Оқушылар ұлы ағартушы Ыбырай мұрасын жаңа қырынан насихаттады

Қаламызда ұлт ұстазының 185 жылдығына арналған «Ыбырай жолы» интеллектуалды сайысы өтті

«Орбита» демалыс орталығында қалалық тілдерді дамыту бөлімі мен Тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен «Тіл – ұлттың жаны» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында іс–шара ұйымдастырылды. «Саналы ұрпақ – 2050» қоғамдық қорының қолдауымен өткен «Ыбырай жолы» атты зияткерлік сайыс қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына арналды.

Бұл жолғы білім додасы орыс тілінде оқитын оқушылар арасында арнайы өткізіліп отыр. Басты мақсат – жас ұрпаққа ұлы ұстазының өмір жолы мен шығармашылығын насихаттау, мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыру. Сайысқа қала мектептерінен барлығы 5 команда бақ сынауға қатысты. Әр командада 5 оқушыдан өнер көрсетті.

Сайыстың маңыздылығы жайлы Тілдерді оқыту орталығының басшысы Жанат Досубаева кеңінен айтып берді:

«Бұл іс-шара жыл басынан бері жоспарланған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясындағы маңызды жобалардың бірі. Басты мақсатымыз – мектеп оқушылары арасында Ыбырай атамыздың өмірбаяны мен шығармашылығын кеңінен насихаттау. Сайыс алты кезеңнен тұрады. Біріншісі – Ыбырайдың өмір жолы, екіншісі – «Мақал – сөздің мәйегі», үшіншісі – «Туған жерім, тұғырым», төртіншісі – квест тапсырмалары арқылы ақпараттық карточкалар мен дұрыс тақырып таңдау, бесіншісі және соңғысы – шығармашылық кезең. Бұл кезеңде оқушылар өздерінің креативті идеяларын қосып, «Ыбырай атамызды оқушылар қалай көреді?» деген тақырыпта өз постерлерін жасап шықты. Балалардың дайындығы мен білім деңгейі өте жоғары».

Ешкім сыйлықсыз қалмады. Командалар арнайы жүлделі орындармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.

Өскелең ұрпақтың білімін әділ бағалаған қазылар алқасының қатарында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Владимир Михайлюк бар. Ол тұңғыш рет әділқазы мүшесі ретінде қатысып отырғанын айтып, әсерін жеткізді.

«Ұлт ұстазына арнап ұйымдастырылған сайыста қазылар алқасының мүшесі ретінде қатысу мен үшін үлкен тәжірибе әрі зор мәртебе. Оқушылар бар күшін, білімін жоғары деңгейде көрсете білді. Түрлі кезеңдерден сүрінбей өтіп, тапқырлықтарын паш етті. Қазіргі заманда тіл білу – үлкен талап. Мұндай іс-шаралар балалардың ынтасын оятып, болашаққа мақсат қоюына үлкен мүмкіндік береді», – дейді жас маман.

Тартысты өткен «Ыбырай жолы» сайысы өңірдегі жастардың тарихқа деген құрметін арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолындағы тағы бір сүбелі қадам болды.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ