Мүгедектігі бар жандар мен жұмыссыздарға қандай қолдау көрсетілуде?
Рудный қаласындағы Жастар ресурстық орталығында биылғы «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында «Мүмкіндік» жалпыоблыстық әлеуметтік-құқықтық акциясы мен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Аталған шараның басты мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға жан-жақты құқықтық көмек көрсетіп, жұмыссыз жүрген тұрғындарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.
Шара барысында жұмыс іздеушілер түрлі саладағы бос жұмыс орындарымен танысып қана қоймай, уәкілетті органдардан өздерін толғандырған мәселелер бойынша тікелей кеңес алуға мүмкіндік алды.
«Рудный қаласының мансап орталығы» филиалының басшысы Ляззат Алдоңғарованың мәліметінше, бұл – қала прокуратурасымен бірлесіп осымен үшінші рет өткізіліп отырған жәрмеңке.
«Мүмкіндік» сөзінің өзі азаматтарға беріліп отырған зор мүмкіндікті білдіреді. Жәрмеңкеге 10-ға жуық жұмыс беруші қатысып, 130-дан астам бос жұмыс орнын ұсынды. Олардың басым бөлігі – жұмысшы және ер азаматтарға арналған мамандықтар. Сонымен қатар, қала әкімдігінің аппараты да мемлекеттік қызметке бос орындар ұсынып отыр. Жалпы алғанда, «Еңбек» порталында қала бойынша 700-ге жуық бос жұмыс орны тіркелген. Шараға мүгедектігі бар жандардан бөлек, ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрған азаматтар да шақырылды. Қазір қалада 1,5 мыңға жуық адам жұмыссыз ретінде есепте тұр. Олардың дені – жұмысынан айырылуына байланысты алты ай бойы жәрдемақы алатындар. Өкінішке қарай, кейбір азаматтарда жұмыс табуға деген құлшыныс төмен болғандықтан, біз оларды жәрмеңкеге келіп белгі қою үшін де арнайы шақырдық. Мұндай жәрмеңкелер жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және кадр тапшылығын сезініп отырған жұмыс берушілерге маман табуға септігін тигізеді», – деді Ляззат Алдоңғарова.
Бұдан бөлек, жәрмеңкеде мемлекеттік қызмет саласына да кадрлар іздестірілді. Рудный қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Клара Чумактың сөзіне сүйенсек, мекемеде 6 бос жұмыс орны бар. Оларға экономика, юриспруденция, бизнес, қаржы, құқық, менеджмент, сондай-ақ IT технологиялар саласы бойынша жоғары білімі бар мамандар қажет. Нақтырақ айтсақ, салықтық бақылау, есеп және аудит, өндірістік емес төлемдер бөлімдеріне бас мамандар талап етіледі.
«Мемлекеттік қызмет – бұл қоғамға нақты пайда әкелетін, мемлекеттің дамуына үлес қосып, заңнаманың сақталуын қамтамасыз ететін жауапты міндет. Бізге жауапты, бастамашыл, адал жұмыс істеуге дайын мамандар қажет. Мемлекеттік қызметке орналасу үшін үміткерлер міндетті түрде конкурс өтеді. Алдымен заңнамаларды білу және жеке қасиеттерін (тәртібі, өзін қалай ұстауы) бағалау бойынша тестілеу тапсырады. Одан кейін ең маңызды кезең – әңгімелесу өтеді. Ең жоғары балл жинаған үміткерлер жұмысқа қабылданады. Біздің жұмыстың артықшылықтары қатарында толық әлеуметтік топтама, міндетті медициналық сақтандыру, жылына бір рет берілетін сауықтыру демалысы және тұрақты кесте (дүйсенбі-жұма, 08:30-дан 18:00-ге дейін) бар. Жәрмеңке барысында бізге жоғары білімі бар 8 үміткер жазылып үлгерді», – деді маман.
Бұл шара жұмыссыздықпен күресудің және кадр тапшылығын жоюдың тиімді тетігі екенін көрсетті. Халықтың осал топтарына, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға әлеуметтік-құқықтық тұрғыдан қамқорлық жасау – қоғамдық келісім мен құқықтық мемлекет қағидаттарын бекемдей түсері анық.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО