Жастар ресурстық орталығында дәстүрлі жыл сайынғы жастар слёті өтті. Шара жас ұрпақ арасында көшбасшылық қасиеттерді, командалық жұмысты және белсенді азаматтық ұстанымды дамытуға бағытталған. Ұйымдастырушы – қалалық ішкі саясат бөлімі, ал жобаны жүзеге асыруды «Инновациялық білім беру зияткерлік орталығы» қоғамдық бірлестігі қамтамасыз етті. Іс-шараға 80-нен астам жас қатысты – мектеп оқушылары, колледж бен университет студенттері, жастар белсенділері мен көшбасшылары.

Алғашқы минуттардан-ақ қатысушыларды белсенді тарту үшін ойын түріндегі жаттығулар өткізілді. Жоба менеджері Вероника Мин атап өткендей, жастар слёті өзінің басты дәстүріне берік – спикерлермен ашық пікір алмасу форматы сақталғанымен, жыл сайын бағдарлама жаңарып отырады. Бұл әр кездесуге тың идеялар енгізіп, мазмұнын байыта түседі.

Спикерлер қатарында іскерлік жаттықтырушы Евгений Бедыч болды. Ол көпшілік алдында тиімді сөйлеудің қыр-сырымен бөлісіп, аудиторияның назарын аудару, ойды әсерлі жеткізу, сахна алдындағы толқуды жеңу тәсілдері туралы айтты. Оның пікірінше, қазіргі жастар – белсенді, креативті, ізденімпаз және жаңашылдыққа құштар буын.
Қатысушылардың бірі – №17 мектептің аға тәлімгері Анастасия Чванова оқушыларымен бірге келіп, бұл алаңды жаңа білім мен тәжірибе алудың таптырмас мүмкіндігі деп бағалады.

«Осындай іс-шараларда алынған тәжірибе оқушылар үшін де, мен үшін де өте маңызды. Бұл қарым-қатынас жасауға, ойды дұрыс жеткізуге және шығармашылық қабілетті дамытуға мүмкіндік береді»,- деп атап өтті.
Жастар слёті тағы да тәжірибе алмасудың ғана емес, болашақ көшбасшылардың өсу алаңына айналды. Шара жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруда, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуда және жеке әрі кәсіби дамуға жаңа мүмкіндіктер ашуда маңызды рөл атқарды.
Гүлім МҰРАТ,
Суреттерді түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ