Жаңа бастама әр буын өкілін кітап төңірегіне жинап, оқығанын ортаға салып, ой бөлісуге мүмкіндік бермек
Біреу кітаптың соңғы бетін жапқан соң ойға шомады. Біреу ішіндегі әсерін біреуге айтқысы келеді. Ал кейде шығарманы оқуға деген ықылас өзгенің әңгімесін тыңдаудан басталады. Рудныйда ашылған «Оқырман клубы» осындай басқосуларға жол ашпақ. Алғашқы кездесуге жиналған қала тұрғындары Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» хикаятын талқылады. Әңгіме барысында шығармадағы оқиғаларға баға беріліп, кейіпкерлердің тағдыры мен адам өміріндегі маңызды құндылықтар сөз болды.
Клубты ашу туралы ой Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Рудный қалалық бірлестігінің төрайымы Қымбат Бірмановаға келген.
«Осыдан төрт-бес ай бұрын Қалалық мемлекеттік тілдегі кітапхана меңгерушісі Гүлбараш Уалиеваға қолқа салдым. Жасөспірімдер бар, орта буын бар, аға буын өкілдері бар. Барлығымыздың басымызды қосатын, бір үлкен сабақтастық болатын дүние – кітаптың құдіретімен бас қосу деген сияқты», – дейді Қымбат Бірманова.
Бұл сөздердің астарында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру әрі ұрпақтар арасындағы байланысты нығайту ниеті жатыр. Өйткені бір шығарманы оқыған адамның ойы мен өмірден көргені оның пікіріне әсер етеді. Ал бір үстел басында әр буын өкілдері жиналғанда, ортақ әңгімеге әркім өз тәжірибесін қосады.
Қымбат Бірманова мен қалалық кітапхана бұған дейін де осындай басқосулар ұйымдастырып келген. Әр айдың соңғы жұмасында өтетін «Дарабоз» зияткерлік ойынына еңбек ардагерлері қатысып, қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрі мен мәдениетіне қатысты сұрақтарға жауап береді. Енді сол жұмыстың қатарына әдеби әңгіме де қосылды.
Клубтың алғашқы отырысына Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» шығармасы таңдалуының себебі бар. Хикаятта тағдырдың түрлі сынағына тап болған адамдардың өмірі суреттеледі. Кейіпкерлердің басынан өткен жағдайлар оқырманды үміт, төзім, адамгершілік және өмірдің қадірі туралы ойлантады.
«Бұл шығарма оқуға жеңіл. Тағдыр тоғыстырған әртүрлі жағдайлар болады өмірдің бұралаң жолдарында. Бұл кітаптан не аламыз, өмірде нені бағалауымыз керек? Осыны талқыладық. Жақсы-жақсы тұшымды ойлар айтылды», – дейді Қымбат Бірманова.
Қатысушылар кейіпкерлердің шешімдеріне үңіліп, оқиғаларға өз көзқарастарымен баға берді. Мұндай әңгіме барысында кітаптағы бір көрініс әр адамға әртүрлі ой салуы мүмкін. Біреу өзі үшін маңызды тұсты байқаса, екіншісі бұрын назар аудармаған мәселеге көңіл бөледі. Клуб ұйымдастырушылары шығарманы талқылауға қатысу үшін оны алдын ала толық оқып келуді міндеттемейді. Өйткені кітапты қолға алуға ниетті болғанымен, оған уақыт таба алмай жүргендер де бар. Ал біреудің әңгімесін тыңдау сол шығарманы оқуға деген ықылас оятуы ықтимал.
«Жалпы, бұл жерде түгел мазмұнын білу қажет жоқ. Кітапқа қызығушылық білдіріп, қолына түсіре алмай жүрген кісі де отырып, сол кітапты оқыса қандай болады деген ойға келуі мүмкін. Бұл да мақсатымыздың бірі», – дейді клуб бастамашысы.
Ұйымдастырушылар кездесулерді тұрақты өткізіп, әр айда жаңа шығарма талқылауды жоспарлап отыр. Келесі кітапты қатысушылардың өздері ұсынады. Әр кездесуді арнайы модератор жүргізеді. Ол әңгіменің жүйелі өрбуіне көмектесіп, қатысушылардың пікір айтуына мүмкіндік береді. Мұнда біреудің көзқарасын міндетті түрде қабылдау талап етілмейді: әркім шығармадан түйгенін өз сөзімен жеткізе алады. Ұйымдастырушылар кітап талқылауын бүгінгі оқырманға жақын форматтармен толықтырғысы келеді.
Клубқа 15 жастан асқан Рудный тұрғындарының барлығы қатыса алады. Кездесулердің нақты күні мен уақыты қатысушылардың ұсыныстары ескеріліп белгіленеді. Әсіресе күндіз жұмыс істейтін адамдардың да келуіне мүмкіндік беру үшін кешкі уақыт қарастырылып отыр.
«Оқырман клубының» алдағы жұмысы осы кездесулерге кімдердің келіп, қандай әңгіме өрбитініне байланысты өрістемек. Ең бастысы, кітап туралы сөйлесуге ықыласты адамдардың бас қосатын жері пайда болды.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО