Рудныйдағы жасыл жазира

Абай атындағы мектептің «ЭкоLife» үйірмесі табиғатты қалай қорғап жүр?

Қоршаған ортаның ластануы, жаһандық жылыну, флора мен фаунаның сирек кездесетін түрлерінің жойылу қаупі – бұл адамзатты алаңдатып отырған жаһандық мәселелер.

Алайда, осы үлкен мәселелерді шешу жолында шағын ғана мектеп қабырғасында қандай ауқымды жұмыстар атқарылуы мүмкін? Бұл сұрақтың жауабын Рудный қаласындағы Абай атындағы жалпы білім беретін мектебінің оқушылары мен ұстаздары өздерінің күнделікті қажырлы еңбектерімен дәлелдеп келеді. Мектеп жанынан құрылған «ЭкоLife» экологиялық үйірмесі тек өсімдік өсірумен шектелмей, нағыз табиғат жанашырларын тәрбиелейтін үлкен орталыққа айналған.

Абай атындағы мектептегі «ЭкоLife» үйірмесінің ресми түрде жұмыс істей бастағанына биыл үшінші жыл толып отыр. Соңғы екі жыл көлемінде бұл ұйымға мектеп мұғалімі Гүлжамила Абутолибова жетекшілік етіп келеді. Үйірменің негізгі контингенті – табиғатқа бей-жай қарай алмайтын, өз еріктерімен жиналған 16 оқушы. Олардың қатарында жетінші және тоғызыншы сынып оқушылары бар. Жетекшінің айтуынша, ұлдар мен қыздар аралас қатысатын бұл үйірме екі тілде, яғни қазақ және орыс тілдерінде еркін форматта жұмыс істейді.

Үйірменің мақсаты мен миссиясы туралы тоғызыншы «Ә» сынып оқушысы, «ЭкоLife» ұйымының белсенді мүшесі Айдана Қаланбекова нақты түсіндіріп берді:

«Басты мақсат – мектеп оқушылары мен жалпы жастарды табиғатты аялауға, қоршаған ортаны қорғауға шақыру және экология саласындағы білімдерін жан-жақты жетілдіру. Мектепті толықтай жасыл ортаға айналдыру, оны түрлі өсімдіктермен гүлдендіру – ұйымның күнделікті атқаратын негізгі міндеттерінің бірі саналады».

Бұл үйірмеге екі жыл бұрын қосылған тағы бір оқушы Аяжан Кенесбай ұйымның маңыздылығына ерекше тоқталды.

«Мұнда балалар тек табиғатты қорғауды ғана емес, сонымен қатар өсімдіктер әлемін терең зерттеуді, олар бойынша мәліметтер жинап, ғылыми білімдерін кеңейтуді үйренеді. Гүлжамила Жолдыбайқызының бекіткен кестесі бойынша біздер аптасына екі-үш рет жиналып, уақыттарымызды пайдалы өткіземіз», – дейді ол.

«ЭкоLife» үйірмесінің ең басты мақтанышы әрі тәжірибелік алаңы – мектеп ішіндегі арнайы жылыжай. Үйірме мүшелері бұл орынның қарапайым жылыжайлардан қандай айырмашылығы бар екенін ғылыми тұрғыда да дәлелдеп көрсете алады. Оқушылардың берген ақпаратына сүйенсек, жалпы Қазақстандағы жылыжайлар ауыл шаруашылығының ең маңызды салаларының бірі және олар екі үлкен топқа бөлінеді: қарапайым (маусымдық) және өнеркәсіптік. Маусымдық жылыжайлар тек ауа райының жылынуына байланысты жұмыс істесе, өнеркәсіптік жылыжайлар жыл бойы, үздіксіз өнім беруге бейімделген.

Абай мектебіндегі бұл жылыжай нақ осы өнеркәсіптік түрге жатады. Себебі мұнда жасанды жарықтандыру және арнайы жылыту жүйелері орнатылған. Осы технологиялардың арқасында өсімдіктер жылдың төрт мезгілінде де, тіпті қыстың қақаған аязында да өсіп-өне береді.

Үйірме мүшесі Назым Өтемұратова жылыжай ішіндегі күнделікті қажырлы еңбек туралы егжей-тегжейлі баяндап берді:

«Біздер әрбір өсімдікке ерекше күтіммен қараймыз. Топырақтарды үнемі жаңартып, суару режимін қатаң сақтаймыз. Сонымен қатар, гүлдер мен көкөністердің сау өсуі үшін қураған жапырақтарды уақытылы алып тастап отырамыз. Бұл жылыжайда тек бөлме гүлдері ғана емес, күнделікті тұрмысқа қажетті, жеуге жарамды көкөністер де өсіріледі».

Назымның сөзінше, 2025 жылдың жаз айында үйірме оқушылары бірігіп қызанақтар мен аскөк еккен болатын. Бұл тәжірибе өз жемісін өте жақсы деңгейде көрсетті. Оқушылар өз қолдарымен өсірген өнімдерді үйлеріне апарып, отбасылық тағамдарына қосқан. Мұндай жұмыстар балаларды еңбекке баулып қана қоймай, өсімдіктердің толық өсу циклін көзбен көруге үлкен мүмкіндік береді.

Гүлжамила Жолдыбайқызы да осы көкөніс өсіру тәжірибесіне тоқтала келе, былтырғы жылы балалардың жылыжай ішінде 27 түп қызанақ көшетін өсіргенін алға тартты.

Күн жылығаннан кейін ол көшеттер мектеп ауласына көшіріліп отырғызылып, мол өнім берген. Биылғы жылы да оқушылар дәл осы дәстүрді жалғастырып, көктемге қарай жаңа көкөніс түрлерін егуді жоспарлап отыр.

Үйірме жұмысы тек кетпен шауып, су құюмен шектелмейді. Мұнда ғылыми-теориялық базаға өте үлкен мән беріледі. Жетекшінің айтуынша, барлық теориялық сабақтар мектептегі биология кабинетінде өтеді. Бұл жерде балалар алдағы жасалатын жұмыстардың жоспарын құрады, өсімдіктердің анатомиясымен, яғни тамыры, сабағы, гүлі және жапырағының құрылысымен жіті танысады. Экологияның негіздері, табиғатты қорғаудың заңдылықтары туралы ауқымды тақырыптар қамтылады.

Теориялық білім алғаннан кейін ғана оқушылар жылыжайға барып, алған білімдерін практика жүзінде сынайды. Мысалы, бөлме гүлдерін көбейту процесі оқушылардың тікелей қатысуымен жүзеге асады. Олар өсімдіктердің қалемшелерін  кесіп алып, олардың тамыр шығаруын қадағалайды. Тамырлаған жаңа көшеттерді арнайы құтыларға отырғызып, одан әрі өсіреді. Осылайша өсіп-жетілген бөлме гүлдері кейін мектептің барлық оқу кабинеттеріне үлестіріліп, мектеп ішін толықтай жасыл желекке бөлейді.

Үйірменің мектеп шеңберінен шығып, қоғамға пайдасын тигізіп жатқан тағы бір үлкен бағыты – ол тұрақты түрде өткізілетін экологиялық акциялар.

«Оқушылар қазіргі экологияның өте қауіпті деңгейде тұрғанын жақсы түсінеді. Сондықтан олар өзге құрдастарын, мектеп ұжымын ақпараттандыру мақсатында толыққанды жағдай жасап, түрлі іс-шаралар ұйымдастыруды әдетке айналдырған.

Солардың ішіндегі ең ауқымдысы – «Сохрани природу, сдай батарейку» (Табиғатты сақта, батареяны өткіз) атты маңызды акциясы», – дейді жетекші.

Айдана бұл акцияның мән-мағынасын өте терең түсіндірді. Күнделікті тұрмыста қолданылатын қарапайым батареялардың қоршаған ортаға тигізер зияны орасан зор. Себебі олардың құрамында қорғасын, мырыш, кадмий сияқты ауыр металдар мен өте улы химиялық заттар бар. Егер қоқысқа тасталған батарея топыраққа түссе, ол бұзылып, өзінің құрамындағы улы заттарды табиғатқа бөліп шығарады. Бұл өз кезегінде жер асты суларының ластануына, сол маңдағы өсімдіктер мен жануарлардың улануына, тіпті жойылып кетуіне әкеп соғады. Осы акция аясында үйірме мүшелері мектеп оқушыларына батареяның зияны туралы жан-жақты ақпарат беріп, оларды арнайы орындарға өткізуге шақырды. Бұл бастама оқушылар арасында үлкен қолдау тауып, экологиялық мәдениеттің қалыптасуына зор ықпал етті.

«Әр квартал сайын мақсатты түрде ауқымды іс-шаралар тізбегі өтіп тұрады. Олардың қатарында суды үнемдеу, электр қуатын ұтымды пайдалану, көгалдандыру жұмыстары бар. Сондай-ақ, «Болашақ біздің қолымызда» атты жалпымектептік акция аясында тұрмыстық қалдықтарды, қоқысты сұрыптау, қайта өңдеу мәселелері көтерілген. Оқушылар макулатура жинау, пластик бөтелкелерді арнайы орындарға тапсыру сияқты пайдалы істерге белсене атсалысады. Тіпті, қайта өңдеу тақырыбына арнап, балалар ескі заттардан, қолданыстан шыққан бұйымдардан «ЭкоLife» үйірмесіне арналған түрлі қолөнер туындыларын да жасап шығарған. Бұл балалардың бойындағы шығармашылық пен табиғатқа деген жанашырлықты қатар дамытады», – дейді педагог.

Жас экологтардың еңбегі тек мектеп ішінде ғана емес, қалалық және республикалық деңгейлерде де жоғары бағаланып жүр. Үйірме оқушылары түрлі интеллектуалдық және экологиялық сайыстарға қатысып, мектеп қоржынына жүлделі орындар әкелуде. Жетекшінің берген мәліметі бойынша, осы оқу жылында ұйым қалалық деңгейде өткен «Үздік экологиялық ұйым» атты байқауға қатысып, жүлделі үшінші орынды қанжығасына байлаған. Бұл жетістік балалардың шабытын одан әрі оятып, жаңа белестерге жетеледі.

Одан бөлек, республикалық деңгейде ұйымдастырылған «Тасбақа бұрышы» («Тасбақалар әлемі») атты өте маңызды байқауға қатысқан. Бұл байқаудың басты тақырыбы – қазіргі таңда жойылу қаупінің аз-ақ алдында тұрған азиялық тасбақалардың тағдыры. Оқушылар бұл мәселеге бей-жай қарамай, мектеп ішінде үлкен стенд ұйымдастырып, ақпараттық бұрыш ашқан. Азиялық тасбақалардың экожүйедегі орны, оларға төніп тұрған қауіп-қатерлер туралы материалдар дайындап, өзге оқушылардың назарын аудару үшін түрлі қызықты экологиялық ойындар мен викториналар өткізген. Осы орасан зор еңбектің нәтижесінде үйірме республикалық байқаудан екінші орынды иеленді. Жеңістің ең үлкен сыйы ретінде мектептің екі белсенді оқушысына осы айдың соңында Алматы қаласына арнайы экскурсияға баруға жолдама берілді. Бұл оқушылар үшін үлкен мотивация екені сөзсіз.

Сайыстармен қатар, балалар ғылыми жобалар қорғауға да машықтанған. Мәселен, үйірме мүшесі Аяжан экологияның маңызына және қоқыстың Жер шарына тигізетін зардабына арналған үлкен ғылыми жоба дайындаған. Бұл жобаның ерекшелігі – оқушылар Жер ғаламшарының арнайы макетін (үстіңгі бедерін) өз қолдарымен жасап шыққан. Макетте түрлі қоқыстар орналастырылып, олардың ғаламшардың әрбір нүктесіне қалай негативті әсер ететіні визуалды түрде, нақты дәлелдермен көрсетілген. Бұл көрнекі құрал басқа оқушыларға экологиялық апаттың ауқымын түсінуге үлкен көмегін тигізді.

Қазіргі сәтте де үйірме мүшелері қол қусырып отырған жоқ. Гүлжамила Жолдыбайқызының айтуынша, дәл қазіргі таңда судың құрамын анықтауға арналған жаңа зерттеу жобасы дайындалу үстінде. Осы айдың 24-і күні оқушылар осы жобамен кезекті сайысқа қатысса, ал 26-сы күні Айдана өзінің жеке ғылыми жобасын қорғауға дайындалып жатыр. Жалпы, мұндай іс-шаралардың жиілігі соншалық, жетекшінің сөзінше, әр ай сайын жаңа жобалар келіп түседі. Бір іс-шараны толықтай аяқтап үлгермей жатып, екіншісі басталып кетеді. Бұл үйірменің өте жоғары қарқында, динамикалық түрде дамып келе жатқанының айқын көрінісі.

Айдана өз сөзінде экологиялық акциялардың қоғам үшін маңызын мемлекеттік деңгейдегі бағдарламалармен байланыстыра білді. Ол 2000-шы жылдардың басында қабылданған «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасын еске алды. Бұл бағдарламаның басты мақсаттарының бірі – Қазақстанды жасыл елге, экологиясы таза мемлекетке айналдыру.

«Бұл мақсатқа жету үшін үлкен зауыттар ашылуын күтіп отырудың қажеті жоқ. Әрбір азамат өзінен бастауы керек: қоқысты өңдеу, ағаштарды көптеп отырғызу, өсімдіктерді көбейту арқылы жерімізді көгалдандыру. Экологияны, табиғатты біз аяламасақ, басқа кім аялайды?», – деп түсіндірді Айдана.

Үйірме жетекшісі Гүлжамила Абутолибова атап өткендей, бұл жұмыстардың барлығы жастар мен оқушылар арасында табиғатты аялауды насихаттауға арналған және бұл еңбек ешқашан далаға кетпейді, ол тікелей біздің болашақ ұрпағымыздың саулығы мен жарқын өміріне өз септігін тигізеді.

«Қазіргі дамыған, өркениетті заманда әрбір үйде, әрбір мекемеде қоқысты сұрыптап тапсыруға толық мүмкіндік бар. Егер әрбір адам өз қоқысын қағаз, пластик, шыны деп жеке-жеке сұрыптап, орын-орнымен арнайы жәшіктерге тастайтын болса, бұл қоршаған ортаны қорғауға қосылған ең үлкен үлес. Қоршаған ортаны аялайық. Барлығы өз қолымызда», – деп қорытындылады сөзін үйірме жетекшісі.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО