Перзентханадағы БЦЖ екпесінен бас тартудың зардабы қандай болуы мүмкін, баланың бойындағы әлсіздік пен тәбеттің төмендеуіне неліктен бейжай қарамау керек және бүгінгі таңда туберкулезді емдеудің ең тиімді әдістеріне не жатады?
Жыл сайын 24 наурызда атап өтілетін Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күні қарсаңында қалалық емхананың балалар фтизиатры Қанипа Бертазина балалардағы туберкулез дертінің алғашқы белгілері, аурудың қауіптілік деңгейі және оны дер кезінде анықтап, емдеу жолдары туралы маңызды ақпаратпен бөлісті.

Балалар туберкулезі – бұл «Кох таяқшасы» деген атпен белгілі туберкулез микобактериясынан туындайтын ерекше инфекциялық-қабыну ауруы. Бұл дерт ағзаның түрлі мүшелері мен жүйелерін зақымдауға қабілетті.
– Балалар арасында туберкулездің негізгі түрлері ретінде алғашқы туберкулез кешені, кеуде ішіндегі лимфа түйіндерінің туберкулезі және инфильтративті туберкулез жиі кездеседі. Бұдан бөлек, өкпеден тыс формалары – бүйрек, көз, тері, сүйек-буын жүйесінің туберкулезі де ұшырасады, – деп түсіндірді дәрігер.
Маман бұл инфекцияның әлі де әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарында екенін және балалардың ең осал топқа жататынын атап өтті.
– Соңғы онжылдықтарда дерттің тек ересектер емес, балалар мен жасөспірімдер арасында да өршуі байқалады. Рудный қаласы бойынша жалпы сырқаттанушылық көрсеткіші соңғы екі-үш жылда жүз мың тұрғынға шаққанда бірден үшке дейінгі жағдайды құрап отыр. Бұл тұрақты жағдай. Тіпті, туберкулез мүлдем тіркелмеген жылдар да болды. Алайда бұл ауру әлі де жойыла қойған жоқ. 14 жасқа дейінгі балалардың инфекция жұқтыру деңгейі 15-40 пайызды құрайды, бұл жалпы эпидемиологиялық ахуалдың күрделілігін және туберкулез инфекциясы резервуарының ауқымды екенін көрсетеді. Сондықтан педиатрия мен фтизиатрия саласының басты міндеті – аурудың алдын алу және оны ерте сатыда анықтау, – деп қадап айтты Қанипа Бертазина.
Дәрігердің айтуынша, балалар көбіне отбасы ішінде науқас адаммен тығыз қарым-қатынаста болғанда жұқтырады. Инфекция аэрогендік жолмен (жөтелгенде немесе түшкіргенде) тарайды, сондай-ақ алиментарлық (ас қорыту жүйесі арқылы) және жанасу жолдарымен де жұғуы мүмкін.
– Ең жиі кездесетін жұғу жолы – қарым-қатынас арқылы. Отбасында туберкулезбен ауыратын адам болса, қасында жүрген балаға қауіп төнеді. Микобактерия өте төзімді келеді: ол сыртқы ортада ұзақ сақталып, адам ағзасында «ұйқыдағы» күйде өмір сүре береді. Балаларда ауру көбіне білінбей өтеді және ұзақ уақыт бойы айқын белгілері байқалмауы мүмкін. Туберкулездің алдамшы түрлері өте көп, сондықтан ата-аналар бірден байқамай қалуы ықтимал. Бала әлсіреп, тез шаршайды, тәбеті төмендеп, салмақ қоспайды, мінез-құлқы өзгереді. Кейде сирек жөтел пайда болады, бірақ оны ата-аналар көбіне аллергия немесе жай суық тию деп қабылдайды, – деп түсіндірді маман.
Дерт көбіне профилактикалық тексерулер кезінде анықталып жатады. Сондықтан дәрігер жүйелі диагностиканың маңызы зор екенін ескертеді.
– Туберкулезді анықтау үшін Манту сынамасы, диаскинтест, рентгенография, компьютерлік томография, сондай-ақ микроскопия, бактериологиялық егу және ПТР сияқты зертханалық зерттеулер қолданылады. Осының бәрі диагнозды нақтылауға көмектеседі. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы жаппай диагностикаға ерекше көңіл бөлінеді. Жыл сайын балаларға Манту сынамасы мен диаскинтест жүргізіледі. Қазіргі таңда бұл тексерумен 0-ден 17 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер түгел қамтылады. Бұл ауруды ерте анықтап, инфекцияның таралу қаупін азайту үшін қажет, – деді дәрігер.
Туберкулезге күдік туындаған жағдайда бала қосымша тексеру үшін фтизиатр маманға жіберіледі.
– Күдікке ілінген барлық бала міндетті түрде кешенді диагностикадан өтеді. Біз анамнез жинап, инфекция жұғуы мүмкін көздерді анықтаймыз, зертханалық және аспаптық зерттеулер жүргіземіз, – дейді Қанипа Бертазина.
Диагноз нақтыланған жағдайда емдеу шаралары мамандардың қатаң бақылауымен жүзеге асады. Ал туберкулездің алдын алудың ең маңызды әдісі – вакцинация.

– Туберкулезге шалдыққан балалар стационар жағдайында емделеді. Емдеу курсы қарқынды және демеуші кезеңдерден тұрады, туберкулезге қарсы терапия қолданылады. Қазіргі заманғы аралас препараттарды қолданудың арқасында бұл дерт толық жазылады. Спецификалық алдын алу шаралары бала туған сәттен басталады – бұл перзентханада салынатын БЦЖ вакцинасы. Егер қандай да бір себептермен бала уақытында егілмесе, вакцинацияны 15 жасқа дейін жасатуға болады, – деп түсіндірді маман.
Сонымен қатар, балаларды жүйелі түрде тексеріп тұру және ата-аналардың бала денсаулығына жіті көңіл бөлуі де шешуші рөл атқарады.
– Ауруды асқындырып алғанша, уақытылы тексеруден өткен абзал. Ата-аналар перзентханада екпе алудың, Манту сынамасы мен диаскинтестен бас тартпаудың маңыздылығын түсінуі тиіс. Дәл осы зерттеулер туберкулезді бастапқы сатысында анықтауға мүмкіндік береді, – деді Қанипа Кабжановна.
Оның айтуынша, дерт дер кезінде анықталып, ем басталса, нәтижесі де ойдағыдай болады.
– Бүгінде туберкулез емделетін ауру. Ең бастысы – дертті өткізіп алмай, мамандарға уақытылы жүгіну, – деп қорытындылады дәрігер.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген
Даниил САЕНКО