11-шағынаудандағы жаңа нысанның жобасы таныстырылды: ашылу мерзімі мен аттракциондар тізімі
Жуырда қала әкімі жанында өткен кеңейтілген кеңесте қалалық мәдениет және демалыс паркінің басшысы Гүлнәр Нүркенова жаңа аттракциондар паркін құру жобасын таныстырып, рудныйлықтар үшін демалыс инфрақұрылымын дамыту жоспарлары туралы айтып берді.
Гүлнәр Нүркенованың айтуынша, жаңа аттракциондар паркі 11-шағын ауданда орналасады. Ол осы жылдың жазында ашылып, қала тұрғындарының мәдени бос уақыты мен отбасылық демалысына арналған заманауи кеңістікке айналады деп күтілуде.
– Бұл жерге басқа да әлеуметтік нысандар салу мүмкіндігін қарастырдық, бірақ өкінішке қарай, ол жерде байланыс кабелі өтіп жатқандықтан, күрделі ғимараттар салуға мүмкіндік жоқ. Сондықтан аттракциондар паркін орналастыру туралы шешім қабылданды, – деді Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко.
Парктің жоспарын әзірлеу кезінде мамандар заманауи қоғамдық кеңістіктерге қойылатын негізгі талаптарды ескерді. Келушілер ағынына, аумақ бойынша қозғалыс ыңғайлылығына, негізгі аймақтардың орналасуына және қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ жобада қажетті инженерлік коммуникацияларды қосу және азаматтардың түрлі санаттары үшін қолжетімділік жағдайларын жасау қарастырылған.
Парк аумағы бірнеше функционалдық аймаққа бөлінеді. Орталық орында негізгі ойын-сауық нысандары орналасатын аттракциондар аймағы болады. Сонымен қатар жобаға кіреберіс аймақтары, демалыс аумағы, сауда орындары, санитарлық аймақтар және әкімшілік-шаруашылық блогы кіреді.
Парктің негізгі кіреберісін Ленин көшесі жағынан ұйымдастыру жоспарлануда. Қосымша өткелдер Орталық әмбебап дүкен (ЦУМ) және №8 мектеп жағынан қарастырылған, бұл келушілерге шағынауданның түрлі бөліктерінен парк аумағына кіруге мүмкіндік береді.
Аумақты абаттандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Аттракциондар арасындағы бос орындар біртіндеп көгалдандырылып, серуендеу мен демалу үшін жайлы орта қалыптастырылады. Бұдан бөлек, жобада болашақта паркті кеңейту және қосымша нысандар орнату үшін пайдаланылуы мүмкін бос аумақтар да қарастырылған.
Жаңа паркте жалпы алғанда түрлі жастағы келушілерге арналған 10 аттракцион орнату жоспарланып отыр.
Ең серпінді нысандардың бірі – «Диско» аттракционы болмақ. Ол иілген рельс жолымен қозғалатын айналмалы дисктен тұрады.
Адреналинды сүйетіндер үшін «Қарақшылар кемесі» аттракционы қызықты болады. Құрылғы алға-артқа теңселіп, біртіндеп қозғалыс ауқымын арттырады.
Тағы бір көрнекті нысан – «Кішкентай Феникс» аттракционы. Жұмыс істеу барысында негізгі орталық осьті айнала қозғалып, жолаушылар отыратын диск көлбеу траекториямен жоғары көтеріледі. Бұл аспанға көтерілу сәтін елестетеді.
Паркте сонымен қатар «Ұшатын кеме» аттракционы пайда болады. Онда кабина орбиталық траектория бойымен 360 градусқа айналады.
Отбасылық демалыс үшін «Жүйрік пойыз» аттракционы қарастырылған. Теміржол құрамы үлгісінде жасалған кабина рельс бойымен шағын биіктіктер мен еңістерден өтеді.
Аттракциондар қатарында айналу мен бағыттаушы бойымен қозғалысты үйлестіретін «Шынжыр», ашық түсті сәндік элементтері бар классикалық балалар каруселі, келушілер кабинаның айналуын өз бетінше басқара алатын танымал «Шыныаяқтар», сондай-ақ жолаушыларға педаль көмегімен кабинаны өздігінен жоғары көтеруге мүмкіндік беретін «Көңілді велосипед» бар.
Сондай-ақ рельссіз жүретін шағын пойыз да көпшілік назарын аудармақ. Ол локомотив пен төрт вагоннан тұрады және электр қуатымен жұмыс істейді. Пойыз келушілерді парк аумағында тасымалдай алады. Оның құрылымы жарықдиодты шамдармен, музыкалық сүйемелдеумен және түтін имитациясымен жабдықталған.
Қазіргі уақытта аттракциондарды дайындау жұмыстары аяқталуға жақын. Кеңесте ұсынылған ақпаратқа сәйкес, жабдықтардың бір бөлігі наурыз айының басында дайын болуы тиіс. Аттракциондарды жасап шығару процесі толығымен наурыздың ортасына қарай аяқталады деп күтілуде.
Аттракциондарды Рудный қаласына жеткізу 10-25 сәуір аралығына жоспарланған. Содан кейін монтаждау және дайындық жұмыстары басталмақ.
Арай АХМЕТ