осы адам ПИК кеңесімен бірге шешімдер қабылдауға қатысатын болады. Мұндай белсенді азаматтардың жұмысы уақыт пен үлкен жауапкершілікті талап ететіндіктен, біз тұрғындарға олар үшін техникалық қызмет көрсету ақысын төлеуде жеңілдіктер енгізуді ұсынамыз, – деп түсіндіреді Мейірбек Ысмағұлов.
Бұл ретте тұрғындар үшін үйреншікті «үй ағасы» ұғымы сақталады. Жаңа басқару жүйесіне сәйкес, мұндай өкілдер ПИК кеңесінің құрамына кіріп, үйді күтіп-ұстау мәселелері бойынша шешімдер қабылдауға атсалысады.
Тұрғын үй қатынастары бөлімі рудныйлықтарды жауапкершілік танытуға шақырады. Үйді басқару жүйесі тоқтап қалмауы үшін қызмет көрсетуші ұйымға хабарласып, сауалнама парағын толтыру жеткілікті.
– Бүгінгі таңда көп нәрсе тұрғындардың өзіне байланысты. Егер үй қызмет көрсету деңгейін сақтап, жылыту маусымына ешқандай алаңсыз кіргісі келсе, сауалнама парақтарын толтыруды бұдан былай кейінге қалдыруға болмайды, – деп атап өтті Мейірбек Ысмағұлов.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО