Референдум. Ұстаздар пікірі қандай?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу үшін жалпыхалықтық референдум өткізетіні туралы жаңалық қызу талқыланып жатқаны белгілі. Осы орайда Рудный қаласындағы ұстаздар қауымының пікірін тыңдап көрдік.

№15 орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, ұлт жанашыры Ғалинұр Бектенов бұған дейін Конституцияға өзгерістер енгізгенде ешкім халықтың пікірін сұрамағанын, сондықтан бұл, шынымен де, мемлекет халықтың үніне құлақ аса бастағаны қуантады деген көзқарасын айтып отыр.

«Ата Заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізу біз үшін таңсық дүние емес қой. 27 жыл бойы халықтан ешкім пікір сұраған жоқ. Парламент қарауына ұсынып, депутаттардың «бір ауыздан» мақұлдауымен өзгерте салатын. Сол себепті осы тақырыптағы жаңалықтарға құлағымыз да, көзіміз де үйренді. Шыны керек, осы жолы да солай болады деп ойлағам. Бірақ, Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА сессиясында Ата заңға енетін өзгерістерді жалпы халықтың таңдауына беріп, референдум өткізуді ұсынды. Мемлекет басшысы өз ұсынысында «Біз Екінші Республиканы бірге құрамыз, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетеміз! Әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ, әрі дамыған мемлекет боламыз!» деп атап өтті. Бұл жаңалықты өзім де, әріптестерім де зор қуанышпен қабылдады. Енді жаңа, нақты өзгерістерге бастайтын референдумның ойдағыдай өтуіне бір адамдай атсалысуымыз керек» – дейді ол.

Дм.Карбышев атындағы №14 орта мектептің ұстазы Лариса Сатыбалдиева да әріптесінің пікірімен келіседі.

«Референдумның уақыты белгілі. Біздің қоғам референдум өткізуге сақадай сай. Өз басым, таңдау жасар сәттің туғанын алдағы оң өзгерістердің басталғаны деп білемін.

Референдумға дейінгі бір ай мерзімді барынша тиім­­ді пай­далану керек. Яғни ел ағалары бұ­қа­раны кеңінен ха­бар­ландырып, Конституция­ға ен­гі­зілетін өз­герістерді наси­­хат­тап, түсін­діру қажет. Алдағы өзгеріс­терге қатыс­ты жер-жерде са­рап­шы­лардың қа­ты­суымен өтетін талқылауларға барлық белсенді халыққа қатысса игі. Осы­ның негі­зінде Конституцияға енгізі­летін өзгерістер екшеледі. Жас та, жасамыс та мұндай талқы­лаулардан қалыс қалмауы керек. Себебі елдің болашағына үркердей ғана топ емес, сіз бен біз де, бәріміз жауаптымыз.

Айта кетейік, референдумда Конституцияның 33 бабына өзгеріс енгізу арқылы алдағы уақытта 20-дан астам заң жаңаша редакцияланатын болады. Сол арқылы еліміздегі саяси жүйе мен саяси басқарудың қайта құрылуы жүзеге асады. Референдумға барлығымыз ерікті түрде қатысып, дұрыс таңдау жасайық!» – дейді маман.

Елдегі барлық педагогтардың ойын екі адамның ғана пікірімен өлшеуге аулақпыз. Алайда негізгі ой осыған жуықтайды.

Еске салайық, Республикалық референдум тәуелсіздік тарихында екі рет өтті. Біріншісі – 1995 жылғы 29 сәуірде орын алса, екіншісі сол жылы 30 тамызда болды.

Айдын АСҚАР

газета «Рудненский рабочий»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *