Отан қорғау – әрбір азаматтың міндеті

Ағымдағы жылдың 17 наурызынан бастап 30 маусымға дейін жалғасатын көктемгі шақыру науқаны басталды

Конституцияның 36-бабына сәйкес – Қазақстан Республикасын қорғау оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті болып табылады.

«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабына сәйкес мерзімді әскери қызметке шақыруға Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жасақтау үшін қажетті мөлшерде әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға құқығы жоқ 18 жастан 27 жасқа дейінгі азаматтар жатады.

Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен жылына екі рет өткізіледі.

«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабында көзделген негіздері бар азаматтар ғана бейбіт уақытта әскерге шақырудан босатылады. Оның ішінде:

  • — денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылғандар;
  • — жиырма жеті жасқа толғаннан кейін мерзімді әскери қызметке заңды негізде шақырылмаған;
  • — әскери қызмет өткеру кезеңінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде туыстарының бірі (әкесі, анасы, ағасы немесе әпкесі) қаза тапқан, қайтыс болған немесе оған бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі белгіленген;
  • — басқа мемлекетте әскери (балама) қызмет өткерген;
  • — Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендер;
  • — ғылыми дәрежесі бар;
  • — тіркелген діни бірлестіктердің діни қызметкерлері.

Сондай-ақ, осы Заңның 35-бабында аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) шақыру комиссиясының шешімі бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру көзделген.

Сонымен қатар әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру үшін келесі негіздер көзделген:

  • — отбасылық жағдайлар бойынша;
  • — білім беруді жалғастыру үшін;
  • — денсаулық жағдайы бойынша;
  • — басқа себептер бойынша.

Әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру келесі отбасылық мән-жайлар бойынша беріледі:

  1. жақын туыстары немесе Қазақстан Республикасының аумағында олармен бірге тұратын немесе жеке тұратын, заң бойынша аталған отбасы мүшелерін асырауға міндетті басқа да адамдар болмаған кезде, бөгде көмекке мұқтаж және толық мемлекеттік қамтамасыз етілмейтін отбасы мүшелерін күтумен айналысатын азаматтарға;
  2. өз асырауында бар азаматтарға:
  • — анасыз тәрбиеленетін бала (балалар);
  • — ата-анасының қайтыс болуына немесе олардың ата-ана құқықтарынан айырылуына немесе соттың бас бостандығынан айыруға сотталуына байланысты кемінде екі жыл тәрбиесінде және күтімінде болған адамдар;
  • — некеде тұрған және бір және одан да көп баласы бар азаматтар.
  • Әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру білім беруді жалғастыру үшін келесі азаматтарға беріледі:
  • — оқу кезеңінде білім беру ұйымдарында жалпы орта білім алатын азаматтарға;
  • — тиісті білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім алатын, рухани (діни) білім беру ұйымдарында, сондай-ақ басқа мемлекеттердің жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі білім алатын азаматтарға;
  • — оқу кезеңінде жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім алатын азаматтарға.

Білім алуды жалғастыру үшін әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру қашықтықтан оқытуды қолдана отырып оқитын азаматтарға берілмейді.

Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру азаматтарға шақыру комиссиясының шешімімен бір жылға дейінгі мерзімге беріледі.

Басқа себептер бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру:

  • — мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, орта (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта), техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, мамандандырылған, арнайы білім беру ұйымдарында, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарында кәсіптік қызметті жүзеге асыратын педагогтерге, сондай-ақ әдістемелік кабинеттерде, жұмыс істеудің барлық кезеңіне арналған;
  • — тиісті білімі бар, ауылдық жерде мамандығы бойынша тұрақты жұмыс істейтін дәрігерлерге денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс істеудің барлық кезеңінде;
  • — Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе жергілікті өкілді органдардың депутаттық өкілеттігі мерзіміне депутаттарына;
  • — өздеріне қатысты анықтау, алдын ала тергеу немесе қылмыстық істер жүргізілетін адамдарға соттар тиісінше анықтау, тергеу аяқталғанға немесе сот үкімі күшіне енгенге дейін қарайды;
  • — азаматтық әуе кемелерінің ұшу экипаждарының мүшелеріне, тиісті білімі бар азаматтық авиация инженерлеріне, механиктері мен техниктеріне азаматтық авиация ұйымдарында жұмыс істеудің барлық кезеңіне;
  • — тиісті білімі бар кемелер экипаждарының мүшелеріне су көлігі ұйымдарында жұмыс істеудің барлық кезеңіне;
  • — құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында бастапқы кәсіптік даярлықтан өтетін адамдарға.

Офицерлік құрамның әскери атағы беріле отырып, запасқа қабылданған азаматтарға отбасылық мән-жайлар бойынша, денсаулық жағдайы бойынша, жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беруді жалғастыру үшін және басқа да себептер бойынша әскери қызметке шақырудан кейінге қалдыру беріледі.

Әскери жиындарға шақыруды кейінге қалдыру берілмейді.

Азаматтарды жұмылдыру бойынша әскери қызметке шақыру кезінде, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында кейінге қалдыру, денсаулық жағдайы бойынша кейінге қалдыруды қоспағанда, тоқтатыла тұрады.

Азаматтардың денсаулық жағдайы бойынша кейінге қалдыруды қоспағанда, кейінге қалдырудан бас тартуға құқығы бар және мүдделі тұлғалар мен халықты әлеуметтік қорғау органдарынан жеке өтініш пен тиісті нотариат куәландырған құжат ұсынылған кезде әскери қызметке шақырылуы мүмкін.

Осы бапта көзделген кейінге қалдыру үшін негіздерін жоғалтқан азаматтар осы Заңда белгіленген тәртіппен шақырылуға жатады.

Әскери қызметтің беделін арттыру мақсатында 2023 жылдан бастап әскерде қызмет еткен қазақстандықтар ҰБТ балдарын есепке алмай, елдің жоғары оқу орындарына түсе алады, ал ерекшеленгендерге тегін оқуға гранттар беріледі.

Бұдан басқа, әскери қызмет өткеру кезеңінде шақырылған азаматтарға банктер алдындағы ақшалай міндеттемелер бойынша «кредиттік демалыс» беріледі.

Әскери қызметтен жалтарғаны үшін әскерге шақырылушыларға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік жүктелетінін атап өткім келеді.

Анықтама:

ӘҚБтК-нің 647-бабына сәйкес — азаматтардың әскери есепке алу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін 5 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі жауапкершілік көзделген.

Сондай-ақ, ӘҚБтК-нің 648-бабы медициналық куәландырудан немесе тексеруден жалтарғаны үшін жауапкершілік көзделген. Көрсетілген жағдайда әскери міндеттілерге – 5 АЕК, ал әскерге шақырылушыларға — ескерту немесе 3 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік көзделген, бұдан басқа әскери қызметке даярлықтан жалтарғаны үшін ӘҚБтК-нің 650-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Әскери қызметтен қасақана жалтарушылар ҚК-нің 387-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа жатады, оның санкциясында 3000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл түріндегі жаза, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген.

Әскери қызметке шақыру кезінде Сіздің құқықтарыңыз бұзылған не Сізге қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасалған жағдайда, сіз Қостанай гарнизонының әскери прокуратурасына мына мекенжай бойынша жүгіне аласыз: Қостанай қаласы, Алтынсарин көшесі 118А, телефон: 8-7142-53-33-72.

 

Ермек ЕЛМҰХАМБЕТОВ,

Қостанай гарнизонының әскери прокуроры әділет полковнигі