Бүгін қала әкімдігінде Рудный қаласында шағын және орта бизнесті дамыту тақырыбында брифинг өтті. Іс-шарада Рудный қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Алмат Жилиспаев баяндама жасады.
Мәліметке сәйкес, 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қалада 7557 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,6%-ға көп. Ал биылғы жылдың қаңтар–маусым айларында ШОБ өнімінің көлемі 117,8 млрд теңгені құрап, 21,2%-ға артқан.
«Шағын және орта бизнес – қаланың экономикалық тірегі. Кәсіпкерлер саны мен өндіріс көлемінің өсуі – мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді іске асырудың нәтижесі. Бизнестің белсенділігі артып келеді, бұл оң динамиканы көрсетеді.Рудныйда бизнесті қолдау шаралары жүйелі түрде жүргізіліп, тұрақты бақылауда тұр.», – деді Алмат Аманболұлы.
Оның айтуынша, өткен жылы Кәсіпкерлікті дамытудың кешенді бағдарламасы аясында 141 жоба, ал биылғы жылы 16 жоба қолдау тапқан. Негізгі бағыттар – өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда, көлік және қызмет көрсету салалары.
Сонымен қатар, өңірде «Бәйтерек» холдингі мен «Даму» қоры арқылы жүзеге асырылып жатқан «Өрлеу» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы іске қосылған. Бағдарлама бойынша кәсіпкерлерге жылдық 12,6% мөлшерлемемен 10 жылға дейін несие беріледі.
Қалада 8 әлеуметтік кәсіпкер ресми тізілімге енгізілген. Қазан айының соңына дейін гранттық қаржыландыруға өтінім қабылдау жалғасуда.
Бөлім басшысының айтуынша, биылдың өзінде кәсіпкерлер мен бизнес бастамасы бар азаматтарға 907 кеңес берілген.