Рудныйдағы әдеби десант

Қаламызда өлке қаламгерлерімен әдеби-сазды кездесу өтті

Рудный қаласындағы мемлекеттік тілдегі кітапханада «Өлкенің сөз зергер-қаламгері» атты әдеби-сазды кеш өтті. Руханият пен әдебиетті дәріптеген бұл кездесу Қостанай өңірінің қаламгерлері мен жас буынды бір ортада табыстырып, туған өлкенің әдеби мұрасын насихаттауға арналды.

Шараға №8 жалпы білім беретін мектептің 7-сынып оқушылары мен ұстаздары, сондай-ақ «Кездесу» клубының мүшелері – белгілі қаламгерлер Жаңбыршы Тұқатұлы, Сүндет Убайтұлы, Мүслима Нұрғалиқызы және Күлаш апай қатысты. Кездесу барысында сөз өнерінің құдіреті сөз болып, оқушылар мен ақын-жазушылар арасында еркін әрі мазмұнды әңгіме өрбіді.

– Әдеби кеш бірнеше бөлімнен тұрды. Алғашқы «Құтты мекен, кіндік қан тамған жер» бөлімінде туған өлкенің тарихы мен рухани құндылықтары туралы айтылды. Қостанай өңірінің әдебиетіне үлес қосып жүрген қаламгерлер таныстырылып, олардың шығармашылық жолы сөз болды. Сонымен қатар ел өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі – 2026 жылғы 20 қаңтарда Конституцияға енгізілген өзгерістер жайы қозғалып, қоғамдағы құқықтық сауаттылықтың маңызы атап өтілді.

Ал «Сөз – тағдыр, қалам – мұрат» атты бөлімде оқушылар жергілікті ақындардың жырларын мәнерлеп оқып, сөз өнеріне деген құрметтерін білдірді, – деп түсіндірді «Рудныйдың ОКЖ» ММ мемлекеттік тілдегі кітапхананың кітапханашысы Айнагүл Шаймерденова.

Тағы екі бөлім – «Жүректен жүрекке» және «Ашық микрофон» кештің мазмұнын одан әрі жандандыра түсті. Бұл кезеңде қаламгерлердің замандастары жылы лебіздерін білдіріп, шығармашылық иелеріне ақ тілектерін арнады. Ал оқушылар ақын-жазушыларға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты. Әсіресе, «Жазу үстеліне отырғанда сіздер үшін ең қиыны не: бастау ма, әлде соңғы нүктені қою ма?» деген сауал шығармашылықтың қыр-сыры туралы әсерлі әңгіме өрбуіне себеп болды.

Кеш соңында кітапхана меңгерушісі Гұлбараш Құттықожақызы қонақтарға алғыс айтып, естелік сыйлықтар табыс етті. Сонымен қатар Қасымқайыр Дүйсенбайтегінің «Қош бол, өмір» атты жаңа кітабы таныстырылып, кітап көрмесіне қойылған өзге де шығармаларға шолу жасалды.

Айнагүл Рамазанқызының айтуынша, мұндай кездесулердің жастар үшін маңызы зор.

– Бұл кештің басты мақсаты – өскелең ұрпақты туған өлкенің әдебиетімен таныстырып, сөз өнерінің қадірін ұғындыру. Жастардың ақын-жазушылармен жүздесуі олардың рухани дүниесін байытып, әдебиетке деген қызығушылығын арттырады, – дейді ол.

Кездесу соңында қаламгерлер жас буынға ақ баталарын беріп, білім мен өнер жолында табыс тіледі.

Арай АХМЕТ,

фотосуретті мемлекеттік тілдегі кітапхана ұсынды